Ұстаздың еңбегі зор
Дата: 01.06.2020 Рубрика: Патриот
0
579
0
Білім беру саласында 30 жыл аянбай тер төккен екенмін. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінен қаншама балаға сабақ бердім, білім нәрімен сусындаттым. Осы көп жылдық еңбегім еленіп, ҚР Білім беру ісінің үздігі деген атаққа ие болдым. Соңғы жылдары Н.Наушабаев атындағы орта мектепте еңбек етіп, сол жерден зейнеткерлікке шықтым. Қазір зейнеттегі ұстаз-әжемін десе де болады. Биыл елдегі індетке қарсы барлық мектептер онлайн оқуға көшті ғой. Қолымда екі немерем бар. Біреуі 9, екіншісі 3 сыныпты аяқтады. Ересегі өз бетінше дайындалды, ал кішісімен бірге отырып дайындалып, қадағаладым. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген сөз бар. Өз басыма балаға үйден сабақ оқыту қиынға соқпады. Ұстаз қашанда ұстаз болып қала береді. Оқу жылын өте жақсы деген бағамен аяқтадық. Мен қиналмағаныммен өзге ата-аналарға бұл бір кезең оңай болмаған шығар. Бәрі ұстаз емес. Қандай жағдайда да баланың талпынысын көтермелеп, дамытып отыруды естен шығармасақ екен. Бірақ осы кезеңде балаға орта жетіспеді. Мектебін, апайын, бірге оқитын достарын сағынды, айта берді. Сабағын қадағаладық, оқыдық, жан-жақты дайындалдық. Осының жемісін көрдік. Алғашында қиын болса да кейін үйреніп алды. Мұндай оқудан біз баланы өз бетімен сабаққа мұқият болуды үйреттік. Бала өзін өзі оқытуға, білім іздеуге, өзін дамытуға үйренді. Өмірлік тәжірибемде мұндайды алғаш басымнан өткізуім. Келешекте мұндай індет болмасын. Бұл орайда әріптестеріме де оңай болмады. Бір сыныпта 20-25 бала болса соның әр қайсысымен хабарласып, бөлек-бөлек жұмысын тексеріп, тер төккен мұғалімнің еңбегі зор. Әрине, бала алдыңда отырып, 45 минут бойы түсіндіріп, пысықтап өткізген сабаққа не жетсін. Осындай сынақтан мүдермей шыққан әріптестеріме алғыс айта отырып, соңғы қоңырау күнімен құттықтағым келеді.
Балдырған СПАБЕКОВА, ҚР Білім беру ісінің үздігі, зейнеткер ұстаз
Балдырған СПАБЕКОВА, ҚР Білім беру ісінің үздігі, зейнеткер ұстаз
Комментарии