Қазақ тілін өз ана тіліндей меңгерген
Дата: 22.07.2025 Рубрика: Бери пример!
0
116
0

Гильманова Фаризат Александровна – Қарабалық кентіндегі халыққа таныс әрі жылы жүзді сатушылардың бірі. Ол «Максим» дүкенінде қызмет етеді. Ұлты – татар. Алайда қазақ тілін өз ана тіліндей еркін меңгерген жандардың қатарында.
Фаризат күнделікті жұмысында тұтынушылармен қазақша сөйлесіп, әркімнің сұрағына жылы жауап беріп, халықтың алғысына бөленіп жүр. Сауда қызметкері болу – жауапты іс. Адаммен қарым-қатынас жасауда тіл – басты құрал. Ал Фаризаттың қос тілді жетік меңгеруі – оның кәсібіне үлкен көмек.
«Дүкенге түрлі жастағы, әр ұлт өкілдері келеді. Кейбір үлкен кісілер қазақша сөйлейді. Оларға түсінікті жауап беріп, өз тілінде қызмет көрсету – мен үшін де қуаныш. Сондықтан да мемлекеттік тілді білу – тек қажеттілік емес, құрмет», – дейді Фаризат.
Фаризаттың айтуынша, қазақ тілі – адамдармен тез тіл табысуға, сенім орнатуға үлкен ықпал етеді. Қарапайым күнделікті тіршілік барысында кез келген азаматқа жылы сөйлеп, қажетті тауарды тауып беріп, жай ғана жақсы көңіл-күй сыйлау – үлкен іс.
Ол дүкенде жұмыс істей жүріп, түрлі адамдармен араласу арқылы қазақ тілін жетік меңгеріп шыққан. Бүгінде дүкенге келетіндер арасында Фаризатты қазақша сөйлейтін сатушы ретінде жақсы таниды.
Фаризаттың алдағы жоспары – көлік жүргізуді үйрену. Бұл арманын да жүзеге асыруға ұмтылып жүр. Жасынан еңбекке ерте араласқан, көпшілікпен етене қызмет атқарып жүрген ол мақсат қойса – оған жетпей тынбайды.
«Қазақ тілі маған тек жұмыс емес, өмірлік жолымды да жеңілдетті. Енді көлік жүргізуді үйреніп, өз ісімді де бастағым келеді», – дейді еңбекқор сатушы.
Гильманова Фаризат – қарапайым еңбек адамы. Бірақ оның мемлекеттік тілге деген құрметі, үйренуге деген ықыласы – өзгелерге үлгі боларлық іс. Ол дәлелдегендей, мемлекеттік тілді білу – кәсіби дамуға, адамдармен араласуға, қоғамға сіңісуге жол ашады.
Комментарии


