Жазғы демалыс – пайдалы іске жұмсалған уақыт
Дата: 08.07.2025 Рубрика: Экология и творчество
0
695
0

Жазғы демалыс кезінде оқушылар тек тынығып қана қоймай, қоғамға пайдалы істерге де белсенді араласуда. Ел көлемінде іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық бастама аясында мектеп оқушылары өз үйінің аумағын абаттандыру жұмыстарына қатысты.
Бұл экологиялық әрі тәрбиелік мәні зор акцияға жергілікті атқарушы органдар да қолдау білдіріп, тұрғындарға қажетті құрал-жабдықтар – бояу, жаққыштар, білікшелер тегін таратылды. Балалар ата-аналарымен бірге өз аулаларын тазалап, қоршауларын бояп, гүл отырғызып, үйлерінің ауласын көркейтуге атсалысты.
Бұл бастама балалардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, еңбекке баулу, тазалық пен тәртіпке үйрету бағытында тиімді болды. Сонымен қатар оқушылар ата-аналарымен бірлесіп жұмыс істеудің қуанышын сезініп, өз еңбектерінің нәтижесін көріп, шынайы мақтаныш сезімін бастан кешті.
Жаз мезгілінде мектеп жанындағы жазғы демалыс алаңдары да жұмысын жалғастыруда. Бұл алаңдарда арнайы құрылған көгалдандыру және абаттандыру бригадалары еңбек етуде. Оқушылар мектеп ауласындағы гүлзарларды суарып, ағаштар мен өсімдіктерге күтім жасап, арамшөптерді жұлып, тазалық жұмыстарын жүргізуде.
Бұл шаралар балаларға табиғатты аялауды, экологиялық сауаттылықты үйретіп қана қоймай, ұжымдық жұмысқа бейімдеу, жауапкершілік пен ұқыптылықты қалыптастыру бағытында да үлкен рөл атқаруда.
Жазғы демалыс – тек бос уақыт емес, ол – баланың жан-жақты дамуына, еңбекке бейімделуіне және қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауды үйренуіне арналған маңызды кезең. Осындай бастамалар арқылы өскелең ұрпақтың бойында азаматтық сана мен экологиялық мәдениет қалыптасатыны сөзсіз.
Комментарии


