Рудный аспанында қалықтаған қазақ үні
Дата: 17.06.2025 Рубрика: Экология и творчество
0
739
0
Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік іс-шара балаларға рухани серпін сыйлады.
Рудный қаласының орталық алаңында Ұлттық домбыра күніне арналған ерекше мәдени мереке – «Күй шеруі» жобасы аясындағы үлкен концерт өтті. Бұл – тек өнер мерекесі ғана емес, қазақ халқының рухын жаңғыртқан, өскелең ұрпаққа бағытталған тағылымды іс-шара болды. Рудный қаласының орталық алаңында алғаш рет 500 домбыраши бір күйде күмбірлете орындады.
Алаңда ұлттық нақыштағы көріністер ерекше сән берді. Сахнаның қарсы бетінде тігілген ұлттық киіз үйге халқымыздың салт-дәстүрі мен өнерін танытатын көрме қойылды. Кеншілер қаласының жастары – 500 домбырашы арнайы қойылым жасап, қазақтың қарлығаш бейнесі бейнеленген суреттегі орынға жайғасып, күй күмбірлетті.
Мерекеге қала тұрғындары, қонақтар, ардагерлер мен жергілікті билік өкілдері қатысты.
Іс-шара «Келіншек» күйімен шымылдығын түрді. Күйді нақышына келтіріп орындаған – «Алтын домбыра» студиясының жас домбырашылары. Аталған студия үш жыл бұрын ашылған. Қазіргі таңда мұнда 200-ден аса бала қазақтың төл аспабының қыр-сырын меңгеріп жүр. Студия жетекшісі Назгүл Абайқызы:
– Бұл – балалар үшін үлкен қуаныш. Қаншама еңбек, дайындықтың нәтижесін көрдік. Үйірмемізге алты жастан бастап қабылдаймыз, – дейді.
Концерт барысында «Жастар биі», «Нәр ағашы», «Ер Тұран», «Балбырауын» секілді күйлер орындалып, көрермендердің зор қошеметіне ие болды. Шара соңында «Менің Отаным» әні шырқалып, ұлттық мереке рухын асқақтатты.
Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанна Жамбыршина:
– Маусым айының 10-ы күні Горняцк кентінде «Киелі домбыра» атты балаларға арналған концерт өтеді. 14 маусымда «Ұлы дала мұрасы» атты байқау ұйымдастырылса, 30 маусымда Қашар кентінде «Мұрагер» ансамблі өнер көрсетеді. Сонымен қатар кітапханаларда әдеби-сазды кештер де жоспарланған, – деді.
Облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Дәмір Қалқаев та бұл бастаманың жастарға әсері зор екенін атап өтті:
– Былтыр бес мыңға жуық домбырашы қатысса, биыл да үлкен қызығушылық байқалуда. Бұл – болашақ ұрпақтың ұлттық құндылықтарға бет бұруының айғағы. Секен Тұрысбектің «Көңіл толқыны» күйінің шыққанына 40 жыл. Осыған орай арнайы іс-шаралар ұйымдастыру да жоспарда бар, – деді ол.
«Күй шеруі» – қазақ үні мен рухының жаңғыруы. Домбыра – ұлттық код, рухани негіз. Бұл мереке арқылы Рудный қаласының жастары домбыраның қадірін терең сезініп, ұлттық өнерге жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік алды.
Рудный қаласы
Комментарии


