Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Ауылдан шыққан эколог

Дата: 14.10.2025 Рубрика: Экология и творчество
59
0
Ауылдан шыққан эколог
Наурызбек Бірмағамбетовтың бүгінде Қостанай облысының экожобаларын жүзеге асырып жүрген жас кәсіпкер, экобелсенді.
Бала кезінде ол тек оқумен ғана шектелмей, мал шаруашылығына да көмектескен. Су тасу, шөп шабу, жем беру, көң шығару ауылдағы кез келген бала атқаратын жұмыстар. Бірақ бұл жұмыс оның бойында табиғатпен үйлесімді болуды, қалдықты қайта өңдеу, табиғи үдерістерді бақылауды үйретті. Сол тәжірибе кейін оның экожобаларының негізіне айналды.
11-сыныпты бітірген соң, Наурызбек Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтына түсіп, биология пәнінің мұғалімі мамандығын меңгереді. Студент кезінде-ақ қоғамдық белсенділікке араласып, «Ровесник» студенттік отрядының жетекшісі болады. Бұл кезеңде ол көшбасшылық пен жобалық ойлау қабілетін дамытады.
Университетті бітірген соң, ауыл мектебіне мұғалім болып орналасады. Алғашқы ұстаздық жолын Первомайский ауылында бастайды. Осы кезеңде Наурызбек тек білім берумен шектелмей, оқушылармен бірге биологияны тәжірибе арқылы меңгеру, ғылым мен кәсіпкерлікті ұштастыру бағытында жұмыс істей бастайды.
Ізденістерінің нәтижесінде Наурызбек органикалық тыңайтқыш, жылыжай технологиясы, өсімдік шаруашылығы және қалдықтарды қайта өңдеу салаларына терең бойлай бастайды. Ол алғаш рет вермикомпостер деген жаңа ұғыммен танысады, тағам қалдықтарын арнайы құрттар арқылы өңдеу әдісі.
– Өзім биология пәнінің мұғалімімін. Мені бұған алып келген – осы сала бойынша алған білімім мен жинаған тәжірибем. Мектепте жұмыс істеген жылдары органикалық егіншілікпен айналысатын шаруа қожалығы басшысымен таныстым. Сол сәттен бастап егіншілікті, өсімдік шаруашылығын, жылыжай бизнесін зерттей бастадым. Сондай-ақ органикалық тыңайтқыш тақырыбына да қызықтым. Мұның бәрін ғылыми тұрғыдан зерттеп, іс жүзінде қолданғанда білгеніммен бөліскім келді.
2018 жылы Наурызбек ZhasProject жастар жобасына қатысып, экологиялық тыңайтқыштар мен жылыжайда көкөніс өсіру жобасын ұсынады. Жоба сәтті өтіп, қаржыландыруға ие болады. Осы жоба аясында ол вермикомпостер жасауды қолға алады.
Вермикомпостер – бұл пластиктен жасалған, ішінде арнайы құрттар өмір сүретін ыдыс. Құрттар тағам қалдықтарын табиғи тыңайтқышқа биогумусқа айналдырады. Бұл тыңайтқыш өте құнарлы әрі экологиялық таза.
Қазақстанда мұндай технологияны ешкім кең көлемде енгізбеген. Көп жағдайда адамдар тағам қалдықтарын қоқысқа тастайды. Бұл қоқыс полигондарында шіріп, метан бөлінеді, ауаға зиян келеді. Ал вермикомпост арқылы қалдық қайта өңделіп, топыраққа пайда әкеледі. Наурызбектің айтуынша, тағам қалдықтарын қайта өңдеу, әлем бойынша кең тараған экотехнология. Алайда бұл сала Қазақстанда, әсіресе Қостанай облысында, мүлдем жолға қойылмаған.
«Компосттау – әлемде бұрыннан бар нәрсе. Бірақ Қостанай өңірінде бұл іспен айналысатындар жоқ. Ең бастысы, ешкім нақты қалай жасау керектігін көрсетпейді. Теорияны білу аз, халыққа тәжірибесін көрсету керек», – дейді ол.
Қазақстан бойынша, негізінен тек қатты қалдықтар – пластик, шыны, қағаз, металл түрлері ғана жиналып, өңделеді. Ал органикалық қалдықтарды – тамақ қалдығы, жеміс-жидек, көкөніс қалдығы сияқты биологиялық текті қоқысты қайта өңдейтін жүйелі жоба жоқтың қасы.
Оның айтуынша, гидропоника яғни топырақсыз, су арқылы өсімдіктер өсіру технологиясы – Қазақстандағы кейбір мектептерде ғана бар. Бірақ бұл жүйе кеңінен тарамаған. Ал, аквапоника – балық өсіру мен өсімдік шаруашылығын біріктіретін кешенді әдіс мүлде дамымаған.
«Біз болашақта гидропоника мен аквапониканы біріктіреміз деген жоспарымыз бар. Бұл еліміз үшін жаңа бағыт. Ал, Қостанай облысы үшін бұл ерекше, алғашқы жобалардың бірі болмақ», – дейді Наурызбек.
Наурызбектің арманын жүзеге асырудағы келесі қадамы – экохаб. Бұл қала шетінде орналасқан үш үлкен жылыжайдан тұратын экобілім беру орталығы. Бұл жер тек көкөніс өсіретін жер емес, экология, агротехнология, тыңайтқыш жасау, қалдықты өңдеу, аквапоника мен гидропоника сынды бағыттарды үйренетін тәжірибелік алаң.
«Мен білім мен тәжірибені біріктіргім келді. Жастар теорияны оқып қана қоймай, қолымен ұстап, өз көзімен көруі керек. экохаб осы мүмкіндікті береді», – дейді ол.
Жылыжайда жүзге жуық өсімдік түрі, медонос, дәстүрлі көкөністер, сирек кездесетін өсімдіктер, шағын питомниктер өсіріледі. Барлық процесс экоформатта. Химиялық тыңайтқыштар қолданылмайды. Су үнемделеді. Қалдық қайта өңделеді.
«Менің арманым алдағы бес жылда Қостанай облысында 500 велосипед табыстау. Бірақ жай ғана сыйлық емес, әр велосипед артында 30 келіден астам жиналған алюминий банкі, тазаланған табиғат, ең бастысы, тәрбиеленген экосанасы бар бала тұруы керек. Бір бала қоқыс арасынан 30 кг банкі жинаса, оны марапаттау оның санасына ересек кезге дейін әсер етеді. Ол экологияны ешқашан ұмытпайтын болады.», – дейді жоба жетекшісі.
Бұл жоба аясында балалар ата-аналарымен бірге өзен жағаларын тазалап, рұқсат етілмеген демалыс аймақтарындағы қоқысты жинаған. Бастама ұрпақ тәрбиесіне қосылған нақты үлес.
Наурызбектің жобаларының бір ерекшелігі қоғамға пайда әкелу. Жиналған банкілер мен пластик қақпақтар сатылады, ал түскен қаражат ауыр науқас балаларға көмек ретінде жұмсалады. «Қос көмек» жобасы аясында қазірдің өзінде 100 000 теңгеден астам қаражат 5 балаға берілген. Наурызбектің пікірінше, экобелсенділік уақытша тренд болмауы тиіс. Әр азаматтың күнделікті мәдениеті, жауапкершілігі болуы керек.
«Біз қазір климаттық дағдарыстар шегінде тұрмыз. Табиғаттың шыдамы шегіне жетті. Егер біз бүгін әрекет етпесек, ертең бәрі кеш болуы мүмкін», – деп алаңдайды ол.
Қостанай өңірі экологияға көзқарас бейжай емес. Бірақ Наурызбектің айтуынша, әлі де болса ақпарат аз, жобаларға деген сенім төмен, ресурстық қолдау жетіспейді. Дегенмен, өңірдегі жастар рухы, «ЗОЛ 2012» ЖШС, Қостанай қалалық жастар ресурстық орталығы, «Регион 10» іздеу отряды бірі жылыжайды ретке келтіруге көмектесіпті.
Айзере Қыдырбек, оқушы. Суреттер кейіпкердің жеке архивінен алынды.
 

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!