Ғасырға жуық ғибрат ғұмыр»
Дата: 22.04.2025 Рубрика: Год рабочих профессий
0
155
0

Жастар ресурстық орталығында Мемлекеттік тілдегі кітапхананың ұйымдастыруымен «Әдеби қолтаңба» өлкетану жобасы аясында, сондай-ақ 2025 жылдың – «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялануына орай, қарапайым еңбек адамының өмірін насихаттап, жас ұрпаққа өнеге ету мақсатында «Ғасырға жуық ғибрат ғұмыр» атты тағылымды кездесу кеші өтті.
Кештің басты кейіпкері – Рудный қаласының Құрметті азаматы, кенші, еңбек ардагері, жерлес ақынымыз Қасымқайыр Қазыбайұлы Дүйсенбаев болды. Биыл атамыздың 95 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтіп отыр.
Іс-шараның басты мақсаты — жас ұрпаққа Қасымқайыр атамыздың өнегелі өмір жолын, қажырлы еңбегі мен парасаттылығын таныстыра отырып, оның кәсіби кеншілік қызметінен бөлек, жүректен шыққан ақындық шеберлігін де насихаттау.
Іс-шараға Рудный қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанна Джамбурчина, Рудный қаласының Құрметті азаматы, танымал журналист Арман Хасенов, «Кездесу» клубының мүшелері, қала мектептерінің оқушылары мен студенттері, ұстаздар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Кештің шымылдығын ашқан Жанна Ерманқызы мен Арман Хасенов жүрекжарды тілектерін білдіріп, Қасымқайыр атамыздың адами болмысы, еңбекқорлығы мен шығармашылығына жоғары баға берді.
Кездесу барысында жастар ақынның өмір жолымен танысып, шығармашылық еңбегінің сырларына үңілді. Қасымқайыр Қазыбайұлының 40 жыл бойы Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатында адал еңбек еткені, өз ісінің нағыз маманы ретінде танылып, өнегелі ғұмыр кешкені жайлы әсерлі әңгімелер айтылды. Сонымен қатар, оның жүрегінен төгілген жырлары — туған жерге, еңбекке, адамгершілікке деген сүйіспеншілігін паш ететін рухани қазына екені айтылды.
А.Байтұрсынов және Б.Майлин атындағы мектептердің оқушылары ақынның өлеңдерін нақышына келтіре оқыса, қаламгерлер Жаңбыршы Тілеуқабылов, Жақсылық Какенов, Ғабдолла Ахметжанов жүрекжарды тілектерін жеткізіп, ақын Сүндет Молдашев арнайы арнау өлеңін оқыды.
Кеш шырайын кіргізген өнерпаздар да өз өнерлерін ортаға салды. «Жадыра» вокалдық ансамблі Қасымқайыр Дүйсенбаевтың сөзіне жазылған «Рудный» әнін шырқаса, Қайыркенова Шәмшия «Ағаларым» әнін орындап, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. «Алтын домбыра» студиясының шәкірттері «Балбырауын» мен «Ер Тұран» күйлерін күмбірлетіп, «Шұғыла» би тобының мың бұралған биі мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Кітапхана қызметкерлері Қасымқайыр атамыздың еңбектері мен ол туралы жазылған материалдардан арнайы кітап көрмесін ұйымдастырып, келген қонақтарға шолу жасады.
Кеш соңында Рудный қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанна Ерманқызы Джамбурчина Қасымқайыр Қазыбайұлына алғыс білдіріп, арнайы Алғысхат пен шағын сый-сияпат табыс етті.
Мерейлі кеш қатысушыларға үлкен рухани азық беріп, өскелең ұрпаққа еңбек пен өнердің қадірін ұғындырған тағылымды кездесу ретінде есте қалды.
Гүлбараш Уалиева,
мемлекеттік тілдегі кітапхана меңгерушісі
Рудный қаласы
Комментарии


