Халықаралық ғылыми байқауда топ жарды
10
0

Астана қаласында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өткен «Ғарыштық зерттеулердегі халықаралық ғылыми байқау – Exploring the World of Science» халықаралық ғылыми конкурсы өз мәресіне жетті. Беделді білім додасы жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін танытып, олардың ғарыш саласына деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Байқаудың қорытындылау және марапаттау рәсімі елордадағы №115 жалпы орта білім беретін «Келешек» мектебінде өтті. Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, жас ғалымдарға ізгі тілегін білдірді.
– Қазақстанда ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Жас зерттеушілерді қолдау жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ғылым мен білім – еліміздің стратегиялық басымдықтарының бірі. Сондықтан сіздердің ізденістеріңіз бен еңбектеріңіз мемлекетіміздің жарқын болашағын қалыптастыруға үлкен үлес қосады, – деді министр өз сөзінде.
Халықаралық конкурсқа Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Қытай Халық Республикасы мен Түркиядан 200-ге жуық оқушы мен 20 ғылыми жетекші қатысты. Байқау дарынды жастарды анықтау, ғылыми-зерттеу жұмыстарына ынталандыру, ғарыш саласындағы жетістіктерді насихаттау және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту мақсатында өткізілді.
Үш бағыт бойынша өткен ғылыми сайыстың нәтижесінде жеңімпаздар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдарымен, сондай-ақ алтын, күміс және қола медальдармен марапатталды. Жалпы есепте 22 оқушы І орын, 35 оқушы ІІ орын және 58 оқушы ІІІ орын иеленді.
Аталған байқауда Қостанай облысының намысын қорғаған оқушылар да жоғары нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, Ермекұлы Арсен мен Есмағамбетов Давид «Rocket Science – Model Rocket section» бағыты бойынша үздік өнер көрсетіп, жүлделі І орынға ие болды. Олардың ғылыми жобасы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, халықаралық деңгейде үздік жұмыстардың қатарынан көрінді.
Жас зерттеушілердің бұл жетістігі – олардың білімге деген құштарлығы мен табанды еңбегінің нәтижесі. Сонымен қатар бұл жеңісте жетекшілерінің де үлесі зор. Оқушыларға физика пәнінің мұғалімі С. Т. Маженова мен көркем еңбек пәнінің мұғалімі Е. М. Мурзалин ғылыми бағыт-бағдар беріп, жобаны дайындауға жетекшілік етті.
Халықаралық байқаудағы жеңіс Қостанай өңіріндегі білім беру ұйымдарында ғылыми-зерттеу жұмыстарының жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Осындай жетістіктер жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың болашақта еліміздің ғылыми әлеуетін нығайтуға үлес қосатын білікті маман болып қалыптасуына жол ашады.
Комментарии


