Жастарға үлгі боларлық
Дата: 10.09.2024 Рубрика: По родному краю
0
273
0
Рудный қаласындағы орталық саябақта Даңқ аллеясы жаңартылды. Ол жерге қаланың дамуына үлесін қосқан азаматтардың суреттері қойылған. Бұл іс-шара жыл сайын қала күні қарсаңында өтіп тұрады. Биыл кен байыту комбинатында еңбек еткен 16 адамның аты-жөнімен, атқарған еңбектері туралы жазылып, суреттері де ілінген екен. Осы арқылы келешек ұрпақ тарихты есте сақтап, қаланы салған, дамытқан азаматтардың есімдерін де біліп жүреді. Бұл жастар үшін үлгі әрі үлкенге зор құрметтің бір белгісі.
Осы жерде Құлғанша Асанқызының да суреті қойылған. Ол кісі Рудный қаласына 1959 жылы келіпті. Ол 4-ші разрядты стационарлық слесарь болып еңбек еткен. Дәл осы жылдары комбинатта заманауи автоматты диспетчерлік жиелерін баптау бойынша елеулі жұмыстар жүргізіледі. Құлғанша апай осы комбинатта үлгілі қырынан танылып, зейнетке шыққанша дейін еңбек етіпті. Ол кісі көп жылғы адал еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен, грамоталармен, алғыс хаттармен марапатталған. Рудный қаласының құрметті азаматы. Міне, осындай кісілер кейінгі жастарға ақылын айтып, жол көрсете алады.
Рысбике Сүймекова да осы қалада елу жыл тұрады. Өзі Қарабалық ауданының тумасы. Бар ғұмырын ағартушылық салаға арнаған ұстаз. Әйелдер, қандастар, мүгедектер және белсенді ұзақ өмір сүру мәселелері бойынша көптеген жобаларды жүзеге асырған. Қазақ КСР Ағарту ісінің үздігі. Қаланың дамуына еңбегі сіңген. Ол кісі еңбек еткен адам оның жемісін көргенде бақытты деп санайды.
– Өзім өмірімді ағарту саласына арнаған екенмін, қаламыздың көркеюіне барымды салып еңбектендім. Бірақ мен алдымен анамын. Зейнеткерлікке жасым жетпесе де балаларым жұмыс істесін деп бір кездері немеремді бағып, үйде отырдым. Отбасы – адамның басты байлығы. Сол немерем менің еңбегімді ақтап, мектепті үздікке бітіріп, қазір Барселонада білім алып жатыр. Бірақ мен зейнетке шықтым деп отырып қалмадым, қолымнан келген барлық жұмыстарға үлесімді қостым. Өмір бойы қоғамдық жұмыстармен айналысып келемін. Рудныйда ең алғаш үкіметтік емес ұйым құрған едім. Қандастарға да бастамашы болып, бірнеше жоба атқардым. Бүгін ардагерлер кеңесіне алғысымды айтқым келеді. Мұндай жерде құрметке лайықты адамдардың көп жылғы еңбектері тұр, – дейді Рысбике Қасымқызы.
Рудныйға келсеңіздер осы Даңқ аллеясына келіңіздер. Бұл жерден адамдардың еңбек жолын көре жүріп, балаларға көп үлгі беруге болады. Тәрбиенің басы осындайдан бастау алады.
Рудный қаласы
Комментарии