Ыбырай шамын жағып, жарыққа жетелген ұрпақ
Дата: 06.05.2025 Рубрика: Бери пример!
0
192
0

Қостанай төрінде қазақ даласына алғаш білім шамын жаққан ұлы ұстаз – Ыбырай Алтынсариннің шығармашылығына арналған облыстық «Ыбырай оқулары» байқауы биыл алғаш рет ұйымдастырылды.
Бұл рухани шара Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасы мен мәдениет басқармасы бірлесе отырып, Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаттың қабырғасында өткізіліп отыр. Қара шаңырақтың негізін 140 жыл бұрын Ыбырайдың өзі қалаған. Сол киелі білім ордада болашақтың үмітін арқалаған ұрпақ жиналып, дара дарындарын паш етті.
Бұл рухани шара Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасы мен мәдениет басқармасы бірлесе отырып, Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаттың қабырғасында өткізіліп отыр. Қара шаңырақтың негізін 140 жыл бұрын Ыбырайдың өзі қалаған. Сол киелі білім ордада болашақтың үмітін арқалаған ұрпақ жиналып, дара дарындарын паш етті.
Байқаудың алғашқы кезеңіне облыстың барлық аудандарынан және Қостанай, Рудный, Лисаков қалаларынан жалпы саны 906 оқушы қатысып, солардың ішінен 90 дарынды оқушы облыстық кезеңге жолдама алған.
Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Саят Жүсіпов келіп құттықтады.
– Ыбырай шығармалары кейбір басылымдарда қате немесе қысқартылған түрде беріліп жүр. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін музей қызметкерлері зерттеулер жүргізіп, ғылыми мақалалар жариялап, арнайы байқау да ұйымдастырды. Бұл — ағартушы мұрасын лайықты түрде келесі ұрпаққа жеткізудің маңызды қадамы, – деп атап өтті.
Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің басшысы Марғұлан Оспанов құттықтау сөзінде ұлт руханиятының алтын қазығына айналған даланың дара ұстазына арналған тарихи сәттің маңызын атап өтті.
«Бұл байқау облыстық деңгейде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Бұған дейін аудандық кезеңдер өтті. Байқау ережесін облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Ринат Мұхаметқали бекіткен болатын. Екі кезеңнен тұратын байқау – облыстық білім мен мәдениет басқармаларының бірлескен жобасы. Негізгі ұйымдастырушы – қара шаңырақ мектеп-гимназия. Биылғы ерекшелік – оқушылар үш буынға бөлініп қатысады: бастауыш, орта және жоғары сыныптар. Жоғары сынып оқушылары өлеңдерді жаттап қана қоймай, прозалық шығармаларды мазмұндап айтып, сұрақтарға жауап беруі тиіс. Бұл байқауды келесі жылы республикалық деңгейде өткізу жоспарымызда бар», – деді ол.
Аудандық кезеңде топ жарып, облыстық додаға келгендердің бірі – Аманкелді ауданының Б.Қолдасбаев атындағы мектептің 6 «в» сынып оқушысы Еркежан Ғазезова.
«Мен байқау алдында қобалжыдым, бірақ өзіме сендім. Осы сенім мені жеңіске жетеледі. Облыстық кезеңге 25 өлеңді жатқа дайындап келдім. Өлеңдерді жай жаттап қана қоймай, олардың мәнін түсініп, жүрегіммен қабылдауға тырыстым», – дейді жас өрен.
Күн ұзаққа созылған байқауда балалар тек өлең оқып қана қоймай, прозалық шығармалар бойынша сұрақтарға жауап беріп, Ыбырайдың әдеби стилі мен рухани мұрасын қаншалықты терең меңгергенін көрсетті. Әр қатысушы – білімге деген құштарлығын, өнерге деген талпынысын айқын дәлелдеді.
Бастауыш буын оқушылары арасында өткен сөз өнері сайысында бас жүлде Отаралы Мединаға бұйырды. Оқушы көркем мәтінді шеберлікпен жатқа айтып, сахнада өзін сенімді көрсете білді.
Облыстық деңгейдегі байқауға алғаш рет қатысу – әр оқушы үшін үлкен тәжірибе. Бұл жолы Жанкелдин ауданынан келген Медина Отаралы осындай маңызды сында өз бағын сынап көрді. Ол үшін бұл оңай болған жоқ. Алайда, Медина анасымен және жетекшісімен бірге қараша айынан бастап тынбай дайындалып, үлкен еңбекпен келді.
– Бұл байқауға үлкен жауапкершілікпен қарадым. Ыбырай атамыздың 22 өлеңін жаттап келдім. Өлеңдерін оқи отырып, жүрегіме мейірімділік, ізгілік қасиеттерін сіңірдім. Бұл шығармалар менің дүниетанымыма, адамгершілік ұстанымдарыма оң әсер етті, - деп қуанышымен бөлісті Медина.
Оның айтуынша, дайындық кезеңі тек жаттаумен емес, атаның шығармаларындағы терең мағынаны түсінумен өтті. Сондықтан да Медина үшін бұл сайыс — тек жарыс емес, үлкен өмір сабағы болды.
Сайыстың жабылу салтанаты да ерекше атмосферада өтті. Шараны «Киелі домбыра» үйірмесінің орындауындағы «Ер Тұран» күйі ашып берсе, жеңімпаздарды марапаттау сәтінде зал іші қуаныш пен мақтанышқа толы болды. Барлық жеңімпаздар арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Олардың әрқайсысы өз мектебінің, өз ауданының, тіпті бүкіл Қостанай облысының абыройын асқақтата білді.
Айзия ҚЫДЫРБЕКҚЫЗЫ
Комментарии


