Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Біздің Мәншүк

Дата: 27.05.2025 Рубрика: Патриот
171
0
Біздің Мәншүк
Жыл сайын көктемнің шуағымен бірге №7 мектеп-гимназиясында «Көктем аруы» байқауы өтеді. Бұл – сұлулық пен өнердің, ақыл мен парасаттың тоғысқан думанды мерекесі. Осы байқауда 9 «А» сынып оқушысы Мәншүк Саркеева бірінші орынды жеңіп алды.
Ол тек әсем көйлегімен немесе талғамды сәнімен ғана емес, өз өнерімен, білімге деген ынтасымен және жан-жақты дарындылығымен ерекшеленіп, қазылар алқасы мен көрермендердің сүйіспеншілігіне бөленді. Сыныптастарымен бірге орындаған үнді биі көпшіліктің ыстық ықыласын тудырса, өзі түсірген бейнетаныстырылым – оның жеке тұлғасы мен болашаққа деген көзқарасын көрсетті.
– Сәлем, Мәншүк, байқаудағы жеңісің құтты болсын! Сенің сүйікті пәнің қандай?
– Рахмет! Менің сүйікті пәнім – орыс тілі мен әдебиеті. Бұл пәннен мен 7-сыныптан бастап олимпиадаларға қатысып келемін. Жыл сайын мектепішілік, қалалық, облыстық деңгейде жүлделі орындар иеленіп жүрмін. Мектептегі 9-сыныптар арасында бұл пәнді терең меңгерген оқушының бірі екеніме сенімдімін.
– Болашақ мамандығың қандай болмақ?
– Болашақта мұғалім болғым келеді. Қай пәннен сабақ беретінімді әзірге нақты шешпедім, бірақ педагогикалық бағыт менің жүрегіме жақын. Мақсатым – Астана қаласындағы жоғары оқу орындарының біріне, мысалы, AIU университетіне түсу.
– Мектепте қандай қоғамдық жұмыстарға қатысасың?
– Мен «Темірқазық» атты болашақ педагогтерге арналған педклубтың лидерімін. Бұл клубта біз түрлі сабақтар өткіземіз, қалалық сайыстар ұйымдастырып, өзге мектептермен тәжірибе алмасамыз. Топ мүшелері – үздік оқушылар, болашақ мұғалімдер. Бұл – менің ұстаз болуға деген алғашқы қадамым.
– Мектептен тыс қандай сайыстарға қатысасың?
– Соңғы екі жылда Астанадағы №26 мектеп-гимназиясында өткен “ITeacher” байқауына қатыстым. 2024 жылы командамен 1-орын, ал 2025 жылы 2-орын алдық. Сонымен қатар, “Оқитын мектеп” бағыты бойынша жеке жобаммен 1-орын иелендім. Бұл сайыс менің ой-өрісімді кеңейтіп, мұғалім болудың жауапкершілігін терең ұғынуға мүмкіндік берді.
– Хоббиің қандай?
– Би – менің жанымның тынысы. 8 жасымнан бері би өнерімен айналысып келемін. Қазіргі таңда үлгілі хореографиялық ансамбль – «Жизель» ұйымында ұлттық билер бағытында өнер көрсетемін. Әртүрлі халықтардың билерін билеймін: қазақ, орыс, башқұрт, еврей, украин, өзбек, моңғол, молдаван, үнді, грузин билері – репертуарымда. Маған ең қиын би – моңғол биі, ең әсем би – қазақ биі, ал ең сүйікті билерім – қырғыз және үнді билері.
– Өзіңе үлгі тұтатын адам бар ма?
– Иә, менің үлгі тұтар адамым – тәтем Аяжан Саркеева. Ол Астанадағы AIU университетінде химия пәні мұғалімі мамандығы бойынша грантта оқып жатыр. 9-сыныпты қызыл аттестатпен, ал 11-сыныпты «Алтын белгімен» аяқтаған. Қазір университетте химия пәнінің кураторы болып жұмыс істейді. Ол – білімге, еңбекке және табандылыққа деген махаббаттың нағыз үлгісі. Мені әрдайым қолдап, жетістікке жетелеп келеді.
Сұхбаттасқан Аида Яловенко

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!