Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Жастар шығармашылығының жарқын алаңы

Дата: 30.06.2026 Рубрика: Білгіштер
17
0
Жастар шығармашылығының жарқын алаңы
Жайдарман – жастардың шығармашылық әлеуетін ашып, олардың тапқырлығы мен сахналық шеберлігін шыңдайтын бірегей жоба. Бүгінде бұл ойын әзіл мен өнерді ұштастыратын ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыратын үлкен қозғалысқа айналды.
Жайдарман сахнасы жас буынға өз ойын еркін жеткізуге, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін меңгеруге, актерлік қабілетін дамытуға және қоғамдағы өзекті мәселелерді әзіл арқылы көтеруге мүмкіндік береді. Сондықтан да бұл жоба еліміздің түкпір-­түкпіріндегі талантты жастарды біріктіретін шығармашылық алаң ретінде ерекше маңызға ие.
Жуырда Түркістан қаласында республикалық телевизиялық «Ұлттық лига» Жайдарман ойыны өтті. Бұл – еліміздің әр өңірінен жиналған үздік командалар бақ сынайтын, жайдарманшылар үшін ең мәртебелі әрі жауапты додалардың бірі. Аталған байқауда Арқалық қаласының намысын «Арман» және «Арқалық құрамасы» командалары қорғады. Қос ұжым өз өнерлерінде ұлттық болмыс пен заманауи әзілді үйлестіре отырып, көрермендер мен қазылар алқасының ықыласына бөленді. Сахнада олар тек әзіл айтып қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, жастардың көзқарасын шебер жеткізе білді.
Командалардың әрбір қойылымы тың идеяларымен, өзекті тақырыптарымен және жоғары орындаушылық деңгейімен ерекшеленді. Қатысушылардың актерлік шеберлігі, сахна мәдениеті мен үйлесімді командалық жұмысы олардың кәсіби деңгейін айқын көрсетті. Әзілдердің мазмұндылығы мен тәрбиелік мәні де көрермендердің көңілінен шықты.
Жарыс қорытындысы бойынша «Арман» командасы жоғары нәтиже көрсетіп, жартылай финалдық кезеңге жолдама алды. Бұл – команданың ғана емес, жалпы Арқалық жастарының шығармашылық ізденісі мен табанды еңбегінің жемісі. Жайдармандағы бұл жетістік өңір жастарының шығармашылық әлеуетінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сонымен қатар, бұл нәтиже Арқалық қаласында жастар саясатының жүйелі жүзеге асып жатқанын, мәдени-­шығармашылық бастамаларға қолдау көрсетілетінін аңғартады.
Арқалықтық жайдарманшылардың жетістігі – кейінгі буынға үлгі. Өйткені сахнада шыңдалған жастар ертең қоғамның белсенді мүшесіне айналып, ел дамуына өз үлесін қосары сөзсіз. Жастардың өнері өрге жүзіп, Арқалық командалары алдағы кезеңдерде де жоғары нәтиже көрсетеді деген сенім мол. Ал жартылай финалға жолдама алған «Арман» командасына алдағы сындарда сәттілік пен жаңа жеңістер тілейміз!

 
 
 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!