Мен кімге жиенмін?
Дата: 06.08.2024 Рубрика: Знайки
0
53
0
Мен жазда анаммен бірге қыдырдым. Біз анамның туыстарына бардық. Олар менің нағашыларым екен. Мені «жиен» деп құрметтеді. Құрметті редакция, жиен деген кім, нағашы деген кім? Осыны айтып берсеңіздер. Басқа оқырман балалар да біле жүрсін.
Ерсін, оқушы.
Жиен деген – қыздан туған бала. «Қыздан туғанның қиығы жоқ, яғни бөтендігі жоқ» дейді халық. Нағашы ауылы үшін еркелеп келетін осы жиені. Ол нағашыларынан нені қаласа да үш рет алуға құқылы, ал нағашылары қымбат зат болса да оны сөзсіз беруге тиіс. Оны – «жиенқұрық» деп атайды. Жиен сол елдің кемшілігін, қатесін ойынды - шынды батыл айтып отырады.
Оның сөзін кектеуге, ұрсуға болмайды. Осындай батыл сөздер үшін нағашылары «жиен ел болмас» деп мақалдайды. Сонымен бірге «жиен мыңнан үлкен» деп тағы да қатты сыйлайды. Нағашылы-жиенділер кездескен жерде бір-бірімен әзілдесіп, ойнап-күліп жатады. Жиен мұндайда өзін еркін сезінеді. «Балалығың ұстаса нағашыңа бар» деген осыдан шыққан. Нағашы мен жиен бірін-бірі ешқашан күндемейді, керісінше олар бірін-бірі жақсы болса мақтаныш тұтады.
Жиендік те жасқа қарамайды. Кейде жиен нағашыдан үлкен болуы мүмкін. Мұның нағашы-жиендік ресімдерге кедергісі жоқ. Сондықтан, жиен болып нағашыңа еркелеген жөн.
Комментарии