Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Тілге құрмет – елге құрмет

Дата: 18.11.2025 Рубрика: Бери пример!
23
0
Тілге құрмет – елге құрмет
Біздің арамызда мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері аз емес. Олардың бұл әрекеті көпке үлгі боларлықтай. Қазақ тілін үйреніп, оны өмірінің бір бөлігіне айналдырған азаматтарды көпшілікке үлгі ету, сол арқылы ана тілімізді дәріптеу біздің де мақсатымыз. Ал қазақ тілін үйреніп жүрген жастар көп. Соның бірі, біздің бүгінгі кейіпкеріміз орыс қызы Анель Пимичева.
Анель Қостанай қаласында көпбалалы отбасыда дүниеге келген. Кішкентайынан ата-әжесінің қамқорлығында өскен қыз. Ата-әжесінің кеңесімен ол қазақша балабақшаға барған, ал кейін мемлекеттік тілде білім беретін мектепте оқып, қазақ тілін үйренуді жалғастырған.
«Бастапқыда қазақ тілінде сөйлесу өте қиын болды, әсіресе мазмұндама жазу оңай болған жоқ», – дейді Анель. Бірақ ол табандылық танытып, уақыт өте келе қатарластарына жетіп, тілде сенімді сөйлей бастады.
«Маған көбіне «Қазақ тілін қайдан үйрендің?» деп сұрайды. Ең алдымен қазақша балабақшаға бардым, содан кейін мемлекеттік тілде оқытатын мектепке түстім. Бастапқы жылдары шынымен де қиналдым, бастапқы сыныпта мазмұндамаларды үш баллмен жазатынмын. Бірақ 4–5 сыныптарға келгенде тілді жақсы меңгеріп, машықтанып алдым. Нағашы атам мені қазақ мектебіне берді, себебі «Қазақ тілі болашақта керек болады» деп ойлады. Атамның қолдауы мен үшін өте маңызды болды, ол әрқашан мемлекеттік тілге құрметпен қарайтын», – дейді Анель.
Қазір оның еңбегі жемісін беріп отыр. Қазақ тілін білу арқасында Анель көптеген жетістікке жетті. Қазақстан халқы Ассамблеясы өткізетін іс-шараларға қатысып, еліміздің әр қаласын көріп, саяхат жасау мүмкіндігі туды. Әр қалада достар тауып, жаңа таныстармен байланыс орнатты. Оқу мен жұмыста да қазақ тілінің көмегі өте үлкен: тіл білудің арқасында Анель көпшіліктің құрметіне ие болды.
«Қазақ тілі – тек сөйлесу ғана емес, елді, жерді танып-­білуге мүмкіндік беретін керемет құрал», – дейді Анель.
Анель бұрын «Қостанай» телеарнасында жұмыс істеген. Бүгінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты және Қазақстан халқы Ассамблеясының Астана қаласындағы ғылыми-­сарапшылық топ жанындағы «Жас ғалымдар клубының» тең төрайымы. 2023–2024 жылдары жергілікті телеарнада жарық көрген «Время говорить» бағдарламасын жүргізді. «Время говорить» – ақпараттық-­танымдық жоба. Мақсаты – көрерменді қазақ тілін үйренуге қызықтыру, тілді өмірдің бір бөлшегіне айналдыру. Сол бағдарламаны араға бір жыл салып, биыл жазда қайта жаңғыртуға мүмкіндік алыпты. Оқудан босай сала Қостанайға оралып, демалыста қазақ тілін үйретуге арналған жобаны жалғастырды.
Анель Пимичева – мемлекеттік тілді ерекше сүйетін, оны өзгелерге үйретуді өмірлік мақсат еткен жас маман. Ол бала кезінен қазақ тілінде білім алып, бүгінде оны кеңінен насихаттап жүр.
Анель біраз жыл «Қостанай» телеарнасында қызмет етіп, қазақ тілін үйренуге арналған «Время говорить» атты тележобаны жүргізген. Бұл жоба арқылы ол көрермендерді қазақша сөйлеуге ынталандырып, тілді өмірдің ажырамас бөлігі ретінде көрсетуге тырысқан.
«Биылғы маусымда біз жаңа бағыт таңдадық. Алғашында көп іздендік. Қостанайдың ауылдарында, түрлі ортада қазақ тілін үйреніп жүрген адамдарды көрсету – басты мақсатымыз болды. Осы арқылы “Қазақ тілін қай жерде де, қай жаста да үйренуге болады” деген ойды жеткізгіміз келді», – дейді Анель.
Түсірілімдер өте қызықты өткен. Мысалы, алғашқы бағдарлама ипподромда түсірілген. Кейіпкер – Кира Роот – мақал-­мәтелдерді жатқа айтып, қала тұрғындарымен бірге шағын сауалнамаға қатысқан. Келесі бөлімде жоба тобы қазақтың ұлттық қолөнерін насихаттауға бағыт алған. Кейіпкер – Қостанайдың белгілі қолөнершісі Ибагүл Барсақпаева. Ол киізден ерекше суреттер жасап, 60 жасында қазақ тілін үйренуді бастаған.
«Бір кездері мен «Сөйле» клубында сабақ бергенде Ибагүл апай менің оқушым болды. Ал бүгінде ол өзі тілдің жанашырына айналды», – дейді Анель ризашылықпен.
Анель қазақ тілінде еркін, таза сөйлейді. Тіпті кейде оның өзге этнос өкілі екенін тек түрінен ғана аңғаруға болады. Ал сөзі – нағыз қазақша! Ол үшін тіл – тек қарым-­қатынас құралы емес, елге деген сүйіспеншіліктің белгісі.
«Әр бастама жүректен шыққанда ғана өз жемісін береді. Тілді үйрету де, елге қызмет ету де – ең алдымен ниет пен табандылықтан басталады. Қазақ тілін үйренемін деген жанға мүмкіндік көп. Тек сенім мен тұрақтылық керек. Армандарыңызға қарай батыл қадам жасаңыз! Себебі әрбір кішкентай іс – үлкен өзгерістің бастауы», – дейді ол.
Анельдің қазақ тілін үйреніп қана қоймай, оны сүйіп, өзгелерге де үйретуі – нағыз азаматтық үлгі. Мұндай жастар көп болса, қазақ тілінің келешегі бұдан да жарқын болары сөзсіз.
Айсара Серік, оқушы

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!