Табиғатты сүй, тіршілікті қорға. Рудныйдағы экологиялық тәрбиенің үлгісі
Дата: 14.10.2025 Рубрика: Экология и творчество
0
80
0

Қазіргі заманда экологиялық мәселелер адамзат өркениетінің ең өзекті тақырыптарының бірі. Климаттың өзгеруі, табиғи ресурстардың сарқылуы, қоршаған ортаның ластануы сияқты жаһандық проблемалар бүкіл әлемнің назарын экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен тұрақты даму қағидаттарын іске асыруға аударып отыр. Бұл үдеріс, әрине, ең алдымен білім беру жүйесінен бастау алады. Өйткені табиғатты аялауды бала бойына ерте жастан сіңіру – келешек ұрпақтың экологиялық жауапкершілігін арттырудың ең тиімді жолы.
Рудный қаласындағы Бейімбет Майлин атындағы № 7 мектеп-гимназиясы осы бағытта ерекше табыстарға жетіп отырған білім ордаларының бірі. Мектеп бүгінде «Экологиялық құзыреттілік орталығы» мәртебесіне ие. Бұл атақ жай мәртебе емес, табиғатты қорғау ісінде нақты нәтижеге қол жеткізген еңбектің айғағы.
Мектеп ұжымы экологиялық білім мен тәрбиені сабақтастықта жүзеге асырып, оқушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру, экологиялық ойлау мен зерттеушілік қабілеттерін дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
«ЭКО МЕКТЕП» – табиғатқа деген махаббаттан туған қозғалыс
Экологиялық тәрбиенің басты орталығы – «ЭКО МЕКТЕП» үйірмесі. Бұл үйірме 50-ге жуық белсенді оқушыны біріктіріп отыр. Мақсаты – оқушылардың экологиялық сауаттылығын арттыру, шығармашылық және ғылыми-зерттеу қабілеттерін дамыту, қоршаған ортаға деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру.
Үйірме жұмысы бірнеше бағытта жүргізіледі. Қалдық материалдарды қайта өңдеу: пластик, қағаз, мата қалдықтарынан сәндік және қолданбалы бұйымдар жасау; гипстен мүсіндер жасау: оқушылардың көркемдік және дизайнерлік ойлау қабілеттерін дамыту; өсімдіктермен жұмыс: гүл егу, көгалдандыру, шағын экобақ жасау; табиғи сабын дайындау: экологиялық таза ингредиенттер арқылы химиялық және биологиялық процестермен танысу; кристалл өсіру: химиялық тәжірибелер жүргізу арқылы ғылыми зерттеу машықтарын қалыптастыру. Бұл бағыттардың барлығы экологиялық білімді тәжірибе арқылы игеру мен ғылымға деген қызығушылықты арттырудың тиімді жолы.
Жетістіктер мен жеңістер
Үйірме мүшелерінің еңбегі елеусіз қалған емес. Олар жыл сайын түрлі деңгейдегі байқаулар мен конференцияларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Астана қаласында өткен «БҰҰ-2030 Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі менің үлесім» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда Абдрахманова Дильназ бен Саркеева Маншүк ІІ дәрежелі диплом иегері атанды. Олар тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы пайдалы бұйымдар жасаудың тиімді жолдарын ұсынды. «PRO ECO» республикалық байқауында үйірме мүшелері экологиялық жобаларын жоғары деңгейде қорғап, жүлделі орындарға ие болды. Кеңесбеков Ернұр «Үздік Эко-дизайн» сайысында тұрмыстық қалдықтардан жасалған интерьер бұйымы арқылы ІІ орынға қол жеткізді. Бұл жетістіктердің барлығы оқушылардың еңбегімен қатар, ұстаздың бағыттауы мен шабыт беруінің жемісі.
Ұстаздың еңбегі зор
«ЭКО МЕКТЕП» үйірмесінің жетекшісі – Жалдыбаева Гүльфира Шарапбекқызы, жоғары санатты биология пәнінің мұғалімі, тәжірибелі педагог, экология жанашыры. Ол оқушылардың табиғатты аялауға деген сүйіспеншілігін арттырып, экологиялық мәдениет қалыптастыруда қажырлы еңбек етіп келеді.
– Біз табиғатты қорғауға арналған түрлі жобалар дайындап, тұрақты даму идеяларын насихаттап келеміз. Экологиялық көрмелер мен ғылыми байқауларда үздік нәтиже көрсетіп жүрміз. Оқушыларым өз істерін өте жақсы көреді. Кәсіби шеберлік пен шығармашылық көзқарастың арқасында экологиялық білім тек пәндік деңгейде емес, өмір салтына айналып келеді, – дейді ол.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру – әр ұстаздың, әр ата-ананың, әр баланың ортақ борышы. Бейімбет Майлин атындағы № 7 мектеп-гимназиясының «ЭКО МЕКТЕП» үйірмесі дәл осы қағиданы өміршең етіп көрсетіп отыр. Табиғатты қорғау тек ұран емес, өмір заңдылығы. Міне, осы идеяны ұстанған Рудныйдың жас экологтары еліміздің гүлдендіріп, жайқалта түсетініне сенімдіміз.
Бүгінгі таңда № 7 мектеп-гимназиясының тәжірибесі – экологиялық тәрбиенің заманауи және нәтижелі үлгісі. Мұнда оқушылар тек білім алып қана қоймай, оны нақты іс-әрекет арқылы жүзеге асырып, өз ортасында экологиялық мәдениетті насихаттап жүр.
Мұның бәрі де тек бір мектептің жетістігі емес, Рудный қаласының мақтанышы, ал болашақта экологиялық жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеудің сенімді үлгісі.
Суреттер мектептің жеке архивінен алынды Рудный қаласы
Комментарии





