Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Қиял әлеміне қанат қаққан жастар

Дата: 29.09.2026 Рубрика: Білім
7
0
Қиял әлеміне қанат қаққан жастар
Қостанайда жас өнерпаздардың шығармашылығын насихаттаған «Қиял әлемінің сиқырлы бояулары!» атты көрме ашылды. Білім мен өнер – адамның жан дүниесін байытып, эстетикалық талғамын қалыптастыратын, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыратын рухани құндылық. Әсіресе, бала кезден өнерге баулу – жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, оның өзіндік ойлау жүйесі мен дүниетанымын қалыптастыруға ықпал етеді.
Осы бағыттағы тағылымды шаралардың бірі – Қостанай қаласындағы облыстық тарихи-­өлкетану музейінің бейнелеу өнері бөлімінің көрме залында өткен «Қиял әлемінің сиқырлы бояулары!» атты көрме. Шара Қостанай облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасының қолдауымен, мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында жұмыс істейтін көркемсурет студиялары шәкірттерінің қатысуымен ұйымдастырылды.
Көрменің негізгі мақсаты – жас суретшілердің шығармашылық еңбегін көпшілікке таныстыру, олардың өз туындыларын көрермен алдында қорғап, пікір алмасу тәжірибесін қалыптастыру. Сонымен қатар балалардың шығармашылық ізденісін ынталандырып, өз еңбегін бағалай білуіне, жетістіктерін саралап, алдағы мақсатын айқындауына мүмкіндік жасау көзделді.
Шараның ашылу салтанатында Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының бөлім басшысы Кенжеғали Бимағанбетов сөз сөйлеп, жас өнерпаздарға сәттілік тіледі. Ол өңірде балалар шығармашылығын қолдаудың маңыздылығына тоқталып, мұндай жобалардың жас ұрпақтың өнерге деген қызығушылығын арттырудағы рөлін атап өтті. Көрме ашылуында Қостанай облыстық тарихи-­өлкетану музейінің бейнелеу өнері бөлімінің көрме залының меңгерушісі С. Калинова, өнер үйірмесінің жетекшісі Айгүл Абайқызы және ата-аналар қауымы атынан А. Оралбаева сөз сөйлеп, жас суретшілерге жылы лебіздерін білдірді.
Шараның мазмұнын музыкалық қойылымдар да толықтырды. Көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында «Жұлдыз» студиясының шәкірті Наталья Эртель мен домбырашылар тобы өнер көрсетіп, әсем музыкалық композицияларын орындады. Көрмеге мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында кескіндеме және сурет салу бағытында білім алып жүрген 4 пен 17 жас аралығындағы балалардың 200-ге жуық шығармасы қойылды. Жас авторлардың еңбектерінен әртүрлі жанрлар мен көркемдік техникаларды меңгеруге деген талпынысы анық байқалады.
Экспозициядан балалардың туған жерге деген сүйіспеншілігі мен қоршаған ортаны өзінше қабылдауы айқын көрінеді. Қазақстанның кең даласы, асқар таулар, табиғат көріністері мен туған өлке бейнесі жас суретшілердің қиялы арқылы әртүрлі бояумен өрнектелген. Көрмеде Қостанай облысының 90 жылдығына арналған шығармалар да ерекше орын алды. Бұл туындылар арқылы жас суретшілер туған өңірдің тарихы мен жетістіктерін өз көзқарастары тұрғысынан бейнелеуге тырысқан. Осы ретте көрме тек балалардың шығармашылық қабілетін танытатын алаң ғана емес, сонымен бірге өлкетану, туған жер тарихын зерделеу және патриоттық тәрбие беру ортасына айналды.
Экспозициядан ұлттық құндылықтарға арналған жұмыстарды да кездестіруге болады. Әсіресе қазақтың ұлттық ою-өрнектері мен дәстүрлі киімдері бейнеленген туындылар жас ұрпақтың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын көрсетеді. Мұндай шығармалар балалардың халықтың мәдени мұрасын танып-­білуіне және оны шығармашылық арқылы жаңғыртуына мүмкіндік береді.
Көрменің білімдік маңызы да осында. Өйткені сурет салу барысында бала тек бейнелеу техникасын меңгеріп қоймайды. Ол түстерді үйлестіруді, композиция құруды, өз ойын бейнелі түрде жеткізуді, көргенін талдауды және өзіндік шешім қабылдауды үйренеді. Ал дайын туындысын көпшілік назарына ұсыну баланың өз еңбегіне жауапкершілікпен қарауына, пікір тыңдап, өз ойын еркін жеткізуіне ықпал етеді. Көрмеге қатысқан жас авторлар үшін бұл – шығармашылық еңбегін кәсіби ортаға жақын жағдайда таныстырудың маңызды тәжірибесі. Көрермендердің пікірін тыңдау арқылы олар өз жұмыстарын сырт көзбен бағалауға, жетістігі мен кемшілігін саралауға мүмкіндік алады. Мұның өзі баланың рефлексия жасау және өзін-өзі бағалау дағдыларын дамытуға жол ашады.
Шараға Қостанай, Рудный қалалары мен Әулиекөл ауданында мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында жұмыс істейтін көркемсурет студияларының шәкірттері қатысты. Жалпы, «Қиял әлемінің сиқырлы бояулары!» көрмесі – балалардың шығармашылық қабілетін танытумен қатар, олардың эстетикалық талғамын, таным көкжиегін, ұлттық құндылықтарға деген құрметін қалыптастыруға бағытталған маңызды мәдени-­білім беру жобасы. Мұндай бастамалар жас ұрпақтың өнерге қызығушылығын арттырып, өз қабілетін еркін танытуына мүмкіндік береді.

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!