Жиырма жылдық белес
Дата: 30.05.2023 Рубрика: Патриот
0
181
0
Әлем елдерінің биін меңгерген өңіріміздегі танымал ұжымның бірі «Алтынай» халықтық-үлгілі би ансамблі қалалық балалар шығармашылық үйінде 20 жылдық мерейтойына орай есеп беру концертін берді. Ансамбль қазіргі стилдегі биден және «Япурай», кербез қыз әндерінің сахналық көрсетілімін асқан шеберлікпен орындап, жиналғандардың қошеметіне бөленді. Жиырма жылдық тарихы бар «Алтынай» би ансамблінінің репертуарында әлем халықтарының билерінен құралған жүзге жуық концерттік қойылым бар. Және ол әрдайым жаңарып отырады. Ұжымда алты жастағы бүлдіршіндерден он жеті жасқа дейін бойжеткендер өнер көрсетуде. «Алтынай» би ансамблінің концертін тамашалау – бөтен елге барып, оның халқымен танысумен бірдей. «Алтынайдың» өнері – нағыз халықтық өнер. Онда дәстүр мен тарихтың тереңдігі, қазіргі заманның бояуы бар. Осы жетістіктердің барлығы ұжымның тынымсыз еңбегінің, керемет ынтасының және кәсібиліктің арқасында келді. Шығармашылық дамуының қазіргі кезеңінде шығармашылық ұжымның репертуары әлем халықтары билерінің сан алуан бейнесі мен би мәдениетінің алуан түрлігі көрініс тапқан, - дейді құттықтауға келген Қостанай балалар шығармашылық мектебінің директоры Ляззат Баймусина. Балалар шығармашылығы мектебінде осыдан жиырма жыл бұрын біліктілігі жоғары деңгейлі бас балетмейстер Салтанат Нұрымованың жетекшілігімен «Алтынай» би ансамблі құрылды. Алғаш өнерге қадам басқан жылдары ұжымда 15 бала ғана болды, қазір олардың саны 350-ге жетіп жығылды. Қазір репертуарында жүзге жуық би мен би қойылымдары бар. «Әр бидiң өзiндiк ерекшелiгi, мiнез-құлқы бар. Алтынай ансамблі құрамындағы әр бишi сахнада ұлттық биді бар шеберлiгiмен, жан-тәнiмен жеткiзуге тырысады. Көрермендерге өз биінің сұлулығын жеткізуге, қозғалыс арқылы жанын ашуға, оларды хореографиялық образ арқылы бай мәдениетке баулуға деген ұмтылыс – алдымызға қойған басты міндетіміз. Ал, бүгінгідей дәрежеге жетуімізге қыздарымыздың өнері ғана емес, ата-аналардың да зор қолдауын атап өтуім керек», – деді «Алтынай» халықтық-үлгілі би ансамблінің жетекшісі Салтанат Нұрымова. Аншлагқа толы кеште жаңа туындылар да көрермен назарына ұсынылды. Сәт сайын бейне роликтерден ансамбльдің тарихы, жеткен жетістігі көрсетіліп тұр. Меймандар мен ата-аналар тілектерін білдіріп, «Алтынайдың» қыздарына сәттілік тіледі. Жиырма жыл ішінде «Алтынай» бірнеше буынның қанатын қатайтты. Бүгінгі күні сол түлек шәкірттердің балалары Салтанат Ыбырайқызының тәлімін алып келе жатыр. Бұл жолы шәкірттерден бөлек, ата-аналар да өнерлерін ортаға салып, ерекше тосынсый жасады. Бұл номер көрерменнің көңілін көтеріп тастағанын айта кету керек. Тағы бір айта кететін жаңалық, алдағы маусым айында мың бұралған өнерпаздарымыз Өзбекстан астанасына үлкен конкурсқа аттанбақшы. Сәттілік серік болғай!
Комментарии