Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Бас жүлде – Қостанайда

Дата: 01.09.2026 Рубрика: Бери пример!
7
0
Бас жүлде – Қостанайда
Қостанайда 22-ші рет ұйымдастырылған халықаралық ән байқауы өте қызықты өтті. Екі күнге созылған өнер додасының финалында Қазақстанның әр өңірінен және Болгария, Украина, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келген 59 жас әнші бақ сынады. Биылғы байқаудың басты жаңалығы – жеті жыл үзілістен кейін Бас жүлденің қайтадан Қостанайға бұйыруы. Жерлесіміз Ясмин Аюпова өнерімен дараланып, халықаралық байқаудың ең жоғары марапатына ие болды.
Байқаудың ақтық кезеңіне жолдама алған жас әншілер бірнеше жас санаты бойынша сынға түсті. Қатысушылардың вокалдық мүмкіндігімен қатар, сахна мәдениеті, орындаушылық шеберлігі, музыкалық шығарманы жеткізу мәнері мен өзіндік қолтаңбасы бағаланды. Өнерпаздар үшін бұл байқау жеңіске жетудің ғана емес, кәсіби тұрғыдан тәжірибе жинап, өз қабілетін көпшілікке танытудың үлкен мүмкіндігі болды. Байқаудың қорытындысы Қостанай қаласының күніне орай өткен мерекелік шара барысында жарияланды. Жүлдегерлер сахна төріне шақырылып, қалың көрерменнің алдында өнер көрсетті. Әр санатта үздік атанған жас әншілерге лайықты құрмет көрсетіліп, олардың өнердегі жетістіктері атап өтілді.
Кештің басты жеңімпазы – қостанайлық Ясмин Аюпова. Ол байқаудың Бас жүлдесін жеңіп алып, Қостанайдың мерейін асырды. Жеңімпазға арнайы байқау мүсіншесі мен 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов табыс етті. Марапаттан кейін Ясмин өзіне жеңіс сыйлаған «Домбыра» әнін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ұлттық аспапты арқау еткен туындыны жас әнші ерекше сезіммен жеткізіп, кештің әсерлі сәттерінің бірін сыйлады.
Кіші жас тобында Алматыдан келген Омар Қанапия үздік атанып, бірінші орынға ие болды. Ол Алтынбек Қоразбаевтың «Бозторғай» әнін жаңаша нақышта орындап, өзінің вокалдық мүмкіндігін көрсетті. Екінші орын қостанайлық Бақытжан Ерланға бұйырды. Жас әнші Димаш Құдайбергеннің интерпретациясындағы «Самалтау» әнін орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Үшінші орын елордалық Ариела Мощинскаяға берілді.
Орта жас тобында Арқалық қаласының жас дарынды әншісі Нұржайна Таубалды топ жарды. Ол байқау барысында сахна мәдениеті мен орындаушылық шеберлігін жоғары деңгейде көрсетті. Алматыдан келген Алсу Улуханова екінші орынға, Сүлеймен Мұратов үшінші орынға ие болды.
Ересек топтағы бәсеке де тартысты өтті. Бұл санатта Астана қаласының өкілі Жасмина Тілеумбетова жеңімпаз атанды. Қостанайдың намысын қорғаған Наргиз Төкеш екінші орынға лайық деп танылды. Ал Қостанай ауданының Тобыл қаласынан келген жас өнерпаз Әбілмансұр Едрес үшінші орыннан көрінді.
«Профи» тобында да қостанайлық өнерпаздың жұлдызы жанды. Жерлесіміз Мәди Мырзабекұлы кәсіби орындаушылар арасында үздік атанып, бірінші орынға ие болды. Екінші орын Жетісу облысының өкілі Ақжол Серікхановқа бұйырды. Үшінші орынды Болгариядан келген Алекса Карабоев пен Өзбекстан астанасы Ташкенттен келген Аманжол Ескермесов бөлісті.
Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан халықаралық ән байқауы Қостанайдың мәдени өміріндегі айтулы жобалардың біріне айналып отыр. Жыл сайын мұнда еліміздің әр аймағынан талантты жастар жиналып, өнердегі алғашқы үлкен сынақтарын өткереді. Байқаудың басты құндылығы да осында – ол жас таланттарды анықтап қана қоймай, олардың кәсіби сахнаға қадам басуына жол ашады.

 
 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!