Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

КЕНШІЛЕР КЕНТІНДЕГІ МЕРЕКЕ

Дата: 20.05.2025 Рубрика: Патриот
168
0
КЕНШІЛЕР КЕНТІНДЕГІ МЕРЕКЕ

Рудный қаласында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні үлкен мерекеге айналды. Көпшілік жиналған орталық алаңда ерекше сәттердің бірі – Мемлекеттік рәміздер экспозициясының ашылуы болды. Бұл – Ту, Елтаңба және Әнұранның құрметіне арналған арнайы нысан.
Жаңбырлы ауа райына қарамастан, алаңға жүздеген қала тұрғыны жиналды. Олар – ардагерлер, жастар, полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілер, оқушылар мен тұрғындар. Әркім өз Отанына деген құрметін жүрекпен сезініп келген.
20 метрлік көк Ту жоғары көкке көтеріліп, салтанатты түрде Әнұран шырқалды. Арнайы жарық шамдармен безендірілген және заманауи технологиялармен жабдықталған бұл композиция – Отанға деген құрметтің белгісі. Бұл рәміздер – біздің ел бірлігінің, тәуелсіздіктің нышаны.
 
Нысан жайлы ақпарат:
Ол үш бөліктен тұрады.
Биіктігі 20 метр.
Онда Ту бағанасы, әнұран мен елтаңба ақпаратын беретін керамограниттен жасалған блоктар бар.
Заманауи жарықтандыру құрылғыларымен және автоматты көтерме механизмімен қамтылған.

 
«Отан қорғаушылар мерекесіне орай Мемлекеттік рәміздер экспозициясының ашылуы – қаламыз үшін ерекше символдық мәні бар оқиға. Рудный биігінде желбіреп тұратын байрағымыз бәріміздің ортақ мәртебемізге айналып, бейбітшілік пен келісімге үндеп тұрғай. Тәуелсіздікке деген қастер-құрметтің нышанына айналғай. Жерлестерді, сарбаздар мен офицерлерді, ардақты ардагерлерді мерекемен құттықтаймын!» – деді қала әкімі Виктор Ионенко.
 
Сен білесің бе?
Қазақстанда жыл сайын Рудныйдан 250-ге жуық жас әскерге аттанады.

  • Мемлекеттік рәміздерге арналған жаңа нысан – қаладағы алғашқы инсталляция.
  • Әскери шеруді елдің барлық қалаларындағы LED экрандардан көрсетті

Қала әкімі Виктор Ионенко Рудныйдың дамуына көп жыл еңбек сіңірген адамдарға «Рудный қаласының Құрметті азаматы» атағын табыс етті. Бұл мәртебелі марапатқа ұстаздықпен ұзақ жыл айналысқан Ғабдолла қажы Ахметжанов, қоғамға көп пайдасын тигізген азаматтар – Геннадий Глейзер, Лилия Пентюхова және Жақсылық Кәкенов лайық деп танылды. Бұл кісілер біздің мақтанышымыз.
– Бүгін өте тамаша мерекеге куә болып тұрмыз. Күн бұлтты болса да, көңіліміз көтеріңкі! Жаңа рәміздер алаңы ашылды, біз қуанып қалдық. Сонымен қатар, осындай үлкен марапатқа ие болғаныма да қатты қуаныштымын, – деді Ғабдолла қажы. – Ата-бабаларымыз ертеден-ақ Отанды қорғауды үлкен міндет деп санаған. Бұл – әр азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан мұндай мерекелер бізге отаншыл болуды үйретеді. Ал бүгінгі мерекелік шара – балалардың жүрегіне патриоттық сезімді сіңіретін жақсы мүмкіндік деп ойлаймын.
Бұдан бөлек, мереке кезінде өз істеріне адал, еңбекқор жандар да марапатқа ие болды. Қаладағы қауіпсіздік пен тәртіпті қадағалап жүрген құқық қорғау қызметкерлеріне Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамотасы табыс етілді. Марапат алғандардың қатарында Рудный қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бастығының орынбасары Қайрат Уәлиахметов пен сол бөлімдегі мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Азат Медетов бар.
Сонымен бірге, өз салаларында тиянақты еңбек етіп жүрген рудныйлық азаматтар – Гүлнара Жүнісова, Бауыржан Молдашев, Амантай Ерғазин және Александр Товстохатько қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Марапат алғандар бүгінгі мерекенің тек ән мен би ғана емес, бұл – Отанды сүю, еліне адал қызмет ету керектігін көрсететін маңызды күн екенін атап өтті. Осындай мерекелер балаларға Отанды қорғау, тәртіп сақтау сынды ұғымдардың маңызын түсінуге көмектесетіні сөзсіз.
Іс-шара "Ар мен абырой мерейі" деп аталған саптық шерумен жалғасты. Бұл шеруде жастар мен әскерилер сап түзеп жүріп өтті. Олардың қадамын 6697 әскери бөлімнің оркестрі әуенмен сүйемелдеді – бұл көрініс өте әсерлі болды!
Іс-шара барысында қала өнерпаздары да ән шырқап, би билеп, көңілді концерт қойды. Бұл мерекеге келген көрермендердің көңіл-күйін көтеріп, ерекше әсер сыйлады.
Сонымен қатар, рудныйлықтар еліміздің бас қаласы – Астанада өткен үлкен әскери шеруді де тамашалай алды. Ол – Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шара болатын. Қаланың орталық алаңындағы үлкен экраннан жұрт Мемлекет басшысы қатысқан шеруді тікелей эфирден көрді. Бұл сәт көрермендерге мақтаныш пен патриоттық сезім сыйлап, Отанды сүюге деген ықыластарын арттырды. Мереке – елге деген сүйіспеншілік пен батырлықтың айқын көрінісі болды.
Балаларға ой тастау:
Сен де ер жеткенде еліңді қорғайтын нағыз батыр болғың келе ме? Ендеше бүгіннен бастап тәртіпті бол, сабағыңды жақсы оқы, спортпен шұғылдан – нағыз патриот болудың жолы осы!

 
Елімізде осындай жарқын мерекелер көп болғай! Еліміз тыныш, көк байрағымыз әрқашан биікте желбіресін!
Рудный қаласы

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!