Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Қазақ тілін қуыршақтар театрынан да үйренуге болады

Дата: 30.09.2025 Рубрика: Круто!
87
0
Қазақ тілін қуыршақтар театрынан да үйренуге болады
Иә, шынымен де қазақ тілін театрдан да үйренуге болады. Өйткені сахналық қойылымдар арқылы бала әрі қызығып, әрі ойнап жүріп тілді тез меңгереді. Кейіпкерлердің айшықты сөзі, анық айтылымы мен әсерлі қимыл-қозғалысы жас көрерменнің тілдік қорын байытып қана қоймай, қазақ тілін табиғи қабылдауына ықпал етеді.
Қостанай қуыршақтар театрында соңғы жылдары қазақ тіліндегі қойылымдар көбейіп келеді. Бұл – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, балаларды жастайынан қазақы құндылықтарға баулудың маңызды қадамы. Әр қойылымда ұлттық салт-дәстүр мен халық ауыз әдебиетінің озық үлгілері көрініс тауып, тіл үйренушілер үшін мол мүмкіндік туындайды.
Осылайша қуыршақтар театры тек өнердің ғана емес, тіл үйретудің де тиімді алаңына айналып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын тауып, жас буынға қазақ тілін қызықты әрі тартымды жолмен үйретуге зор септігін тигізбек.
Жақында Қостанайда тұңғыш рет халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі «KOSTANAY PUPPET LIFE – 2025» басталып, бір апта бойы көрермендеріне небір спектакльдер ұсынды. Өнер фестивалі қаланың орталық көшелеріндегі әсерлі театрлар шеруімен басталып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады. Қытай, Иран, Перу, Ресей, Өзбекстан, Түркия және Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген кәсіби ұжымдар өз өнерлерін паш етіп, апта бойы түрлі спектакльдермен қуантты.
Қостанайлық көрермендер қуыршақ театры мен облыстық қазақ драма театры сахналарында түрлі елдерден келген театрлардың қойылымдарын тамашалады. Фестиваль бағдарламасына шығармашылық кездесулер, шеберлік сыныптары мен ашық дәрістер де енгізілген. Бұл жас әртістер үшін үлкен тәжірибе алаңы болды.
Халықаралық деңгейде өтіп жатқан фестиваль қостанайлықтарға өнердің өзгеше қырын танытып қана қоймай, әлемдік театр қауымдастығымен мәдени байланыстарды нығайтуға мүмкіндік бергені де рас. Мұндай ауқымды басқосулар өнердің ортақ тіл екенін тағы бір айқындап, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайта түседі.
Фестиваль қонақтары журналистермен кездесуде бүгінгі күні қуыршақтар театрын тек балаларға ғана арналған деген түсінік қате пікір екенін атап өтті. Шын мәнінде, қуыршақ театры балалар үшін де, ересектер үшін де қызықты әрі тартымды өнер ордасы болып қала береді. Ол жас көрермендерді рухани әлемге жетелеп, қиялдың қанатын кеңейтсе, ересектерге өткен шақты еске салып, рухани демалыс сыйлайды.
Баласын ертіп келген ата-аналардың ризашылық танытып, алғыстарын білдіріп жататын сәттері де жиі кездеседі. Мұның бәрі қуыршақ театрының қоғамдағы маңызын, әр буынға ортақ құндылық сыйлай алатын қасиетті орда екенін айғақтайды. Сондықтан да қуыршақтар театры тек өнер ғана емес, рухани байлықтың да қайнар көзі болып қала бермек.
Алғашқы болып көрермендерді «Астана» театры «Алдар-Көсе» қойылымымен қарсы алды. Қазақтың халық ауыз әдебиетіндегі мәңгілік кейіпкерді сахнаға шығарған өнерпаздар көрерменді бірден баурап алды. Зал бұл қойылымды үлкен қызығушылықпен қабылдады, себебі спектакль тек қана көңіл көтеріп қоймай, сонымен бірге мәңгілік құндылықтарды көрсете білді.
Қойылымдағы түрлі оқиғалар мен кейіпкерлердің шынайы бейнелері, актерлердің шебер ойыны, сахналық безендіру мен музыкалық сүйемелдеу көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Әсіресе, балалар да, ересектер де жақсылықтың зұлымдықты жеңетінін паш еткен оқиғаны тамсана тамашалады.
– Ұлымды театрға бірінші рет әкеліп тұрмын. Мансұр балама өте ұнады. Спектакль қазақ тілінде, оқиға жеңіл қабылданады. Енді жиі келіп тұратын боламыз, – дейді ұлын алып келген көрермен Гүлжиһан Әлиакпарова.
Фестиваль аясында шетелден келген театр ұжымдары мен өнерпаздар көрерменге ерекше әсер қалдырды. Перу елінен арнайы ат арытып жеткен талантты актер «A LA CARTE» атты спектаклін ұсынды. Жеке өзі марионеткаларды аса шеберлікпен басқарған әртіс қалың көрерменді бір сәтте баурап алып, өнердің өзгеше қырын паш етті. Оның орындауындағы көрініс креативті болды. Әр әрекетінде терең мән жатқаны көрініп тұрды. Осынысымен де залды тәнті етті. Әрбір қимыл, әрбір деталь көрермен жүрегіне әсерлі жеткендей болды.
Ал Өзбекстаннан келген театр ұжымы «Солнечный лучик» қойылымын сахналады. Жылылыққа толы спектакль балаларды шаттыққа бөлеп, бірге келген ата-аналар да балалық шаққа сапар шеккендей болды. Әр сәтінде қуаныш пен мейірім сыйлаған қойылым фестивальдің шырайын кіргізген сәттердің бірі болды.
Жезқазған қаласынан келген театр «Күй құдіреті» атты ерекше қойылымымен көрерменді толқынысқа бөледі. Қазақтың дәстүрлі күй өнерінің терең философиясы мен рухани құндылығы сахнада айрықша өрнектелді. Әуен мен актерлік ойынның үйлесімділігі жүректерге жол тауып, өнердің шынайы қуатын сездірді.
Фестиваль сахнасында Қызылорда театры да өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Олар ұсынған «Ұр, тоқпақ» қойылымы дәстүр мен заманауи көзқарастың тоғысқан жарқын үлгісі болды. Ұлттық сарыны мен тың ой-толғамдары көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, ерекше қошеметке ие болды.
Фестивальдің арнайы қонағы ретінде Түркиядан келген әйгілі өнерпаз Юдже Халюк көлеңке театрының құпиясын паш етті. Оның шеберлік сабағы ерекше. Көлеңке өнерінің сиқырына жетеледі. Қарапайымдылық пен қиялдың тоғысқан тұсында пайда болатын осы өнер түрі көпшіліктің қиялын тербеп, өнерге деген сүйіспеншілігін арттыра түсті.
Әр жақтан келген қойылымдар мен шеберлік сағаттары фестивальдің ауқымын кеңейтіп қана қоймай, қостанайлықтарға әлем өнерінің байлығын сезінуге мүмкіндік берді. Театр сахнасы осылайша түрлі мәдениеттердің басын қосып, өнердің ұлы күшін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Фестиваль аясында Қазақстанда танымал режиссерлер қатысты. Солардың бірі «С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қазақ музыкалық драма театрының режиссері Жанболат Каменов.. Оның айтуынша, жаңа қойылымдарға шабыт беретін басты құрал қоғамда болып жатқан өзекті мәселелер мен адамның жан дүниесіндегі ізденістер.
– Қазіргі жастарды театрға тарту оңай емес, өйткені интернет дәуірінде олардың назарын аудару қиындап барады. Сол себепті сахнада түрлі эффектілерді пайдалануға тырысамыз. Дегенмен, театр – өмір айнасы болғандықтан, біз шындықтан алшақтап, жасандылыққа жол бермейміз, – дейді ол.
Сонымен қатар режиссер өзінің басты ұстанымы ретінде автор идеясын жоғалтпай, оны режиссерлік көзқараспен көркемдеп жеткізуді атап өтті.
Халықаралық деңгейде өткен бұл фестиваль қостанайлық көрермен үшін қуыршақ өнерінің жаңа қырларын танытқан жарқын мәдени күндер көрермен көңілінен шығып, марқайып қалды.
Арлан Бақытқали, оқушы

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!