Мемлекеттік тілді жүрегімен меңгерген Севда
Дата: 22.07.2025 Рубрика: Бери пример!
0
62
0

Мемлекеттік тілді меңгеру – бұл тек сөздік қор жинау емес, бұл – елге, жерге, мәдениетке деген құрметтің көрінісі. Бұл жолда өзге ұлт өкілдерінің де белсенділік танытып, қазақ тілін жетік меңгеріп жүргені – еліміздегі ынтымақ пен бірліктің айғағы.
Солардың бірі – Қарабалық ауданы, Бөрлі ауылының тұрғыны Хамдиева Севда Жаббаровна. Түрік ұлтының өкілі болса да, мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, бүгінде оны өзгелерге үйретуге дайын жас маман ретінде танылып отыр.
Биыл ғана Қостанай педагогикалық колледжін аяқтаған Севда М.Горький атындағы мектепке бастауыш сынып мұғалімі ретінде жұмысқа орналасуда. Бұл – оның көптен күткен арманы. Ол бала кезінен-ақ ұстаз болуды мақсат тұтып, тіл үйренуге ерекше көңіл бөлген. Қазақ тілін еркін меңгерген Севда оқушы кезінен-ақ мемлекеттік тіл байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген.
«Қазақ тілі – менің өмірімдегі жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан тіл. Бұл – менің Отанымдағы қоғаммен толық араласуыма, білім алуыма, өз арманыма жетуіме себепші болған тіл», – дейді ол.
Тілге құрмет – отбасынан
Севданың отбасы – Жамбыл облысынан Бөрлі ауылына қоныс аударған еңбекқор жандар. Әкесі мен анасы ауылда кәсіппен айналысып, мал шаруашылығы мен жеміс дүкенін қатар жүргізуде. Ең қуаныштысы – отбасындағы барша мүшесі мемлекеттік тілді меңгерген.
«Қазақ ауылына келгенімізде бізді жылы қарсы алды. Тіл үйренуге тырыстық. Қазақша сөйлеу арқылы адамдармен тез тіл табыстық, бұл бізге тек пайда әкелді», – дейді Севданың анасы.
Тіл – мүмкіндік
Севда өз сөзінде мемлекеттік тілді білу – жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын, тілді меңгеру арқылы адамның көкжиегі кеңейетінін ерекше атап өтеді. Бүгінде ол ауыл балаларына бастауыш сыныпта білім беріп қана қоймай, тілге деген сүйіспеншілікті де дарытуды мақсат тұтады.
«Мен болашақта жоғары білім алып, қазақ тілінде еркін сабақ беретін білікті маман болғым келеді. Мемлекеттік тілді білу – бұл тек парыз емес, бұл — менің таңдауым», – дейді жас маман.
Севда Хамдиева – мемлекеттік тілді меңгеріп, өзге ұлт өкілдеріне үлгі болып жүрген жастардың бірі. Оның мысалы – еліміздегі ұлттар арасындағы татулықтың, достықтың және бірлік пен білімге деген ұмтылыстың жарқын көрінісі.
Комментарии


