Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Демалысты біліммен ұштастырып

Дата: 12.08.2025 Рубрика: Бери пример!
57
0
Демалысты біліммен ұштастырып
Жаз – күннің шуағымен бірге баланың қиялына қанат бітіретін керемет мезгіл. Әсіресе, жазғы лагерьлер – балалар үшін шаттық пен шабыттың мекені. Қостанай қаласындағы “Жас Ұлан” балалар мен жасөспірімдер орталығының жанынан ұйымдастырылған “Жаз-Bala Quest” жазғы сауықтыру лагерінің III ауысымында ерекше бір әсерлі күн өтті. Бұл күні балалар “Балалық шақтың түрлі түсті әлемі” атты экологиялық картинкалар байқауына қатысып, өз шығармашылықтарын көпшілікке көрсетті.
Бұл байқауды “Кескіндеме және графика” үйірмесі ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты – балалардың өнерге деген қызығушылығын ояту, табиғатты аялауға тәрбиелеу және қайта өңделетін заттарды кәдеге жаратуға үйрету. Байқау барысында балалар түрлі-түсті бөтелке қақпақтарын пайдаланып, әдемі аппликациялық суреттер жасады. Әр жұмыс – балалық армандар мен табиғатқа деген сүйіспеншіліктің бейнесіндей әсер қалдырды. Қарапайым қақпақтардан жасалған туындылар тек көркем емес, тәрбиелік мағынаға да толы болды.
Байқауға қала мектептерінің жанынан құрылған жазғы лагерьлердің оқушылары қатысты. Әр мектептен үш оқушы қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Байқау қорытындысы бойынша: І орын – Ы.Алтынсарин атындағы гимназия, ІІ орын – Ш.Уәлиханов атындағы ЖББМ, ІІІ орын – А.Байтұрсынов атындағы бастауыш гимназия иеленді. Қалған қатысушылар әртүрлі номинациялар бойынша марапатталып, алғыс хаттармен қуантылды.
“Жаз-Bala Quest” лагерінің III ауысымында 25-30 бала демалуда. Мұндағы әр күн балалар үшін жаңа қызық пен қуанышқа толы. Таңғы жаттығудан басталатын күн, сергітетін ойындармен, шығармашылық үйірмелермен, зияткерлік сайыстармен және көңілді кештермен жалғасады.
Балалардың сүйікті орындарының бірі – бассейн. Күннің аптап ыстығында салқын суға шомылып, ойнау – балалар үшін ерекше қуаныш. Бұл жерде олар бір-бірімен достасып, бірге күлкіге, ойынға, естеліктерге толы сәттерді бөліседі.
Лагерьде балалар тек демалмай, көп нәрсені үйренеді. Олар – достықтың қадірін, тәртіп пен ұйымшылдықты, жауапкершілік пен өзара көмектесуді бойына сіңіреді. Мұның бәрі тәжірибелі тәлімгерлер мен тәрбиешілердің ұйытқы болуымен жүзеге асып отыр.
Осындай шығармашылық байқаулар мен тәрбиелік іс-шаралар балаларға табиғаттың әсемдігін терең сезінуге мүмкіндік береді. Қалдықтарды қайта пайдалану арқылы көркем туынды жасау – экологиялық тәрбиенің тамаша үлгісі.
“Жаз-Bala Quest” – жай ғана лагерь емес. Бұл – балалық шақтың шуақты сәттерімен көмкерілген, шығармашылық пен достық, таным мен тәрбие, күлкі мен қуанышқа толы ерекше әлем. Бұл әлем әр балаға ұмытылмас әсер сыйлап, болашаққа деген сенімін нығайтады. Балалық шақ – бояуы қанық керемет сурет секілді. Ал осындай лагерьлер – сол суреттің ең жарқын бояуларының бірі.
«Мобилография» үйірме жетекшісі:
Нұрайлым Мұхидинқызы

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!