Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Жастардың бастамалары

Дата: 01.09.2026 Рубрика: Экология и творчество
7
0
Жастардың бастамалары
Қостанай облысында жастар мен волонтерлердің экологиялық мәдениетін арттыруға, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін күшейтуге және азаматтық белсенділігін дамытуға бағытталған облыстық экологиялық слет өтті.
Ауқымды басқосу облыстың барлық аудан-­қалаларынан жиналған 18-35 жас аралығындағы 80-ге жуық белсенді жасты, волонтерлерді және жастар ресурстық орталықтарының өкілдерін бір алаңға біріктірді. Сондай-ақ слетке Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе және Ақмола облыстарының белсенді жастары қатысып, өңіраралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Слеттің басты ерекшелігі – оның экологиялық тақырыпты тек теориялық тұрғыдан талқылаумен шектелмей, жастардың нақты іс-қимылына басымдық беруінде. Қатысушылар өңірдегі экологиялық мәселелерді талдап, оларды шешуге бағытталған жобалар мен стратегиялар әзірлеп, тәжірибелік жұмыстарға белсенді араласуда. Іс-шараның ашылуында Қостанай облысы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қазез сөз сөйлеп, жастардың өңірдің қоғамдық өміріндегі рөліне тоқталды.
«Бүгінгі таңда Қостанай облысында 210 мыңнан астам жас бар. Бұл – өңірдің дамуына елеулі үлес қоса алатын үлкен күш. Жастардың әлеуетін нақты істерге бағыттау – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Жастарды еңбекпен қамту бағытында да нақты нәтижелер бар. Соңғы бес жылда «Жасыл ел» еңбек жасақтары арқылы 9 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды. Биыл тағы кемінде 1 900 жасты еңбек жасақтарына тарту жоспарланып отыр. Бұның бәрі жастардың еңбекке араласуымен қатар, туған жерді абаттандыруға, көгалдандыруға және қоршаған ортаны қорғауға қосқан елеулі үлесінің көрінісі», – деді Қайрат Қазез.
Шын мәнінде, бүгінгі таңда экологиялық мәдениет ұғымы табиғатты таза ұстаумен ғана шектелмейді. Ол жауапты тұтыну, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу, жасыл желекті көбейту, жануарларға қамқорлық жасау, энергияны үнемдеу, климаттық өзгерістерге бейімделу және қоршаған ортаға ұқыпты қарау сияқты көптеген бағыттарды қамтиды. Осыны ескерген ұйымдастырушылар слет бағдарламасына экологиялық волонтерлік, зооволонтерлік, қалдықтарды қайта өңдеу, көгалдандыру, жаңартылатын энергия көздері және климаттық жобалар бағыттарын енгізген.
Экологиялық лагерь аясындағы бағдарлама да мазмұнға бай. Қатысушылар «Весна» тәлімбағына барып, өңірдің табиғи-­климаттық жағдайына бейімделген жеміс-­жидек пен сәндік өсімдіктердің түрлерімен танысты. Мамандар өсімдіктерді өсіру мен күтіп-­баптаудың ерекшеліктерін түсіндіріп, көгалдандыру ісінің ғылыми және практикалық қырларымен бөлісті.
Жастар «EkoZhas» жобасы аясында Федоров ауданындағы «АгроЭкоХабқа» экскурсия жасап, экологиялық бағыттағы жұмыстармен танысты. Сонымен қатар NECO экоклубының негізін қалаушы Наурызбек Бірмағамбетовпен кездесу өтіп, экологиялық волонтерлікті дамыту, жастардың бастамаларын қолдау және қоршаған ортаға жауапкершілікті арттыру мәселелері талқыланды. Слет қатысушылары «Атамекен 4+» ЖШС-де де болып, қайталама шикізатты жинау, сұрыптау және қайта өңдеу процестерін көрді. Мұндай тәжірибелік экскурсиялар экологиялық мәселелердің өндірістік тұрғыдағы шешімдерін түсінуге жол ашады. Қалдықтарды қайта өңдеудің қалай жүзеге асатынын өз көзімен көрген жастардың күнделікті өмірдегі тұтыну мәдениетіне де жаңаша көзқарас қалыптастырары сөзсіз.
Экологиялық білімді нақты әрекетпен ұштастыру мақсатында слетке қатысушылар жүзге жуық өсімдік отырғызып, аумақты көгалдандыруға өз үлестерін қосты. Бұл – табиғатты қорғау туралы айтылған сөздің нақты іске айналғанының көрінісі. Бірнеше ондаған жастың бірлескен еңбегі арқылы қоршаған ортаға пайдалы іс атқарылып қана қоймай, қатысушылардың өзінде де экологиялық жауапкершілік сезімі нығая түседі.
Слет барысында қатысушылар командалық жұмыстарға қатысып, өңірдегі өзекті экологиялық проблемаларды саралайды. Әр топ анықталған мәселені шешудің тиімді жолдарын ұсынып, нақты стратегия әзірлейді. Мұнда жастардың көшбасшылық қабілеті, шығармашылық ойлауы, командалық жұмыс дағдысы мен жобалық бастамасы сыналады.
Слет қорытындысында үздік экологиялық стратегияны іске асырған топқа кемінде 1 миллион теңге көлемінде сыйақы беріледі. Бұл – жастардың экологиялық идеяларын қолдауға және оларды нақты жобаларға айналдыруға бағытталған маңызды ынталандыру тетігі. Іс-шара «Біз мұнда болған жоқпыз!» экологиялық акциясымен аяқталады. Акцияның өзі табиғатқа жауапкершілікпен қараудың қарапайым әрі маңызды қағидасын білдіреді: адам табиғат аясында болғаннан кейін қоршаған орта бұрынғыдан таза әрі көрікті болуы керек.

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!