Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Мамандық таңдау – маңызды қадам

Дата: 01.07.2025 Рубрика: Год рабочих профессий
103
0
Мамандық таңдау – маңызды қадам
Қостанай облысында 19 маусымнан бастап «Жұмысшы мамандықтары» жылы аясында «Менің болашақ мамандығым» атты жаңа жоба іске қосылды.
Жобаның негізгі мақсаты – мектеп оқушыларына ерте кәсіби бағдар беру, өндірістік үдерісті өз көздерімен көру арқылы жұмысшы мамандықтарының маңызын ұғындыру және еңбекке деген құрметті қалыптастыру.
Апта бойы 6-8 сынып оқушылары Қостанай облысының жетекші кәсіпорындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына танымдық экскурсиялар жасап, түрлі мамандық иелерімен жүздесіп, шеберлік сабақтарына қатысты. Балалар нағыз өндіріс орнындағы жұмыс барысын көріп, заманауи техникамен, құрал-жабдықтармен танысты.
Мектеп оқушылары дәнекерлеуші, электрик, аспаз, механик, тігінші сияқты түрлі маман иелерінің жұмысымен танысып, өз қолдарымен шағын тәжірибелік жұмыстар орындап көрді. Бұл тәжірибе олардың мамандыққа деген қызығушылығын арттырып, еңбек пен білімнің өзара байланысын тереңірек ұғынуына септігін тигізді.
Жоба барысында оқушыларға мамандық таңдауда өз қабілеттері мен бейімділіктерін ескеру, кәсіптік оқу орындарының мүмкіндіктері туралы ақпараттар берілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама болашақта саналы әрі мақсатты мамандық таңдайтын оқушылардың қатарын арттырып, жұмысшы мамандықтарына деген қоғамдық көзқарасты өзгертуге үлес қосады.
Осы мақсатта Рудный қаласының №12 мектебінің оқушылары Рудный құрылыс және көлік колледжіне барып, оқу ордасының тыныс-тіршілігімен танысты. Экскурсия барысында оқушыларға колледждің материалдық-техникалық базасы, оқу процесі, мамандықтар бойынша шеберлік сабақтар ұсынылды.
– «Жұмысшы мамандықтары» жылы аясында оқу орнымызға келіп, білім беру үдерісімен танысып жатыр. Арнайы пән оқытушылары шеберлік сабақтарын өткізіп, нақты мамандықтардың қыр-сырын тәжірибе жүзінде көрсетуде. Біздің колледжде екі негізгі бағыт бойынша мамандар даярланады: құрылыс және көлік саласы. Әсіресе, қаламыздағы ірі өндіріс орындарымен тығыз байланыстамыз. Колледж студенттері сол кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтіп, кейін тұрақты жұмыспен қамтылуда, – дейді оқу орнының директоры Жасұлан Рахимов.
Оның айтуынша, қазіргі таңда дәнекерлеуші және машинист-экскаваторшы мамандықтарына сұраныс айтарлықтай жоғары. Колледжде бүгінде 200-ден астам студент білім алуда. Оқу тегін, оқыту мерзімі – екі жыл он ай. Студенттерге ай сайын стипендия төленіп, бір мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.
Мектеп оқушыларына арналған мұндай танымдық іс-шаралар олардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектесіп, жұмысшы кәсіптерінің қоғамдағы маңызын терең ұғынуға жол ашады.
Экскурсияға қатысқан оқушылардың бірі, №12 мектептің 8-сынып оқушысы Екатерина Меденцова әсерімен бөлісті:
– Мен 8-сынып оқушысымын. Маған бәрі ұнап жатыр, өте қызықты. Техника тілін білген жақсы ғой. Мұндай жерде бірінші рет болып отырмын. Болашақта дәрігер болғым келеді. Бірақ бұл экскурсия маған өндірістегі еңбектің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Әр мамандықтың өз ерекшелігі бар екеніне көзім жетті, – дейді ол.
Оқушылардың шынайы қызығушылығы мен белсенділігі мұндай жобалардың тиімділігін көрсетеді. «Менің болашақ мамандығым» жобасы арқылы жастар түрлі салалар туралы мол мағлұмат алып, еңбекке құрметпен қарауды үйренуде.
Колледж ішін аралау барысында оқушыларға заманауи оқу кабинеттері де таныстырылды. Солардың бірі – компитеция орталығы деп аталатын арнайы сынып. Бұл бөлмеде оқушылар түрлі техникалық тапсырмаларды виртуалды көзілдіріктердің көмегімен орындай алады.
– Бұл сынып компитеция орталығы деп аталады. Балалар виртуалды көзілдірік арқылы жұмыс істеуді үйренеді. Мұндағы барлық құрылғыларды ERG компаниясы тарту еткен болатын. Жабдықтар жаңа, ыңғайлы әрі заманауи. Жақында ғана орнатылды. Қазіргі таңда бұл жерде он балаға дейін бір мезгілде виртуалды түрде жұмыс істей алады. Оқушыларға өте ұнайды, қызығушылықпен қатысып жатыр, – дейді арнайы пән оқытушысы Арман Алтынбекұлы.
Арман Алтынбекұлы – осы оқу орнында алты жылдан бері қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Оның айтуынша, мұндай заманауи технологиялар оқу процесін қызықты етіп қана қоймай, өндірістегі нақты жағдайларға бейімделуге де көмектеседі.
Экскурсия соңында оқушылар үшін арнайы ұйымдастырылған викториналық ойындар өтті. Балалар күні бойы көрген-түйгендері бойынша сұрақтарға жауап беріп, белсенділік танытты. Дұрыс жауап берген оқушыларға естелік сыйлықтар мен марапаттар табыс етілді.
Бұл күн оқушылар үшін тек танымдық жағынан ғана емес, көңілді әрі есте қаларлықтай болды. Олар жаңа білім алып қана қоймай, өзара ой бөлісіп, достарымен ұмытылмас әсерге бөленді. Жоба аясындағы мұндай шаралар оқушылардың болашақ мамандыққа қызығушылығын арттыруға, еңбекке деген сүйіспеншілігін оятуға үлкен сеп болуда.
Рудный қаласы
 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!