Спорт – ауыл жастарын біріктірді
Дата: 02.09.2025 Рубрика: Бери пример!
0
64
0

Торғайда Алаш арысы, ұлт қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған ерекше іс-шара өтті. Ол «Жүрегімнің дүрсілі – Торғай» деп аталып, этно-реалити жобасы аясында түрлі жарыстар ұйымдастырылды.
Жарысқа мектеп оқушылары, студенттер, ауылдың белсенді жастары мен түрлі салада еңбек етіп жүрген жігіттер мен қыздар қатысты. Олар ұлттық спорт пен ұлттық ойындарда бақтарын сынады.
Бірінші күні әуесқой спортшылар садақ атып, мергендіктерін көрсетті. Зияткерлік ойында білімдерін сынап, ал волейболдан өткен тартысты матч көрермендердің көңілін көтерді.
Іс-шараны ұйымдастырушы Марғұлан Бәкір:
«Бұл жобаның мақсаты – ауыл жастарын біріктіріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Сонымен қатар, жастарды спортқа, салауатты өмір салтына шақыру», – деді.
Екінші күні боз кілемде балуандар белдесті. Көрермендер жарты күн бойы қызықты белдесулерді тамашалады. Түстен кейін балалар мен жастар арқан тартыс, қой көтеру сияқты ұлттық ойындарға қатысып, өз күштерін байқап көрді.
Сонымен қатар, аудан еріктілері «Тазалықты өзіңнен баста» атты экологиялық акция ұйымдастырып, ауылды бірге тазалады. Мерекелік шара соңында жеңімпаздар марапатталды. Жастар мен қонақтар аудан мен облысқа танымал әнші-күйшілердің концертін тамашалап, думанды кешке куә болды.
Комментарии


