Ғибратқа толы кеш
Дата: 13.05.2025 Рубрика: По родному краю
0



Рудный қалалық Жастар ресурстық орталығында «Рудныйдың ОКЖ» ММ Орталық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен тағылымы терең, рухани мәні зор әдеби кеш өтті. Іс-шара «Әдеби қолтаңба» жобасы аясында, өмір жолын ұрпақ тәрбиесіне арнап, ұстаздықпен қатар ақындықты да серік еткен, өнегелі ғұмырымен көпке үлгі болған жергілікті ардагер ұстаз, ақын, «Кездесу» клубының мүшесі, құрметті зейнеткер Ғабдоллақажы Ахметжановтың 90 жылдық мерейтойына арналды. Кеш «Жырмен нұрланған ғұмыр» деген атаумен өтті.
Мақсаты – өскелең ұрпаққа ардақты ақынның шығармашылығын насихаттау, оның өмірі мен өлеңдеріндегі рухани байлықты, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастардың әдебиетке деген қызығушылығын ояту.
Кештің шымылдығын «Рудныйдың ОКЖ» ММ Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Ольга Александровна Осипова ашып, жылы лебізін білдірді. Ізін ала Рудный қаласының Құрметті азаматы, журналист Арман Сәбитбекұлы Хасенов сөз сөйлеп, Ғабдоллақажы атаның өмірі мен шығармашылығы жайлы естеліктерімен бөлісті.
Кешке қаламыздың мектеп оқушылары мен ұстаздары, студенттер, «Кездесу» клубының мүшелері, Ардагерлер кеңесінің өкілдері және жергілікті әдебиетсүйер қауым қатысты. Жиналған жұрт бір ғасырлық ғұмыр кешкен Ғабдолла ата жайлы шынайы сыр шертіп, тағылымды естеліктер тыңдады. Ғұлама ғұмыры – тек бір шаңыраққа емес, барша ұлтқа ортақ өнеге екені тағы бір мәрте дәлелденді.
Қонақтар – Қасымқайыр Дүйсенбаев пен Арман Хасенов жүрекжарды тілектерін білдірсе, «Кездесу» клубының белсенді мүшелері – қарымды қаламгерлер Жаңбыршы Тілеуқабылов пен Жақсылық Какенов өз естеліктерімен бөлісіп, Ғабдолла атаға деген алғыс пен құрметін білдірді.
Кеш барысында ақынның жырлары оқылып, әнге қосылды. Сүндет Молдашев пен Мүслимә Баймурзенова ақынға арнаған жыр шумақтарын тебірене оқыса, «Жадыра» вокалдық ансамблі Ғабдоллақажы атаның сөзіне жазылған «Обаған вальсі» әнін нақышына келтіре орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Өнер көрсетілімдерімен қатар, Ернұр Қожақұлов орындаған «Өлшеулі өмір» термесі мен «Алтын домбыра» студиясының жас күйші өнерпаздары орындаған «Балбырауын», «Ерке сылқым» күйлері кештің көркемдік мазмұнын арттырды. Ал Нинагүл Пушаева шырқаған «Қос менің бәйтерегім» әні тыңдаушылардың жүрегіне жол тартты.
Кеште Б.Майлин атындағы және А.Байтұрсынов атындағы мектептердің оқушылары да белсенділік танытып, Ғабдолла ата жырларын мәнерлеп оқып, поэзия әлеміне деген сүйіспеншіліктерін білдірді.
Бұл кездесу – жас ұрпақ үшін шығармашылық шабыттың бастауы болса, аға буын үшін өткенді бағалап, болашақты ой елегінен өткізудің тағылымды сәті болды. Әрбір қатысушы жүрегінің түкпірінен рухани қуат алып, парасат биігіне қадам басты.
Поэзия – адамның жан сырын шертіп, жүректің үнін жеткізер ғажайып әлем. Ғабдолла Ахметжановтың жырмен көмкерілген ғұмыры – парасат пен пайымның, ұстаздық пен азаматтықтың асыл үлгісі.
Мәрзия Ахметова,
Рудный орталық балалар кітапханасының кітапханашысы
Рудный қаласы
Комментарии