Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Өнерлі өрендер

Дата: 19.05.2026 Рубрика: Круто!
6
0
Өнерлі өрендер
Ел болашағы – білімді де отансүйгіш жастардың қолында. Осы мақсатта Амангелді ауданы білім бөлімінің жоспарына сәйкес, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Қыран елім, Қазақстаным!» атты жас патриоттар форумы ұйымдастырылды.
Рассвет негізгі орта мектебінің базасында өткен бұл шара ауданның белсенді жастарының басын қосты. Форумның басты мақсаты – мектеп оқушыларының бойында отаншылдық сезімді қалыптастыру, көшбасшылық қабілеттерін дамыту және «Адал азамат» тұжырымдамасының құндылықтарын насихаттау. Жиынға ауданымыздың мектеп парламенті мүшелері мен «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының үздік көшбасшылары қатысты.
Шара салтанатты түрде ашылып, алғашқы бөлімінде қатысушылар психологиялық тренингтер арқылы командалық жұмысқа жұмылдырылды. Сонымен қатар, спорттық ойындар ұйымдастырылып, оқушылардың ширақтығы мен ептілігі сынға түсті.
Форумның ең маңызды кезеңі – жобалар қорғау бөлімі болды. Мұнда жас көшбасшылар мектеп өмірін жақсартуға, экологияны қорғауға және әлеуметтік бастамаларға бағытталған өздерінің тың жобаларын таныстырды. Дөңгелек үстел форматында өткен еркін пікірталаста оқушылар қазіргі қоғамдағы жастардың рөлі туралы өз ойларын ортаға салып, болашаққа бағытталған идеяларымен бөлісті. Шығармашылық бағытта өз өнерлерін көрсеткен оқушылар форумның мазмұнын байыта түсті. Жиынды қорытындылай келе, Амангелді аудандық білім бөлімінің әдіскері Мақпал Кәкімбекқызы жас патриоттардың белсенділігі мен ізденістеріне ризашылығын білдіріп: «Бүгінгі жастар – ертеңгі ел тірегі. Сіздердің ұсынған жобаларыңыз бен білімге деген құштарлықтарыңыз «Адал азамат» қағидасының іс жүзіндегі көрінісі», – деп атап өтті.
Шара соңында ерекше көзге түскен белсенді оқушылар мен жас көшбасшылар аудандық білім бөлімінің грамоталарымен марапатталды. Бұл форум жастарға үлкен жігер беріп, олардың қоғамдық жұмысқа деген ынтасын арттырған маңызды қадам болды.

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!