IQanat олимпиадасында оза шапты
Дата: 01.07.2025 Рубрика: Бери пример!
0
100
0

Алматы қаласында бір апта бойы өткен IQanat олимпиадасының үш кезеңі де өз мәресіне жетті. Бұл білім додасына республика бойынша 50 000 ауылдық 8-сынып оқушысының ішінен іріктелген ең дарынды 1000 оқушы қатысты. Олимпиадаға Қостанай облысынан 44 оқушы жолдама алып, өңір абыройын қорғап қайтты.
IQanat – ауыл мектептерінде оқитын оқушыларға арналған, 230 табысты қазақстандық кәсіпкердің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан бірегей әлеуметтік-білім беру жобасы. Бағдарламаның басты мақсаты – ауыл жастарының білімге деген ынтасын арттырып, оларды отандық және шетелдік үздік жоғары оқу орындарына түсуде тегін қолдаумен қамтамасыз ету.
Олимпиада барысында оқушылар бес пән бойынша тест тапсырып, ғылыми эксперименттерге қатысып, түрлі тренингтерден өтті. Сонымен қатар peer-to-peer әдісі арқылы математика мен ағылшын тілін меңгеріп, эмоционалды интеллект, көшбасшылық пен кәсіпкерлік қабілет бойынша бағалаудан өтті. Бұл – олардың жеке дамуына, кәсіби бағдар алуына зор мүмкіндік берді.
Білім бәйгесінің ең әсерлі сәті – Алматының ең көрікті жерлерінің бірі саналатын «Медеу» спорт кешенінде өткен марапаттау рәсімі болды. Нәтижесінде 125 оқушы толық оқу грантына, тағы 125-і жартылай грантқа ие болды. Қостанай облысының абыройын асқақтатқан 9 оқушы Бурабайдағы IQanat мектеп-интернатына оқуға грант жеңіп алды. Олар 11-сыныпқа дейін толықтай тегін білім алатын болады.
Сонымен қатар, IQ Advance бағдарламасы бойынша 9 оқушы жартылай грантқа ие болып, өз ауылдарындағы мектепте оқуды жалғастыра отырып, IQanat мектебінде өтетін арнайы сабақтарға қатысады.
Қалған 26 қатысушы да назардан тыс қалмайды. Олар үшін үш жылдық тегін постолимпиадалық бағдарлама қарастырылған. Бұл бағдарлама аясында оқушылар Бурабайдағы IQanat мектебінде өтетін дайындық курстарына қатысып, ағылшын тілін терең меңгеріп, кәсіби бағдар алу мүмкіндігіне ие болады.
IQanat жобасының қамқоршылары – ел болашағы жастардың жан-жақты дамуына жанашырлықпен қарап, олардың отансүйгіш, білімді әрі белсенді азамат болып қалыптасуына ықпал етіп келеді.
Комментарии


