Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Тағылымды әдеби кездесу

Дата: 10.02.2026 Рубрика: Бери пример!
7
0
Тағылымды әдеби кездесу
Қостанай қаласында жас оқырмандарға рухани серпін берген мазмұнды әдеби кеш ұйымдастырылды.
№24 мектеп-­гимназиясының ұйымдастыруымен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Кітап – білім бұлағы» тақырыбында «Ботақан» кітабының авторларымен әдеби кездесу өтті.
Өңіріміздің рухани қорын байытып, оқырманның ыстық ықыласына бөленген «Ботақан» кітабының авторлары – Әбутәліп Әмір, Жанұзақ Аязбекұлы және Заңғар Санай әдеби кештің арнайы қонақтары болды. Кездесу еркін форматта өтіп, авторлар оқушылармен шынайы әңгіме өрбітіп, шығармашылық жолдары, кітап жазудағы мақсаттары мен бала тәрбиесіндегі көркем әдебиеттің маңызы туралы ой бөлісті.
Жазушылар оқушылардың сұрақтарына ашық жауап беріп, кітаптың тек білім көзі ғана емес, тұлға қалыптастыратын рухани тәрбие құралы екенін атап өтті. Әсіресе, баланың ой-өрісін кеңейтіп, сөздік қорын молайтуда кітаптың рөлі ерекше екені кеңінен қозғалды.
Сонымен қатар, әдеби кездесуде «Ботақан» кітабын құрастыруға атсалысқан алқа мүшелері мен өңіріміздің зиялы қауым өкілдері Ақылбек Шаяхмет, Абылай Маудан, Жанна Ерекина, Аслан Қанғожин, Жандос Жүсіпбек, Батырлан Сағынтай, Сауле Елеусізқызы сынды елге белгілі азаматтардың еңбектері зор құрметпен аталып өтті. Олардың руханият жолындағы еңбегі жас буынға үлгі ретінде ұсынылды.
«Компьютер – заман талабы, интернет – уақыттың жемісі. Алайда көркем әдебиетті, кітап оқуды цифрлық кеңістіктің тасасында қалдырмау – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деген мазмұнды ой жиын барысында ерекше мәнге ие болды.
Дана халқымыз «Білімнің бастауы – кітап» деп бекер айтпаған. Әдеби кеш барысында оқушылар «Ботақан» кітабынан алған әсерлерін сахналық көріністер, көркем сөз оқу, ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін ән мен би арқылы әсерлі жеткізе білді. Оқушылардың өнері кештің мазмұнын байытып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Іс-шараға қатысқан қонақтар мен көрермендер сахна төрінде өнер көрсеткен жан-жақты, талантты оқушылардың шығармашылығына жоғары баға беріп, жылы лебіздерін білдірді. Аталған әдеби кездесу жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, рухани құндылықтарды дәріптеуге, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және кітап арқылы тәрбиелеудің маңызын терең түсінуге зор үлес қосты.
 Қостанай қаласы

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!