Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Қазақ тілін Мәскеуде меңгерген қазақ баласы

Дата: 22.07.2025 Рубрика: Бери пример!
135
0
Қазақ тілін Мәскеуде  меңгерген қазақ баласы
Мемлекеттік тілдің ұлтаралық қатынас тіліне айналып, қоғамда қолданылу аясын кеңейту – еліміздегі тіл саясатының басты міндеттерінің бірі. Бұл бағытта бүгінде республика көлемінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Олардың қатарында – тілдерді оқыту курстары, түрлі деңгейдегі сөйлесу клубтары, мемлекеттік тілді меңгерген жастар арасындағы байқаулар бар. Мұның барлығы тілдің қоғамдық мәртебесін арттырып, оның қолданыс аясын кеңейтуге ықпал етеді.
Алайда бұл салада жүргізілетін жұмыстардың нәтижелі болуы – бірінші кезекте тіл үйренушінің жеке ниеті мен мотивациясына, сондай-ақ қалыптасқан тілдік ортаға тікелей байланысты. Бұл тұжырымды өмірмен дәлелдеген жастар да бар. Солардың бірі – Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы, Тимирязев ауылында дүниеге келген, ұлты украин – Макеев Максим Сергеевич.
2000 жылы дүниеге келген Максим мектепті аяқтаған соң, Көкшетау техникалық институтына оқуға түседі. Білім ордасында үздік нәтижелер көрсетіп, таңдаулы курсант ретінде Мәскеу қаласындағы Ресей ТЖМ Мемлекеттік өртке қарсы қызмет академиясына оқуға жіберіледі. Онда ол бес жыл бойы кәсіби дайындықтан өтіп, өртке қарсы қызметтің барлық қыр-сырын меңгереді.
Қазіргі таңда ол Қарабалық аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде аға анықтаушы, азаматтық қорғау аға лейтенанты шенінде қызмет атқарып келеді. Ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген жас офицер – Отан алдындағы парызын адал атқаруға бекінген жандардың бірі.
Максим үшін мемлекеттік тілді меңгерудің нағыз мектебі – Мәскеуде бірге оқыған курсант достары болған. Ол өзі де бұл жағдайға таңдана еске алады. Себебі сол жақта жүріп, айналасындағы курсанттардың барлығы өзара қазақ тілінде сөйлескен. Бастапқыда түсінуге тырысып жүрсе, кейін белсенді араласу арқылы сөздік қорын дамытып, қазақ тілін жүйелі әрі еркін меңгеріп шығады.
«Жолдастарым менің қызығушылығымды байқап, қолдау көрсетті. Бастапқыда ұялып, кей сөздерді дұрыс айта алмасам да, ешкім мазақ еткен жоқ. Керісінше, көмектесті. Осы қолдау мен сенім мені алға жетеледі», – дейді Максим.
Бүгінде ол ресми құжаттарды мемлекеттік тілде еркін жазады, халықпен ана тілімізде сөйлесіп, кәсіби міндетін толыққанды орындай алады.
Көп жағдайда тіл меңгергісі келетін азаматтардың ең үлкен уайымы – қазақтың төл дыбыстарын дұрыс айта алмау, қате сөйлеп, күлкіге қалам ба деген қорқыныш. Ал мұндай үрей – тіл үйренуге деген құлшынысты жоятыны белгілі.
Қоғамда тіл үйренуге ниетті азаматтарға қатысты сын көзбен қарау, «неге қолдау көрсетуіміз керек?» деген пікірлер де кездеседі. Бұл, әрине, дұрыс ұстаным емес. Қолдауға зәру талапты жастың бетінен қақпай, белін буып жіберу – біздің ортақ парызымыз. Тілді үйренуге бет алған әр адам – ұлттың ортақ рухани кеңістігін кеңейтетін тұлға.
Максим Сергеевичтің мысалы – мемлекеттік тілді меңгеруге деген ниет пен еңбек болса, нәтиже міндетті түрде болатынын көрсететін жарқын мысал. Ол тек тілді меңгеріп қана қойған жоқ, бүгінде мемлекеттік қызметте қазақша еркін сөйлейтін, кәсіби әрі рухани тұрғыда толысқан азамат ретінде танылып отыр.
Оның арманы – ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етіп, кәсіби міндетін адал орындап, Отан алдындағы парызын абыроймен атқару. Біз де Максимдей ұлтжанды жастардың көбейе түсуіне тілектеспіз. 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!