Келешекке аманат
Дата: 06.08.2024 Рубрика: По родному краю
0
61
0
Амангелді ауданы Үрпек ауылының Жаңа ауыл жалпы білім беретін мектебінде мектеп оқушыларының жазғы демалысы аясында «Қазақ ауылы» этножобасы өтті.
Жас ұрпаққа қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын таныту, төл мұра, ұлттық ойын түрлерін меңгерту мақсатында өткен шараға ата-аналар, ауыл тұрғындары, ұстаздар қатынасып, оқушыларға бабаларымыздан келе жатқан ізгі дәстүрлер мен ұлт құндылықтарын насихаттауға атсалысты.
Мұндай тағылымды іс-шарадан шәкірттер өз елінің нағыз ұлтжанды азаматы болып қалыптасары сөзсіз. Рухани құндылықтармен қанаттанып өседі. Қазақтың ұлттық ойындары өтті. Алтыбақан басына жиналған оқушылар Үрпек ауылын, алтыбақан айналасын, мектеп ауласын думанға бөлеп жіберді. Олар халық әндерін орындады, қыз бен жігіт болып айтысты. Асық ату, арқан тартыс, бестас ұлттық ойындарынан жарысқа түсті.
«Асық жілік» шеберлік сыныбында мектептегі әкелер клубының төрағасы Әлімов Мақсұт арнайы қой сойып, шеберлік сабаққа қатынасқан ер балаларға қой сою, қой терісін іреу, етті мүшелеп бөлу дәстүрлерінен сабақ берді. Ауыл ақсақалы, ардагер ұстаз Жұмабеков Серік қазақы дәстүр бойынша малға бата беріп, оқушыларды ұлттық таным, дәстүрлер сабақтастығы жөніндегі ақпараттармен қанықтырды.
Осы сәтте қазақ халқының игі дәстүрлерінің бірі болып саналатын «Қымызмұрындық» мерекесі де өтіп жатты. Халықтық мерекеге атсалысқан көп балалы ана, мектептегі аналар клубының мүшесі Асанбаева Тамаша қыз балалар үшін бие сауу, ауыл аналары күбі пісу, қымыз баптау тәсілдерін үйретті. Үрпектің бал қымызын бір мезетте күбіге құйып, бір уақытта піскен ақ жаулықты аналар көрінісі жобаның ерекшелігін айқындап берді.
Қазақтың ұлттық тағамдары саналатын бауырсақ пісіру, оның түрлері, ет асу, құрт жасау , диірмен тарту, сөк дайындау әдістері бойынша ошақ басында өз шеберліктерімен бөліскен аналар тәлімі, киіз басу, жүн түту, ұршық иіру, шұлық тоқу тәсілдерін үйреткен әжелер өнегесі қыз балалар үшін олардың болашақ өміріне қажетті құндылығы жоғары іс болды.
Құрылған киіз үйде оқушылар үшін дайын болған тағамдардардан дәм таратылып, табақ тарту салты жөнінде де ақпараттар берілді. Қазақ халқы ежелден ұлттық болмысы мен ізгі дәстүрлерін ұрпақтан – ұрпаққа мирас еткен қазыналы халық. Жаңа ауыл мектебінде өткен игі шара осынау халықтық құндылықтарды дәріптеген, оқушылар үшін тәлімі биік, берер өнегесі мол, тағылымды шара ретінде жоғары деңгейде өтті.
Комментарии