Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Өнегелі отбасылар марапатталды

Дата: 04.08.2026 Рубрика: Бери пример!
1
0
  Өнегелі отбасылар марапатталды
Рудный қаласында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңі қорытындыланды. Бұл байқау жыл сайын еліміздің барлық өңірінде өткізіліп, тату-тәтті өмір сүріп, еңбегімен елге үлгі болған отбасыларды дәріптеуді мақсат етеді.
Биыл байқауға Рудный қаласынан бірнеше отбасы қатысты. Олардың қатарында өндіріс саласында еңбек ететін мамандар, көпбалалы жанұялар және қамқорлықтағы балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар болды.
Отбасы – қоғамның тірегі
Қалалық әкімдікте өткен салтанатты марапаттау рәсіміне қала әкімі Виктор Ионенко, кәсіпорын басшылары, ардагерлер, демеушілер және қатысушы отбасылар қатысты. Қала әкімі өз сөзінде отбасының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.
– «Мерейлі отбасы» – жай ғана байқау емес. Бұл – отбасы құндылықтарын дәріптейтін жоба. Біз бүгін өз өмірімен өзгелерге үлгі болып жүрген жанұяларды құрметтеп отырмыз. Осындай еңбекқор әрі ұйымшыл отбасылар еліміздің болашағын нығайтады, – деді Виктор Ионенко.
Байқауға қатысушылар өздері туралы арнайы бейнероликтер ұсынды. Онда әр отбасының өмірі, сүйікті дәстүрлері, ортақ қызығушылықтары мен жетістіктері көрсетілді. Жиналғандар әр жанұяның бірлігі мен сыйластығын көріп, ерекше әсер алды. Қазылар алқасының шешімімен екі отбасы облыстық кезеңге жолдама алды.
Еңбекті қадірлеген Әлиевтер
Жеңімпаздардың бірі – Әлиевтер отбасы. Отағасы Әділбек Әлиев электргаздәнекерлеуші болып 30 жылдан астам еңбек етіп келеді. Ол бүгінде «Руда Качары» кәсіпорнында жұмыс істейді. Әділбек аға еңбекпен қатар спортты да жақсы көреді. Футбол ойнап, салауатты өмір салтын ұстанады. Жұбайымен бірге ұл-қыз тәрбиелеп, бүгінде немерелерінің қызығын көріп отырған бақытты отбасы.
– Біздің басты байлығымыз – ауызбіршілік. Бір-бірімізді қолдап жүргеннің арқасында жеңіске жеттік. Бұл – барлығымыздың ортақ қуанышымыз, – дейді Әділбек Әлиев.
Мейірімі мол Жигулиндер
Байқауда ерекше ықыласқа бөленген тағы бір әулет – Жигулиндер отбасы болды. Сахнаға бірнеше буын болып көтерілген үлкен әулетті көрген көрермендер ұзақ қол соқты. Отбасыға 100 мың теңге көлемінде ақшалай сертификат, бағалы сыйлықтар және балалардың демалуына арналған жолдама табысталды. Әулеттің ерекшелігі отанасы Марина Жигулина жүрек жылуын туған балаларымен қоса, тағдырдың сынына ұшыраған өзгенің баласын да бауырына басқан. Марина Жигулина балаларға қолдау көрсету орталығының әлеуметтік педагогі. Күн сайын ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың тағдырын көру оңай емес екені белгілі. Ойлана келе өзі де бала асрап алуға бел буады. Оңай емес екені бесенеден белгілі ғой. Соған қарамастан осындай шешім қабылдайды.
– Мен бұл балалардың қандай ауыр күйде келетінін күнде көретін едім. Үлкен екі балам есейіп кеткен кез еді. Бірнеше балаға отбасы жылуын сыйласам қалай болар екен деп ойландым. Үлкен екі баламмен ақылдаса отырып, бірге шешім қабылдадық. Олар мені толық қолдады, – дейді Марина Николаевна.
Осылайша 2015 жылдан бері он екі баланы қамқорлығына алған. Қазіргі таңда алты бала өз алдына шаңырақ көтеріп кеткен. Бүгінде үлкен әулетте бірнеше немерелері де өсіп келеді. Марина Николаевна әр баланың тағдыры әртүрлі екенін айтады.
– Әрине, әркімнің пешенесінде жазған тағдыры болады. Менің бауырыма басқан балаларымның да қилы өмірі бар. Ол жайлы ашық сөлесемін. Кез келген отбасында қиындық болып жатады. Бала тәрбиесінде әртүрлі тәсіл керек. Біріне мейірім, біріне талап, енді біріне уақыт қажет. Бірақ ең бастысы олардың жүрегіне жол табу, мейірім беру. Үлкен отбасы болған соң, барлық қиындықты бірге еңсереміз, – дейді ол.
Алда – облыстық кезең
Байқауға қатысқан барлық отбасылар мақтауға тұрарлық. Бірінен бірі асып түсердей үлгілі. Рудный әкімдігі барлығына да бірдей арнайы дипломдар тарту етіп, сыйлықтар табысталды. Биыл қатысушыларды әкімдікпен қатар ірі кәсіпорындар мен демеушілер де қолдап, бағалы сыйлықтар ұсынды.
Енді екі отбасы облыстық кезеңде бақ сынайды. Осындай жанұялар барда қоғамның да іргесі берік, ұрпақ тәрбиесі де сенімді болмақ. Өйткені мемлекеттің қуаты – ең алдымен, шаңырақтың беріктігінен басталады. Осындай ұйымшыл, еңбекқор және мейірімді отбасылар көбейе берсін! Өйткені әрбір бақытты отбасы – еліміздің ең үлкен байлығы, ал ата-ананың жақсы үлгісі – балалар үшін ең маңызды тәрбие.
Айтолқын Әбділда, Рудный қаласы

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!