Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Тазы – даланың серігі, қазақтың қазынасы

Дата: 15.09.2026 Рубрика: Твори добро
6
0
Тазы – даланың серігі, қазақтың қазынасы
3 қыркүйек – Қазақ тазысы мен төбеті күні. Биыл күнтізбеде ұлттық ит тұқымдарына арналған бұл мереке алғаш рет аталып өтті. Осыған орай Қостанайда қазақтың қастерлі жануары – тазыға арналған тағылымды мәдени іс-шара ұйымдастырылды.
Тазы – қазақ даласында ғасырлар бойы адаммен бірге өмір сүріп келе жатқан ерекше тұқым. Жүйріктігі мен төзімділігі, алғырлығы мен адалдығы үшін ата-бабамыз оны саятшылықта серік еткен. Тазы аңшының сенімді жолдасы ғана емес, қазақтың тұрмыс-­тіршілігімен біте қайнасқан ұлттық құндылықтың бірі болған. Бүгінде қазақы тазының қадірі қайта артып келеді. Оның ұлттық мұра ретіндегі маңызына назар аударылып, тұқымды сақтау мен көбейтуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Өйткені тазы – жай ғана жануар емес, ол халқымыздың салт-дәстүрі мен тарихынан сыр шертетін тірі мұра.
Мерекеге орай өткен шараға жиналған көпшілік танымал тележурналист Гүлжібек Бекмұхамедованың «Тазы» атты деректі фильмін тамашалады. Бір жылға жуық уақыт дайындалған фильмде тазының тарихы, қазақ үшін қасиеті, оған қатысты аңыз-әңгімелер, қазіргі жағдайы және ұлттық тұқымды сақтауға байланысты мәселелер кеңінен қамтылған. Көрермен фильмді үлкен қызығушылықпен тамашалап, өз әсерлерін бөлісті. Шынында да, деректі туынды тазы туралы көп нәрсені білуге, оның халқымыз үшін қаншалықты қымбат екенін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Шараның тағы бір ерекшелігі – көпшілік тазымен жүзбе-жүз танысты. Қонақтарға арнайы әкелінген тазы ешкімді жатырқамай, керісінше, айналасына қызығушылықпен қарап, балалар мен үлкендердің еркелетуіне көнді. Жұрт оның басынан сипап, естелік суретке түсті. Тіпті шараның басынан аяғына дейін көпшілікпен бірге болды. Сол күні жұрт ерекше ықылас танытқан тазылардың бірі – Жамбыл. Бұл есім оған шара барысында ғана берілді. Оның себебі де бар.
Жамбыл ауылына жақын жерден табылған тазыны көлік қағып кеткен. Жол бойында жараланып жатқан жануарды жергілікті тұрғындар байқап, экобелсенділерге хабарлаған. Олар тазыларды арнайы панажайға жеткізіп, емдеткен. Қазір Жамбылдың жағдайы жақсы. Жарақаттары жазылып, қайтадан шауып жүр. Алайда оның бұрынғы иесі кім болғаны әзірге белгісіз.
– Қазақ үшін қасиетті саналатын жануардың қалай қараусыз қалғанын түсіну қиын. Бастысы, қазір жағдайы жақсы. Қамқорлық көрсетіліп жатыр. Енді оны асырап алатын жақсы адам табылса, нұр үстіне нұр болар еді. Оның бүкіл ғұмыры панажайда өтпеуі керек қой, – дейді оған қамқорлық жасап жүрген экобелсенді жастар.
Жамбылдың оқиғасы балаларға да ой салады. Адамға серік болған жануарға жауапкершілікпен қарау – әрқайсымыздың міндетіміз. Жануарды асырап алу – оған тек тамақ беру емес, өмір бойы қамқор болуға дайын болу деген сөз. Тазының адамға ерекше үйірсек келетіні бұрыннан белгілі. Ақылды, тілалғыш әрі иесіне адал жануардың мінезі де осы шара барысында анық байқалды.
Тазыны арнайы зерттеп, деректі фильм түсірген Гүлжібек Бекмұхамедова да оның қазақ өміріндегі орнына ерекше тоқталды.
– Тазы өсіретін адамдар оны жай ғана «ит» деп атауға болмайтынын айтады. Қазақ оны ежелден кәдімгі иттен жоғары бағалаған. Оны жер үстіндегі періштеміз деуге болады. Адамға әрдайым адал серік болған, – дейді журналист.
Шынында да, қазақ халқы үшін тазының орны бөлек. Ата-бабамыз оның жүйріктігін бағалап, саятшылықта пайдаланған. Тазы туралы түрлі аңыздар мен әңгімелердің сақталуы да оның халық жадындағы орнын көрсетеді. Қазақ тазысын халықаралық деңгейде таныту мен қорғау жұмыстары соңғы жылдары күшейіп келеді. Дегенмен бұл ұлттық тұқымды сақтау – тек мамандардың немесе тазы өсірушілердің міндеті емес. Оған бүкіл қоғам атсалысуы керек. Әсіресе жас ұрпақ тазының ерекшелігін, тарихын, қазақ мәдениетіндегі орнын білуі маңызды. Себебі өз құндылығын білген бала оны құрметтеуге үйренеді.

 
 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!