Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

«Сен үздіксің!»

Дата: 16.06.2026 Рубрика: Бери пример!
5
0
«Сен үздіксің!»
Қостанайда халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздарын марапаттауға арналған дәстүрлі «Сен үздіксің!» салтанатты рәсімі өтті.
Бұл мереке Қостанай облысының зияткерлік әлеуеті елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де жоғары нәтижелер көрсетіп келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Салтанатты жиынның басты мақтаныштары биылғы оқу жылында халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында өңір намысын абыроймен қорғаған дарынды оқушылар. Биыл барлығы 80 жүлдегерге ақшалай сыйақы сертификаттары табысталды. Ал олардың табысқа жетуіне жол ашқан 69 педагог Қостанай облысы әкімінің атынан Алғыс хаттармен марапатталды.
Іс-шара барысында қатысушыларды облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данагүл Сүйіндікова құттықтап, өңірдегі дарынды балаларды қолдау мен олардың зияткерлік әлеуетін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Облыс мақтанышына айналған оқушылардың қатарында дарынды балаларға арналған «Білім-­Инновация» лицей-­интернатының оқушылары Әбдіқадыр Таир мен Өжентай Абзал бар. Олар математика, физика және информатика пәндері бойынша өткен халықаралық Жәутіков олимпиадасында алтын медаль иеленді. Сонымен қатар Таир жуырда ғана әлемдегі ең беделді білім додаларының бірі саналатын XXVI Азия халықаралық физика олимпиадасында қола медаль жеңіп алып, Қазақстан құрамасының қоржынына үлес қосты.
– Мен үшін әр олимпиада – өз мүмкіндіктерімді сынап көруге, жаңа білім алуға және әлемнің түкпір-­түкпірінен келген дарынды жастармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік. Осы жетістіктерім үшін ұстаздарыма, ата-анама және маған әрдайым сенім артқан жандарға алғыс айтамын. Бұл жеңістер мені жаңа белестерді бағындыруға жігерлендіреді, – дейді Әбдіқадыр Таир.
Биыл алғаш рет Жітіқара ауданының Абай атындағы мектеп-­лицейінің оқушысы Тұрғымбаев Кирилл Азия-­Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасында Қостанай облысының намысын қорғап, қола медаль иеленді. Бұл жетістік оған әлемдегі ең беделді жеті халықаралық олимпиаданың бірі саналатын Халықаралық лингвистика олимпиадасында Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетуге мүмкіндік берді.
Өңір қоржыны халықаралық ғылыми жобалар байқауларындағы 10 жүлделі орынмен толықты. Солардың ішінде Қостанай қаласындағы №15 жалпы білім беретін мектептің оқушылары Есмағамбетов Давид пен Ермекұлы Арсеннің жетістігі ерекше аталды. Олар «Ғылым әлемін ашамыз» халықаралық ғарыштық зерттеулер ғылыми жарысында І орынға ие болып, ғылыми ізденістегі жоғары әлеуеттерін дәлелдеді.
Жалпы, биылғы оқу жылында қостанайлық оқушылар халықаралық және республикалық білім додаларында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өңір мерейін үстем етті. Бұл жетістіктер жас буынның білімге деген құштарлығы мен табандылығының, сондай-ақ жүйелі дайындықтың жемісі екені сөзсіз.
Әрбір жеңістің артында шәкірттерінің қабілетін шыңдап, бағыт-­бағдар беріп жүрген ұстаздардың қажырлы еңбегі жатыр. Бірнеше халықаралық және республикалық деңгейдегі жүлдегерлерді дайындаған педагогтердің еңбегі ерекше құрметке лайық. Олардың қатарында «Білім-­Инновация» лицейінің мұғалімдері Ибрахим Қадыр, Шахрухбек Сатилханов, Шухрат Тұрсынов, сондай-ақ «Озат» лицейінің педагогтері Карина Нұғыманова мен Әйгерім Баймағанбетова бар. Сонымен қатар өңірлердегі ұстаздардың да жоғары нәтижелер көрсетіп келе жатқаны қуантады. Дарынды оқушыларды тәрбиелеуге Ұзынкөл ауданындағы Троебрат орта мектебінің мұғалімі Нұрай Жианшенова мен Жітіқара ауданындағы Абай атындағы мектеп-­лицейдің педагогі Марина Бекмұхамедова зор үлес қосты.
«Сен үздіксің!» салтанатты рәсімі білім мен ізденістің, талант пен табандылықтың мерекесіне айналды. Дарынды жастарды қолдау мен ынталандыруға бағытталған мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың ғылым мен білімге деген қызығушылығын арттырып, жаңа жетістіктерге жетелейді. Ал қостанайлық оқушылар мен педагогтердің табыстары өңірдің жарқын болашағын айқындап қана қоймай, Қазақстанның халықаралық білім кеңістігіндегі беделін нығайта түсуде.

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!