«АУЫЛҒА АҢСАРЫМ АУЫП ТҰРАДЫ»
Бұл Германияда тұратын неміс Андрей Гребтің сөзі. Өзі Қазақстанның Жамбыл облысының тумасы.
Андрей Гребпен "ватсап" әлеуметтік желісі арқылы бейнебайланысқа шығып, бірер сұрақ қойдық.
- Ассалаумағалейкум, Андрей! Отбасың аман болар? Жастық шағың туралы, мектепте бірге оқыған достарың туралы бірауыз сөз...
- Аманбыз, өздерің қалайсыңдар? Ел аман ба? Мен қазақ болып кеткен неміспін. Сол ауылдағы қазақтың кемеңгер ұлы Дінмұхаммед Қонаев атындағы орта мектепті 1982 жылы бітірдім. Бізбен бірге оқыған ұл-қыздар қандай еді, шіркін! Сережа, Гүлжан, Гүлсім, Сейіт, Набира, Базарбек, Нағима, Ләззат, Мәскеуде тұратын Сара және басқа да ұл-қыздармен достығымыз әлі күнге үзілген жоқ.
1992 жылы Германияның Виддерн қаласына көшіп келдік. Тарихи отанымыз болғанымен бұл жақтың тыныс-тіршілігіне үйрену қиын болды. Біз келгелі 28 жыл өтті ғой, үйрендік қой әйтеуір.
Мен үлкен жүк көлігін айдаймын. Талай мемлекетте болдым. Қазақтай дана халықты көргенім жоқ. Қазақтың мейірімі, қонақжайлығы, бауырмалдылығы қандай?! Қазір кіндік қаным тамған «Ойық» ауылы түсіме жиі кіреді. Бұрын жылына бір рет барып тұрушы едім, екі жыл болды бара алмадым. Қазір ауылды аңсап жүрмін. 82 жастағы қарт анам қиын-қыстау кезде пана болған сол ауылды, замандастарымды бір көріп кетсем арманым жоқ дейді. Қайдам, үлкен кісі жолға қалай боларын. Ал өзім, Алла қаласа, биыл отбасыммен баруға ниет етіп отырмын. Өмірден өткен жерлестерімнің отбасына барып, жақындарына көңіл айтып, бата қылсақ деймін.
Мұнда түрлі мәдени шараларда, той-думанда қазақтың ұлттық киімін киіп, әнін шырқаймыз. Биін де билейміз. Тіпті кейде үйде жүргенде де киіп жүремін. Мұнда Қазақстаннан келген немістер жиі араласамыз..
Біз осы күнге қазақтың арқасында аман жеттік. Сіздердің жасаған жақсылықтарыңды, қамқорлықтарыңды әркез еске алып, балаларымызға айтып отырамыз.
Дастан Дәуренұлы
Комментарии