Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Өнер мен тіл тоғысқан байқау

Дата: 13.10.2026 Рубрика: Круто!
5
0
Өнер мен тіл тоғысқан байқау
Білім мен өнерді ұштастырған жүзге жуық жас Қостанайда бір сахнада бас қосты. «Мың бала» республикалық мәдени-­ағартушылық жобасының облыстық кезеңінде үздіктер анықталып, жиырма финалист бас жүлде үшін бақ сынады.
Үміткерлердің дайындығы жоғары болғандықтан, қазыларға жеңімпазды таңдау оңайға түскен жоқ.
Қазақтың әні мен дәстүрін қатар меңгеріп
Қатысушылар екі аталым бойынша бақ сынады. Оның алғашқысы – «Әлеуметтік желілерде мәнерлеп оқу». Бұл кезеңде түрлі этнос өкілдерінен құралған жас талапкерлер Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай ақын шығармаларын жатқа, мәнерлеп оқып, әлеуметтік желіге бейнежазба ұсынуы тиіс болды. Бұл аталымда Жангелдин ауданынан келген Данияр Ибраевтың өнері көрермен көңілінен шықты. Торғай жалпы білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы ақиық ақынның «Райымбек, Райымбек!» поэмасынан үзінді оқыды. Жас өреннің дауыс ырғағынан поэманың асқақ рухы анық сезіліп, тыңдарманды бірден баурап алды. Ақын жырындағы елдік рух пен тарихи тағылымды жас оқушының өзіндік мәнері айшықтай түсті.
Өзге аудан-­қалалардан келген балғындар да Мұқағали поэзиясын өзінше өрнектеп, ақын мұрасын кейінгі буынға жеткізуге өз үлестерін қосты. Бірі сырлы лириканы нәзік жеткізсе, енді бірі отты жырларды жігерлі үнмен оқып, сахна мәдениеті мен көркемсөз оқу шеберлігін танытты. Ал «Бірлікке үн қосқан» аталымында қатысушылардың вокалдық шеберлігі сыналды. Бұл бағытта он бес өнерпаз қазақтың дәстүрлі әндерін, ұлттық және классикалық шығармаларды орындады. Әсіресе, әнді домбырамен сүйемелдеп, ұлттық нақышта орындаған жас өнерпаздардың өнері көпшіліктің көңілінен шықты.
Меңдіқара ауданынан келген Ксения Шило «Беу, айдай» әнін орындағанда, залда отырған көрермен ду қол шапалақтап, жас әншіні ерекше қолпаштады. Ал Рудный қаласының өкілі Анастасия Плющенко «Атамекен» әнін шырқап, вокалдық мүмкіндігінің мол екенін аңғартты. А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің 1-курс студенті Кэтрин Майердің орындауындағы «Қазақ жастарының әнұраны» да көпшілік назарын аударды. Денисов ауданының тумасы қазақ тілін жетік меңгерген. Мемлекеттік тілдегі балабақшада тәрбиеленіп, қазақ мектебінде білім алған Кэтрин бүгінде Ахаң атындағы оқу ордасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеріп жүр.
Қазақ тілін бала кезінен бойына сіңірген жас студент ұлттық өнерден де кенде емес. Қазақтың әні мен дәстүрін қатар меңгеріп, түрлі байқауларда ел алдына шығып жүрген ол бұл жолы да өз мүмкіндігін толық көрсетті.
«Өнерге қадамымды балабақша сахнасынан бастадым. Алғаш орындаған әнім – «Асыл әже». Бес жыл Денисов ауданындағы музыкалық мектепте оқыдым. Қазақ тілін, халық әндерін үйренуге бағыт берген ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Кішкентайымнан мемлекеттік тілді меңгергенімнің арқасында қазір кез келген жарысқа именбей қатыса аламын», – деді Кэтрин.
Вокалдық орындаушылықпен қатар, байқау сахнасында күй күмбірі де естілді. ҚӨУ-дың 1-курс студенті Софья Полякова «Ер Тұран» күйін орындаса, Денисов ауданының өрені Нелли Важничая «Кеңес» күйін күмбірлетті. Осылайша жас өнерпаздар қазақтың әні мен күйін меңгеріп қана қоймай, ұлттық мәдениеттің тереңіне бойлап жүргендерін көрсетті.
Тіл білген талапкер топ жарды
Қатысушылардың өнерін кәсіби мамандардан құралған әділқазылар алқасы бағалады. Қазылар құрамында «Қазақ тілі» республикалық қоғамдық бірлестігі Қостанай филиалының төрағасы, «Қостанай» телеарнасының директоры Заңғар Санай, Ы.Алтынсариннің облыстық мемориалдық музейінің директоры, белгілі композитор Марғұлан Оспанов, облыстық мәдениет басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Кенжеғали Бимағанбетов, облыстық филармонияның солисі, әнші Айсұлу Тұткышева болды. Байқаудың ерекшелігі – қатысушылардың шығармашылық қабілетімен қатар, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне де басымдық берілуі. Бұл талап жобаның негізгі мақсаты – түрлі этнос өкілдерінің қазақ тілі мен ұлттық мәдениетке қызығушылығын арттыруға бағытталғанын аңғартты.
– Жеңімпаз алдағы уақытта республикалық кезеңге жолдама алады. Оны біздің облыстың намысы деп түсіну керек. Қатысушылардың бәрі керемет, бірінен бірі өткен. Бөліп-жарып қарауға тағы болмайды. Бірақ ертең елордаға барғанда Қостанайдың беделін түсірмейтіндей, жан-жақты болғаны жөн, – деді қазылар алқасының мүшесі Заңғар Санай.
Сондықтан шешуші сәтте қазылар алқасы жиырма қатысушының арасынан оза шапқан үздік бес үміткерге қазақ тілінде қосымша сұрақтар қойды. Бұл кезеңде балалардың мемлекеттік тілде еркін сөйлей алуы, ойын жеткізуі және сұраққа нақты жауап беруі бағаланды.
Сайыстың осы тұсында кейбір үміткерлер тосылып, қазақ тілінде қойылған сауалдарға жауап беруде қиналды. Ал Кэтрин Майер керісінше, қазылармен емен-жарқын сөйлесіп, тілдік дайындығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ол репертуарындағы тағы бір әнді жанды дауыста орындап, өзінің жан-жақты өнерпаз екенін көрсетті. Осылайша Кэтрин жобаның барлық талабын толық орындап, «Мың бала» байқауының облыстық кезеңінің бас жүлдесін иеленді.
Жеңімпазға бас жүлдені облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Қазез табыстады. Ол барлық қатысушыға алғыс айтып, жас өнерпаздарға шығармашылық табыс тіледі.
«Байқауда шығармашылық қабілеттен бөлек, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне басымдық берілді. Бұл талап жас өркеннің қазақ тілін үйренуге деген ынтасын оятады деп сенеміз. Бүгін 4-5 сынып оқушылары да келіп, өнер көрсетті. Жарайсыңдар! Байқау сіздер секілді балғындарды қанаттандырады», – деді Қайрат Талғатұлы.
Үздіктерге құрмет көрсетілді
Іс-шара соңында жүлдегерлер мен белсенді қатысушыларға, сондай-ақ олардың жетекші ұстаздарына дипломдар мен Алғыс хаттар табысталды. Ал бас жүлде иесіне 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық және «Мың бала» жобасының республикалық кезеңіне жолдама берілді. Байқаудағы үздік өнерпаздарды ынталандыру мақсатында қазылар алқасының мүшелері де өз тараптарынан сый-сияпат жасады. Ы.Алтынсариннің облыстық мемориалдық музейінің директоры Марғұлан Оспанов Жангелдин ауданының өнерпазы Данияр Ибраевқа музей атынан 35 мың теңге ақшалай сыйлық табыстады.
Ал «Қостанай» телеарнасының директоры Заңғар Санай «Ер Тұран» күйін шебер орындаған ҚӨУ-дың 1-курс студенті Софья Поляковаға телеарна атынан 35 мың теңге сыйақы ұсынды. Осылайша облыстық кезең өнер мен білімнің, ұлттық мәдениет пен мемлекеттік тілдің өзара сабақтастығын көрсеткен мазмұнды шараға айналды. Байқауға қатысқан әр бала үшін бұл – тек жүлде үшін талас емес, қазақ тілін үйреніп, ұлттық өнерді танып, өз қабілетін шыңдауға жасалған маңызды қадам. Ал Қостанай облысының намысын республикалық кезеңде қорғайтын Кэтрин Майер үшін бұл жеңіс – үлкен жауапкершілік. Ендігі міндет – облыстық кезеңде алған абыройды ел көлеміндегі бәсекеде де лайықты қорғау.
Айсара Серік, оқушы

 
 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!