«Ақын атағынан жоғары атақ жоқ»
Дата: 05.08.2025 Рубрика: По родному краю
0
133
0

Жуырда «Дорожный» кітапхана-филиалында Қазақстанның көрнекті ақыны, Қостанай облысының Құрметті азаматы, ақын, журналист, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Серікбай Оспанұлының 80 жылдығына арналған ерекше әдеби сағат өтті. Бұл тағылымды шараға Ұлттық ұлан 6697 әскери бөлімінің сарбаздары мен мектеп оқушылары қатысты.
Іс-шара барысында кітапханашы қатысушыларды ақынның өмірі мен шығармашылық жолымен таныстырып, жүрекжарды өлеңін оқыды. Кешке арнайы келген Серікбай Оспанұлы өзінің балалық шағы, мектептегі қызықты сәттері, алғашқы жазған өлеңдері және шығармашылық ізденістері туралы сыр шертті. Ол жиналған жастардың сұрақтарына жауап беріп, өмірден түйген ойларын, ақындық жолдың жауапкершілігін әсерлі әңгімеледі.
Кездесуге №18 мектеп-гимназиясының оқушысы Сәбина Меңдібаева қатысып, ақынның «Құстар, қайтып келіңдер» атты өлеңін тебірене оқыды. Сарбаздар да белсенділік танытып, Серікбай ағамыздың «Күлші, жаным», «Тамшы» және басқа да өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Ал өнерлі сарбаз Наурызбай Әмірхамзин ақынның сөзіне жазылған «Сағындым Алматымды» әнін шебер орындап, көрермендердің ықыласына бөленді.
Ақын жастарға шабыт беретін жылы тілектерін айтып, білім алуға, кітап оқуға, армандарын жүзеге асыруға бағыт берді. Шара соңында кітапханада ұйымдастырылған «Туған жердің асыл перзенті» атты көрмеге шолу жасалды. Кездесу барша қатысушылар үшін рухани нәр берген, жүректі тербеткен ерекше сәтке айналды.
Бұл кездесу балалар мен жастар үшін туған жерге, өнерге және әдебиетке деген сүйіспеншілікті арттыра түсті. Ақынмен жүздесу олардың есінде ұзақ сақталып, болашақта шабыт көзіне айналары сөзсіз.
Комментарии


