Онлайн бас қосты
Дата: 29.04.2020 Рубрика: Патриот
0
539
0
Жақында Қостанай қаласындағы физика-математикалық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Уикипедия» клубының кезектегі жиналысы арақашықтықтан Microsoft Teams платформасы арқылы онлайн-конференция форматында өткізілді. Ұзақтығы бір онлайн сабаққа, яғни 20 минутқа тең жиынды өткізген клуб мүшесі, Қостанай қаласындағы физика-математикалық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9 «в» сынып оқушысы Нұрдана Қаражан мен клубтың бас координаторы, 11 «в» сынып оқушысы Жандос Батырханов өздерінің дайындаған презентацияларын қорғады. Біріншісінде жаңадан қосылған қатысушыларға арналған жалпы ақпарат, яғни Уикипедия деген не, онда қандай мақалалар жазылады және осы энциклопедия дамуының маңызы жайлы айтылды. Ал конференцияның екінші бөлімінде Уикипедияда мақала жазудың негізгі мәселелері мен қатысушылардың көптеп жіберетін қателіктері мен қиындықтары туралы болды. Нақтырақ айтатын болсақ, онда мақалалар контенті мен жазылым стилі, авторлық құқық пен дереккөздер мәселелері бойынша сөз қозғалды. Сонымен қоса, мақаланы суретпен және басқа да әдістермен безендіру үлгілері түсіндірілді. Кейін «Уикипедия» клубының жетістіктері мен оның ары қарай даму жоспарлары талқыланды. Клубқа 13 оқушы кіреді. Жаңа қатысушылар мамыр-сәуір айларында алғашқы мақалаларын жариялап, жақсы нәтиже көрсете бастады. Жиынның ең соңында оқу жылының аяғында берілетін мадақтамалардың үлгілері көрсетілді. «Таңдаулы мақала», «Алтын» және «Күміс қаламгер», «Ең белсенді шаңырақ» және басқа да марапаттамалар мектепшілік Уикипедия саласын дамуына белсенді ат салысқан оқушыларға және шаңырақтарға беріледі.
Комментарии