Қазақстандық оқушылар бақ сынады
Дата: 01.07.2025 Рубрика: Бери пример!
0
83
0

Болгария астанасы София қаласында өткен Физикадан Еуропа олимпиадасына (EuPhO-2025) Қазақстанның дарынды оқушылары қатысып, ел намысын қорғады. Аталған халықаралық білім бәйгесіне 39 елден 200-ден астам үздік оқушы жиналды.
EuPhO – физикаға, ғылым мен танымға, логикалық ойлау мен шығармашылық шешімдерге қызығушылық танытқан жас дарындыларға арналған аймақтық халықаралық олимпиада. Жыл сайын бұл жарыс жас ғалымдардың интеллектуалдық бәсекесіне айналып, олардың білім мен ғылымға деген ынтасын арттыруға зор мүмкіндік береді.
Биылғы жылы Қазақстан құрама командасының сапына 2024–2025 оқу жылындағы республикалық физика олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ Астана, Алматы және Қостанай қалаларындағы олимпиадалық резерв өкілдері енді.
Солардың қатарында Қостанай өңірінің атынан қатысқан «Білім-Инновация» Қостанай облыстық мамандандырылған лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Таир Әбдіқадыр ерекше көзге түсті. Ол халықаралық додада жоғары нәтиже көрсетіп, Құрмет грамотасына ие болды.
Оқушылардың олимпиадаға дайындығын жоғары деңгейде ұйымдастыруға Андрей Сидоренко мен Темірлан Исмагулов сынды тәжірибелі тәлімгерлер атсалысты. Екеуі де – республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалардың бірнеше мәрте жүлдегерлері.
Қазақстандық жас физиктердің халықаралық ареналарда жеткен жетістіктері – еліміздегі білім сапасының, ғылыми ізденіске деген қызығушылықтың және жүйелі дайындықтың нақты көрсеткіші.
Комментарии


