Білім жарысындағы өрендер
Дата: 03.12.2024 Рубрика: Бери пример!
0
283
0
Қостанай қаласы білім бөлімінің, «Қостанай Дарыны» оқу-әдістемелік орталығының және «Қостанай Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының ұйымдастыруымен Қостанай қаласының IQostanay орталығында қала мектептерінің 3,4,5 және 6 сынып оқушылары арасында математика пәні бойынша өткен республикалық «Алтын сақа» олимпиадасының қалалық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Қазақстанның бүкіл аумағында, ауыл, аудан-қалаларында ұйымдастырылып жүрген «Алтын сақа» олимпиадасының авторы – елімізге белгілі математик, ҚР үздік педагогы, «Зерделі» халықаралық мектептер желісі мен «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталықтарының негізін қалаушы – Ырысбек Мәуіт.
Жалпы Қостанай облысы бойынша 3-6 сыныптар арасында «Алтын сақа» олимпиадасының мектепішілік кезеңіне 8 190 оқушы қатысып, оның ішінен 2 112 оқушы аудандық (қалалық) кезеңге жолдама алды. Бұл олимпиадаға Қостанай қаласы мектептерінен 400-ден астам оқушы қатысты. «Қостанай Дарыны» оқу-әдістемелік орталығы мен «Қостанай Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығы бірлесе құрған комиссия қатысушылардың арасынан жүзден жүйріктерді анықтады және жеңімпаз оқушылар «Алтын сақа» олимпиадасының облыстық кезеңіне жолдама алды.
Максималды 100 бал иеленуге болатын олимпиаданың қалалық кезеңінің нәтижесінде, №24 мектеп гимназиясының 3-сынып оқушысы Арсен Қуандық– 80 бал, 4-сынып оқушысы Нұғыман Кеңесбай – 94 бал иеленгенін, С. Мәуленов атындағы гимназияның 5-сынып оқушысы Ерасыл Өмірзақ – 89 бал, 6-сынып оқушысы Амира Дөненбаева – 75 бал жинап Абсолютті чемпион атанғанын ерекше атап өткен жөн.
Аталған чемпион оқушылар Қостанай қаласында жаңа оқу жылынан бастап математика, ағылшын тілі және қазақ тілдерінен білім беріп келе жатқан «Қостанай Зерделі» орталығына қосымша сабақтарға барады. Бұл нәтиже салыстырмалы түрде республика аумағында ең жоғары көрсеткіштер қатарына жатады және мұндай бал иелері осы олимпиаданың республикалық деңгейінде де өңіріміздің намысын жоғары деңгейде қорғайтыны сөзсіз.
Бұдан бөлек, биылдан бастап «Алтын сақа» олимпиадасынан бөлек мектептердің 10-11 сынып оқушылары арасында математикадан «Алтын түлек» және бастауыш сынып мұғалімдері арасында математика пәнінен «Алтын тұғыр» олимпиадаларының да мектепішілік, аудан-қалалық кезеңдері ұйымдастырылуда. Жоғарыда көрсетілген барлық олимпиадалардың облыстық кезеңінің жеңімпаздары республикалық кезеңдерге жолдама алады. Қазіргі таңда осы олимпиадалардың барлығына дайындық жоғары деңгейде жүргізілуде.
Айта кету керек, қазіргі таңда ҚР аумағында елуге жуық «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталықтары мен 7 «Зерделі» халықаралық мектептер өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді.
Айзия Қыдырбекқызы,
оқушы
Комментарии