Жасыл елдің жастары
Дата: 28.07.2026 Рубрика: Экология и творчество
0
4
0

Жаз мезгілі – жастар үшін тек демалыс уақыты ғана емес, еңбекке араласып, өмірлік тәжірибе жинақтайтын, жаңа орта тауып, өз қабілетін шыңдайтын ерекше кезең.
Осы мақсатта елімізде көп жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы биыл да Меңдіқара ауданында өз жұмысын бастады. Бағдарлама жастарды маусымдық жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың бойында еңбекқорлықты, туған жерге жанашырлықты, жауапкершілік пен патриоттық сезімді қалыптастыруға бағытталған.
Биыл аудан бойынша «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысы 1 шілдеде басталды. Негізгі еңбек маусымы шілде және тамыз айларын қамтиды. Жасақ құрамына 16 мен 35 жас аралығындағы жастар қабылданады. Шілде айында еңбек жасағына 15 жас жұмысқа орналасса, тамыз айында тағы 15 жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Биыл студенттердің жазғы демалысқа толық шығуын ескере отырып, еңбек маусымы шілде айынан ұйымдастырылды.
«Шілде айынан бастаған себебіміз студенттердің барлығы оқуын тәмемдап ауылға кесін дедік. Жастардың белсенділігі биыл да жақсы», – дейді Жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Тұрсынай Дүйсембаева.
Жасақ мүшелері еңбек заңнамасына сәйкес ресми түрде жұмысқа қабылданады. Ай сайынғы еңбекақы көлемі 85 мың теңге болса, міндетті аударымдар ұсталғаннан кейін жастардың қолына 70 мың теңгеден астам қаржы тиеді. Бұл – студенттер мен жұмыссыз жастар үшін жазғы уақытта қосымша табыс тауып, өз еңбегімен ақша табуға берілген жақсы мүмкіндік.
Туған жерді көркейтуге үлес қосуда
Бүгінде еңбек жасағының жастары аудан аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына белсенді атсалысып жүр. Олар көшелер мен қоғамдық орындарды тазалайды, ағаштар мен гүлдерді суарады, көгалдандыру жұмыстарын жүргізеді. Онымен қоса «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы экологиялық іс-шараларға қатысады. Осылайша тілек білдірген жастар туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосып жүр. Жастардың күнделікті еңбегі ауданның санитарлық тазалығын сақтауға ғана емес, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да ықпал етуде.
«Жасыл ел» бағдарламасы бүгінде қарапайым еңбек жасағынан әлдеқайда ауқымды қозғалысқа айналды. Мұнда жастар еңбек етуді, тәртіпке бағынуды, уақытты тиімді пайдалануды, ұжыммен жұмыс істеуді үйренеді. Бағдарлама олардың бойында туған жерге деген сүйіспеншілік, қоғамдық жауапкершілік, өзара сыйластық пен бірлік сияқты маңызды құндылықтарды қалыптастырады. Сондықтан бұл жоба көптеген жастар үшін алғашқы еңбек жолының бастауы саналады.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында аудандық Жастар ресурстық орталығы арнайы мәдени-танымдық бағдарлама әзірлеген. 1-30 шілде аралығында еңбек жасағының мүшелері үшін түрлі қызықты шаралар өткізіліп келеді.
«Біздің жастар тек еңбек етіп қана қоймай, көңіл көтеретін түрші іс-шараларға қатысады. Командалық және интеллектуалдық ойындар ойнап, психологиялық тренингтер мен спорттық жарыстарға қатысады. Түрлі танымдық кездесулерге барып, шығармашылық кештер мен еркін форматтағы пікір алмасуларда өздерін көрсетеді. Мұндай іс-шаралар жастардың бір-бірімен жақынырақ танысып, жаңа достар табуына, ұжымдық рухтың қалыптасуына мүмкіндік береді», – дейді Тұрсынай Дүйсембаева.
Коворкинг – жастардың бас қосатын алаңы
Жастар ресурстық орталығының коворкинг кеңістігі бүгінде еңбек жасағының мүшелері жиі жиналатын орынға айналған. Мұнда жастар еркін жағдайда кездесіп, шай үстінде әңгімелеседі, түрлі тақырыптарды талқылайды, жаңа идеяларымен бөліседі. Осындай бейресми жүздесулер олардың өзара қарым-қатынасын нығайтып, белсенділігін арттыра түсуде. Жастар орталығының мамандары әрбір қатысушының қызығушылығын ескеріп, олардың жазғы уақытын пайдалы әрі есте қаларлықтай өткізуге ерекше көңіл бөліп келеді.
«Біздің мақсатымыз – жастардың бір айлық уақытын барынша тиімді әрі қызықты ұйымдастыру. Олар тек еңбек етіп қана қоймай, жаңа достар тауып, өмірлік тәжірибе жинақтап, жазғы демалысын жақсы естеліктермен аяқтаса дейміз. Сондықтан әрбір жастың көңілінен шығатын орта қалыптастыруға күш салып келеміз», – дейді Тұрсынай Дүйсембаева.
Жастар ресурстық орталығы жүзеге асырып отырған бұл бастама – жастарды жұмыспен қамту мен олардың тұлғалық дамуын қатар үйлестірген тиімді жобалардың бірі. Бүгінде «Жасыл ел» еңбек жасағы көптеген жастар үшін алғашқы жұмыс орнына айналып отыр. Мұнда олар тек жалақы алып қана қоймай, жауапкершілікті сезінуді, қоғамдық ортада жұмыс істеуді, табиғатты аялауды және еңбекке құрметпен қарауды үйренеді.
Жазғы еңбек маусымы әлі де жалғасады. Алдағы уақытта еңбек жасағының қатарына жаңа жастар қосылып, туған өлкені көркейтуге өз үлестерін қоса бермек. Өйткені «Жасыл ел» – тек тазалық акциясы емес, ел болашағына бейжай қарамайтын белсенді, еңбекқор жастардың үлкен мектебі.
Жастардың пікірі қандай?
Көшербаев Сұлтан, Жастар ресурстық орталығының волонтері, студент:– «Жасыл ел» бізге жазғы демалысты бос өткізбей, еңбек етуге мүмкіндік берді. Бір жағынан тәжірибе жинасақ, екінші жағынан өз еңбегімізбен табыс тауып жатырмыз. Ұжымымыз өте ұйымшыл, әр күніміз қызықты өтеді.
Аманай Аманжолов, К.Дөненбаева атындағы Боровской кәсіптік-техникалық колледжінің студенті:
– Біз шілде мен тамыз айларында жұмыс істейміз. Студенттердің толық оқуын аяқтап, жазғы демалысқа шығуын күткеннен кейін еңбек маусымы басталды. Жалақы көлемі 85 мың теңге, міндетті ұсталымдардан кейін 70 мың теңгеден астам қаражат аламыз. Бұл студент үшін үлкен көмек. Ең бастысы – өз еңбегіңмен ақша табудың қадірін түсінесің.
Комментарии






