Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Тәрбие басы – тал бесік

Дата: 14.10.2025 Рубрика: Бери пример!
59
0
Тәрбие басы – тал бесік
Ұстаздық өмірлік мисся десе де болар. Ол зейнетке шығып, қарт болса да ұстаздығынан танбай, айналасына білгенін өмір бойы үйретумен жүреді.
Жақында бүлдіршіндірмен бірге билеп, сахна сыртында оларға қимыл-қозғалыстарын көрсетіп тұрған биші атаның видеосы желіде кең тарады. Жасы келсе де шаршамайтын, жұмысына жан-тәнімен берілген қария бірден көпшіліктің көзайымына айналды. Әлеуметтік желіде тараған видеоны алғашында өзі көрмеген де екен.
«Жағдайым жаман емес. Қоянды деген ауылға көшіп келіп, тып тыныш өмір сүріп жатыр едім, ауылдағы «Болашақ» деген жеке меншік мектеп пен мәдениет үйі жұмыс істеп көріңізші дегесін, балаларын дайындап жүр едім, бір конкурсқа барғанда біреулер сыртымнан түсіріп, ата-аналар өтініш айтқаннан кейін, балаларды сүйреп, «Таңшолпан» бағдарламасына барып бір екі каналға түсіп, тіпті ыңғайсыз жағдайда жүрмін. Жас болсам бір сәрі, 76 келіп, елдің алдында мынадай жағдайды бастан кешіру қиындау болып тұр», – деп өзі де аң-таң болып жатқанын жасырмады атамыз. 76 жастағы хореограф ұстаз Ерсін Жүсіпов қазіргі егде жасына қарамай да қызмет етіп келеді.
«Негізі, жас кезімде Ауыл шаруашылығы техникумында білім алдым. Алғаш рет сол жерде жүргенде биге қатысып, әртүрлі конкурстарға бардым. Ал, ауыл мектебіне мұғалім болып келгенде тегін үйірме ашып, балаларға би үйретіп, конкурстарға қатысып жүрдік. Бірде аудандық жарыста көзге түсіп, ары қарай облысқа шықтық. Содан мені ауданның Мәдениет үйіне жұмысқа жіберген еді», – дейді жастық шағын еске алған ол.
Атамыз 1949 жылы Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Байғабыл ауылында дүниеге келген. Сол жерде 8 жылдық мектепті бітіріп, Амангелді ауданының орталығында 9–10 сыныпты оқыпты.
«Би билеу қабілетім бар екенін ол кезде білген жоқпын», – деп еске алады ақсақал. – «Бала күнімнен әртіс болуды армандайтынмын. Алайда үлкендер бұл арманымды құптай қоймады. Сөйтіп мектеп бітірген соң Қостанайдағы Ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, үш жыл оқып, ветеринар мамандығын алып шықтым. Техникумда оқып жүргенде жетекшімізге би үйірмесіне ұлдар керек болып, бізді жинап алды. Бастапқыда қорыққаннан ғана биледік. Бірақ уақыт өте келе би өнеріне қызығушылығым оянып, өзім де ынтамен қатыса бастадым. Оқуымды аяқтаған соң Амангелді ауданындағы бір совхозда веттехник болып еңбек жолымды бастадым. Сол ауылда жүргенде аудандық бір жарысқа қатысып, өнер көрсеттім. Биім ұнап қалса керек, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы мені мәдениет саласына жұмысқа шақырды. Осылайша бірнеше жыл сол бөлімде еңбек еттім. Балаларды би жарыстарына дайындап, түрлі шараларға апарып жүрдім. Бірде, сол кездегі Торғай облысында жоғары қызмет атқарған Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз Арқалық қаласының бишісі екеумізді шақырып алып: «Торғай жігіттерінің биін дайындаңдар», – деп тапсырма берді. Біз үш ай бойы дайындалып, облыс атынан фестивальге қатысып, өнерімізді ортаға салдық» – дейді Ерсін аға.
Ол өмірінің әр кезеңінде би өнерінен алыстап кетпей, керісінше, оны өмірінің мәніне айналдырған жан. Ең қызығы, бұл жол биік сахнадан емес, мектеп қабырғасынан басталған еді.
Әскердегі борышын өтеп келген соң Қостанай педагогикалық институтының химия-биология факультетіне түсіп, білім алған. Оқуын аяқтаған соң туған ауылына оралып, ұстаздық қызметке кіріскен. Бірақ жүрегі би деп соқты. Сабақтан тыс уақытта кішкентай балаларға би үйретуді қолға алады.
Сол кездері өмірге тұңғыш қызы келіп, қызы екінші сыныпқа өткеннен бастап екеуі бірге билей бастайды.
«Амангелді ауданында қызым екеумізден басқа биші болған жоқ. Концертке шақырса, екеуміз екі-үш би дайындап апаратынбыз. Қазақстанның түкпір-түкпірін бірге араладық. Екеуміз үшін бұл ең бақытты шақтар болды», – дейді ол.
Бірақ уақыт өз дегенін жасайды. Қызы бесінші сыныпқа өткенде: «Әке, енді сенімен билемеймін, қыздармен билеймін», – деп, мектептегі би үйірмесіне ауысады. Сол сәттен бастап әке енді өзі билемей, тек шәкірт тәрбиелеуге бет бұрады.
Кейін отбасымен Арқалық қаласына қоныс аударады. Мұнда да би өнерін бағалайтындар оны бірден танып, жұмысқа шақырады. Мектепке барғанында директор: «Бізге химия-биология пәнінің мұғалімі емес, ырғақ сабағынан беретін маман керек. Үйірме ашыңыз», – деп ұсыныс білдіреді. Бұл ұсыныстан кейін мәдениет саласы да назар аударады. Арқалық қалалық мәдениет сарайы жұмысқа шақырып, ол мұнда да балалармен жұмысын жалғастырады.
1997 жылы мәдениет сарайында «Ақбота» ансамблін құрып, бірнеше жыл ішінде оны облыстық деңгейдегі ұжымға айналдырады. 2004 жылы ансамбльге «Халық би ансамблі» атағы берілді. Ал 2005 жылы өзі «Мәдениет қайраткері» құрметті атағына ие болды. 2012 жылы ұжымды өз қолымен тәрбиелеген шәкірттеріне табыстап, зейнетке шықты.
Алайда шығармашыл жанның зейнеті – демалыс емес. Арқалықтан Астана іргесіндегі Қоянды ауылына қоныс аударған соң да, өнерден қол үзбейді. Мұндағы ауылдық клуб пен елордадағы «Болашақ» өнер-спорт мектебі оны хореограф ретінде қызметке шақырады. Қазір 76 жаста болса да, түрлі жастағы балаларға би үйретіп жүр.
«Жұмысқа келіп, балалармен билегенде, бүкіл шаршауымды ұмытып кетемін. Таяқ ұстаған емеспін, денсаулығым – осы бимен келген нығмет. Концерттен кейін балалардың қуанышын көру – мен үшін ең үлкен марапат. Құдайға шүкір, сол сәттердің куәсі болып жүргеніме», – дейді ақсақал тебірене.
Ол үшін би – жай өнер ғана емес. Ол – тәрбие құралы, жанның емшісі, өмірдің мәні. Міне, бимен біте қайнасқан ғұмырдың бір үзігі осылай сыр шертеді.

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!