Ерлік пен өнегенің үлгісі
Дата: 10.02.2026 Рубрика: Патриот
0
6
0

Федоров аудандық орталық кітапханасының бастамасымен ел рухын көтерген, мағыналы әрі әсерлі іс-шара өтті. Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушыларының қатысуымен «Аңызға айналған жауынгер – Бауыржан Момышұлы» атты әдеби қонақ бөлме ұйымдастырылды.
Кездесу барысында оқушылар даңқты қолбасшы, Ұлы Отан соғысының қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, «Халық қаһарманы» орденінің иегері Бауыржан Момышұлының ерлікке толы өмір жолымен, қайсар мінезі мен өшпес өнегесімен танысты. Іс-шара батырдың туғанына 115 жыл толуына орай өткізіліп, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рух пен ерлікке деген құрметті сіңіруге бағытталды.
Жас ұрпақтың бойына ерлік пен отансүйгіштік рухын дарытып, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының тағылымға толы өмір жолы, қайсар болмысы мен рухани мұрасын кеңінен танытуға арналған іс-шара аясында оқушыларға әсерлі тақырыптық таныстырылымдар мен мазмұнды бейнероликтер ұсынылып, сирек сақталған мұрағаттық фотосуреттер мен құнды деректі материалдар көпшілік назарына ұсынылды. Осындай көрнекі дүниелер арқылы жас көрермендер батырдың әскери жолын, ел үшін көрсеткен ерен ерлігін тереңірек түсініп, оның асқақ тұлғасын жан-жақты тани түсті.
Кітапханашы өз сөзінде батырдың адамгершілік қасиеттерін ерекше атап өтті. Ол ар-намысқа адал, тәртібі темірдей, сөзіне берік және талапшыл тұлға ретінде жас буынға үлгі екенін айтты. Сонымен қатар батырдың әскери психология мен тактика саласындағы ойлары туралы да қысқаша тоқталды. Басқосуда Бауыржан Момышұлының әдеби мұрасы да кеңінен қаралды. «За нами Москва» және «Ұшқан ұя» шығармалары негізінде оқушылар батырдың өмірлік ұстанымдарын, туған елге, отбасына және Отанға деген сүйіспеншілігін талдады. Әсіресе «Ұшқан ұя» кітабындағы ұлттық тәрбие, салт-дәстүрлер және ата-анаға құрмет көрсету туралы ойлар жасөспірімдерге ерекше әсер етті.
Тағылымды кездесу соңында жазушының негізгі еңбектері қойылған кітап көрмесіне шолу жасалып, оқушыларға кітап оқу арқылы тарихи тұлғаларды тереңірек танып-білу маңызы түсіндірілді. Қатысушылар батырдың ерлігі мен өнегелі өмірі ел жадында мәңгі сақталатынын айтып, өз әсерлі ойларымен бөлісті. Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, тарихи сананы нығайтуға зор үлес қосатыны сөзсіз.
Федоров ауданы
Комментарии



