Табиғатта аяла
Дата: 10.06.2025 Рубрика: Экология и творчество
0
526
0

«Парктер шеруі – 2025» акциясы аясында Науырзым ауданының Жамбыл жалпы білім беретін мектебінің 7-сынып оқушылары үшін ерекше мазмұнды іс-шара өтті. Науырзым қорығының экология ағарту бөлімінің мамандары ұйымдастырған «Көктем көркі – Қызғалдақ» атты байқау көктемнің сұлулығын дәріптеп, балаларды табиғатты сүюге шақырды.
Байқаудың мақсаты – жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру, сондай-ақ оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту болатын. Қатысушылар көктем мезгіліндегі ең нәзік гүл – қызғалдақ тақырыбында эссе, сурет, өлең, коллаж және қолөнер бұйымдарын дайындады.
Оқушылар өз еңбектері арқылы қызғалдақтың сұлулығын, табиғаттың нәзіктігін және оны сақтау қажеттігін түрлі қырынан көрсете білді. Кейбір балалар өз жұмыстарында Қызғалдақты қорғау туралы экологиялық үндеу жасаса, енді біреулері көктемгі даланың көркем көріністерін суретпен бейнеледі.
Шығармашылық туындыларды қазылар алқасы әділ бағалап, байқау нәтижесінде жүлделі І және ІІ орын иегерлері бағалы сыйлықтар мен мадақтамаларға ие болды. Қалған қатысушылар да назардан тыс қалмай, алғыс хаттармен және экологиялық танымдық кітапшалармен марапатталды.
Экология мамандары балалардың белсенділігіне жоғары баға беріп, осындай іс-шаралардың табиғатқа деген жауапкершілік сезімін оятуда үлкен рөл атқаратынын атап өтті. Байқау соңында қатысушылар мен ұйымдастырушылар бірге экологиялық серуен жасап, мектеп ауласында қызғалдақтар отырғызу туралы ұсыныс білдірді. Бұл идея мектеп әкімшілігі тарапынан қолдау тауып, келешекте іске асырылатын болды.
«Көктем көркі – Қызғалдақ» байқауы оқушылар үшін таным мен тәрбие алаңы, экологияны сезіну мектебі болды. Табиғатты қорғау тек үлкендердің емес, жас буынның да ортақ ісі екенін дәлелдеген бұл шара өз жалғасын табары сөзсіз.
matla-flowers.com
Комментарии


