Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

«Таза Қазақстан» – баршаға ортақ міндет

Дата: 07.10.2025 Рубрика: Экология и творчество
66
0
«Таза Қазақстан» – баршаға ортақ міндет
Президент «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасын бекітіп, ел көлемінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен сақтау ісіне басымдық беруді тапсырған болатын.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясында табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау, жасыл аймақтарды көбейту және тұрмыстық қалдықтарды азайту мәселелері кеңінен қолға алынуда. Осы игі істі қолдап, көктемнен бері облыс көлемінде түрлі сенбіліктер, көшет отырғызу акциялары мен абаттандыру шаралары ұйымдастырылып келеді.
Облыс көлемінде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» акциясына мемлекеттік органдардың қызметкерлері, студенттер, жастар ұйымдары мен жергілікті тұрғындар белсенді түрде қатысуда. Қоғамды экологиялық мәдениетке баулып, табиғатқа жанашырлық танытуға бағытталған шара аясында сенбіліктер, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Зияда Бисақалова мұндай бастамалардың маңыздылығын ерекше атап өтті:
– Басты мақсатымыз – еліміздің экологиялық тазалығын сақтау. Бұл ең алдымен болашақ ұрпақ үшін қажет. Табиғатты қорғауға деген жауапкершілікті арттырып, халықты осы іске тарту – біздің міндетіміз. «Таза Қазақстан» аясында қолға алынған жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады. Сондықтан барша тұрғындарды табиғатымызды қорғауға, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырамыз, – деді ол.
Акцияға аясында бұрынғы химиялық зауыттың маңын тазартылды. Жастар бұл күнді тіптен көңілді өткізді десе де болады. Осы акцияға белсенді қатысқандар арасында осыдан он шақты жыл бұрын зейнетке шыққан Шапай Мұсанов та болды. Бұрын өрт қауіпсіздігі саласында қызмет атқарған ол, бүгінде қаладағы емханалардың бірінде электр маманы болып еңбек етуде. Тазалық жұмысына ерекше жауапкершілікпен қараған Шапай аға:
«Бізге жиырма метр аумақты тазарту тапсырылды. Бұйырса, бүгін аяқтаймыз. Жан-жағымыз таза болса, өзімізге де жақсы», – деп көзіндегі от, бойындағы жалынын байқатты.
Сенбілікке жастар ресурстық орталығының өкілдері мен ерікті жастар да белсенді қатысты. Олар өз әрекеттерімен қоғамға үлгі көрсетіп қана қоймай, қатарластары арасында экологиялық мәдениетті насихаттауды көздейді.
AMANAT партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының облыстық филиалының төрайымы Аружан Сәрсенбаева да бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті:
– Президентіміздің бастамасымен ел көлемінде ауқымды жұмыстар қолға алынды. Соның нәтижесінде бірнеше тонна қоқыс жиналып, тал-теректер отырғызылды. Мұндағы мақсат – тек қоршаған ортаны таза ұстау емес, адамдардың санасын да өзгерту. Әрқайсымыз жолда келе жатып, қоқысты жерге емес, арнайы жәшікке тастауға дағдылануымыз қажет, – деді ол.
Облыс көлемінде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» акциясы күннен-күнге кең қанат жайып келеді. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруды мақсат еткен бұл бастамаға еріктілер, жастар ұйымдары мен тұрғындар белсене атсалысуда.
Өткен сенбілік барысында еріктілер Федоров тас жолының бойын тазалап, бірнеше тонна қоқыс арнайы техникалардың көмегімен шығарылды. Жиналған қалдықтар өңдеуге жіберілді. Мұндай шараға қатысқан жастардың бірі Руслана Қарпықова өз ойымен бөлісті:
– Біз мұндай сенбіліктерге жиі қатысамыз. Халықтың санасына тазалықты сіңіру үшін мұндай шаралар жүйелі түрде өткізіліп тұрғаны маңызды. Сонда ғана жастар арасында тазалық мәдениеті орнығады, – дейді ол.
Акцияға қатысушылардың айтуынша, мұндай жұмыстар тек қоршаған ортаны тазарту үшін ғана емес, қоғам санасын өзгертуге де бағытталған. Әрбір азамат қоқысты жерге тастамай, арнайы жәшіктерге салуды әдетке айналдырса, елімізде экологиялық ахуал жақсара түспек.
Экология департаментінің мамандары да бұл бастаманың жалғасын табатынын айтады. Өйткені «Таза Қазақстан» тек бір реттік сенбілік емес, ұзақ мерзімге бағытталған жүйелі жұмыс. Оның негізгі мақсаты – табиғатты аялау, туған жерге қамқорлықпен қарау және болашақ ұрпаққа таза қоршаған орта қалдыру.
Акцияға қатысқан жастар да, еріктілер де алдағы уақытта мұндай игі істерге атсалысуға дайын екендіктерін жеткізді. «Таза Қазақстан» – әрбіріміздің ортақ үйімізге деген жауапкершілікті арттыруға шақыратын үндеу болып отыр.
«Біз еліміздің тазалығы үшін қолдан келгенше үлес қосып жатырмыз. Бұл біздің азаматтық борышымыз деп санаймын», – деді шараға қатысқан белсенді Еркеназ Пернебекқызы.
Қостанайда өткен бұл экологиялық акция – ел ішінде табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыру жолындағы нақты қадамдардың бірі.
Акция облыс көлемінде кең ауқымда өтті. Ұқсас шаралар өңірдің барлық қала және аудандарында ұйымдастырылды. Қостанай, Рудный, Лисаков, Арқалық қалалары мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары көшелерді, аулаларды, өзен-көл жағалауларын және саябақтарды тазартуға белсене қатысты. Бірыңғай бастаманың арқасында облыстың барлық аумағы қамтылып, қостанайлықтардың қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, ортақ мақсат жолында бірігуге әрдайым дайын екені айқындалды – өз өлкесін таза әрі жайлы етуге атсалысу.
Жалпы акцияға 6980 адам қатысып, бірлескен еңбектің нәтижесінде 755 тонна қоқыс жиналды. Оның ішінде – 0,5 тоннасы шыны, 0,8 тоннасы пластик, 0,6 тоннасы резеңке және 0,3 тонна қағаз қайта өңдеуге жіберілді. Тазартылған аумақтың жалпы көлемі 150 гектарды құрады. Қатысушылардың қатарында 2560 мемлекеттік орган қызметкері, 520 волонтер және 3900-ден астам облыс тұрғыны болды. Бұл көрсеткіш облыс халқының экологиялық мәселелерге бейжай қарамайтынын, табиғатқа жанашырлықпен қарайтынын дәлелдейді.
Өткен іс-шара «Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының бір бөлігі ретінде өткізілді. Бағдарламаның басты мақсаты – тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыру, қоршаған ортаны сауықтыру және жасыл аймақтарды көбейту. Қостанай өңірінде өткен акция осы мақсаттардың нақты іске асқанын көрсетті.
Мемлекеттік мекемелер мен қарапайым тұрғындардың, жастар мен зейнеткерлердің бірлесіп жұмылуы қоғамдағы жауапкершіліктің, бірліктің және экологиялық сана-сезімнің артып келе жатқанын аңғартты. Бұл тек сенбілік емес – болашақ ұрпаққа жарқын әрі жасыл әлемді аманат ету жолындағы маңызды қадам. Таза көшелер мен абаттандырылған саябақтар – өңірдің келешегі үшін жасалған игі істің жарқын нәтижесі.

 
 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!