Тазалық өзімізден басталады
Дата: 08.10.2024 Рубрика: По родному краю
0
93
0
Елімізде «Таза Қазақстан» жобасы басталғалы бері үлкенге де, кішіге де тыным жоқ. Ауыл-аймақ, айнала түгелімен тазарып, барша азамат қолдан келгенше үлес қосуда. Бұл бастамаға әулиекөлдік ардагерлер де қосылып, орталық саябақтың ішін айнадай жарқыратып, жинап шықты. Осылайша немере бағып отырған зейнеткерлер бір сәтке бас қосып, ауданның тазалығына үлес қосып, қана қоймай, жас буынға үлгі көрсетті.
Осындай үлгі мен даналықты дәріптеп, кейінгі жас ұрпақтың бойында табиғатқа, қоршаған ортаға деген жанашырлық, қамқорлық сезімдерін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған бұл іс-шараға қоғам қайраткерлері, ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты. Жалпы Әулиекөл ауданында жыл басынан бері 6342 адамның қатысуымен 9220 тонна қоқыс шығарылған.
“Туған жерге қамқорлықпен қарау – әр азаматтың борышы. «Таза Қазақстан» акциясы аясында біздің ауданда да көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бүгін саябаққа келіп, тазалық жұмыстарына қатысып жатырмыз. Өсіп келе жатқан балаларымызға, жастарға өнеге үлгі болсын деген де ойымыз бар. Ал жастарымыз үлкендерге, қарияларға, ардагерлерге көмек көрсетіп, игі істермен айналысуда. Биылдыққа бірнеше рет бас қосып, қолғабыс көрсеттік. Қалыс қалмайық деп бүгін де шығып жатырмыз. Ауылымыз – ортақ үйіміз, оны таза ұстау әр азаматқа тиесілі. Ауданда көп жұмыс атқарылып жатыр. Оның бәрін таза ұстау өзімізге керек”, – дейді адандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қабыл Нұрмұхамедов.
Қолына тырма алып шыққан Сәндібек Сымаилов ақсақал белсенді топтың үлкені. Тоқсанның төріне шыққан ақсақал сол баяғы қалпын сақтып, қатардан қалмауға тырысады. Кезінде аудандық білім бөлімін басқарған, көп жыл бойы мектеп директоры да болды. Осынша жасқа келсе де еңбектен қол үзген емес. Батагөй ақсақал бар өмірін ұстаздыққа арнап, жастарға рухани тәрбие беруден жалыққан емес.
– Ес білгелі Әулиекөл ауданында тұрып келе жатырмын. Соғыстан кейінгі жылдардағы өмір жолым осы ауданда өтті. Мен үшін әр бастамаға үлес қосу, шақырғанда үлгі бола білу азаматтық борышым. Тоғыз баламнан 37 немере, 39 шөбере көріп отырған жайым бар. Солардың алдында ғана емес, кейінгі ұрпаққа біз жол бастай білуіміз керек. Еңбектен қол үзген емеспін. Ауыл халқының ауызбіршілігін арттырып, ынтымағын сақтау да біздерге байланысты, – дейді Сәндібек ақсақал.
Айсана Асқар,
оқушы
Комментарии