Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Кітап оқитын елдің келешегі кемел

Дата: 01.12.2026 Рубрика: Изба-читальня
9
0
Кітап оқитын елдің келешегі кемел
Өскелең ұрпақты кітап оқуға баулу, ел ішінде оқу мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы елімізде жаңа рухани серпіліс қалыптастыруға жол ашып отыр. Аталған бастама аясында Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында «Кітап оқитын ұлт: оқу мәдениетін дамыту жолдары» тақырыбында республикалық семинар өтті.
Екі күнге созылған кәсіби басқосуға еліміздің әр өңірінен кітапхана саласының мамандары қатысып, тәжірибе алмасып, өзекті мәселелерді талқылады. Семинарға Л. Н. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы бойынша менеджерлері «Оқитын мемлекеттік қызметкер» бағытына жауапты Гүлжан Байзирова мен «Оқитын әулет» бағытына жауапты Ботакөз Дүйсембаева Әділбекқызы қатысып қайтқан еді.
– Түркістан төріндегі «Фараб» кітапханасы бізге ерекше әсер қалдырды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған кітапхана кеңістігі, оқырманға жасалған қолайлы жағдай мен жұмыстың озық үлгілері кәсіби тұрғыдан көп ой салды. Семинар барысында цифрлық дәуірде жас ұрпақты кітап оқуға қызықтыру, кітапхана қызметін жаңа форматта ұйымдастыру, әлеуметтік желілер арқылы әдебиетті насихаттау мәселелері кеңінен қозғалды. Әр өңірден келген әріптестерімізбен пікір алмасып, тәжірибе жинақтадық. Мұндай кездесулер мамандарға тың идея беріп қана қоймай, өз жұмысына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік жасайды, – дейді Гүлжан Байзирова.
Оның айтуынша, кітапхананың бүгінгі міндеті – тек кітап қорын сақтап, оқырманға ұсынумен шектелмейді. Ең бастысы – кітапты қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырып, әр адамның бойында тұрақты оқу дағдысын қалыптастыру. Бұл ретте оқырманның қызығушылығын ескеріп, түрлі форматтағы жобаларды жүзеге асырудың маңызы зор. Облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы да осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Облыстың рухани-­мәдени орталығына айналған кітапханада «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер» секілді бастамалар қолға алынған. Аталған жобалар арқылы отбасылық кітап оқу дәстүрін қалыптастыруға, мемлекеттік қызметшілердің кітапқа деген қызығушылығын арттыруға басымдық беріліп отыр.
– Біз үшін ең маңыздысы – кітапты оқырманға жай ғана ұсыну емес, оны оқуға ынталандыру. «Кітап оқитын әулет» жобасы арқылы отбасында кітап оқу дәстүрін дәріптесек, «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер» бастамасы арқылы қоғамның түрлі саласында еңбек етіп жүрген азаматтарды рухани ізденіске шақырамыз. Қуантатыны, мұндай марафондар мен әдеби бастамаларға қызығушылық артып келеді. Оқырмандардың қатары көбейіп, кітапханаға деген көзқарас та жаңарып жатыр. Бұл – атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесі, – дейді кітапханашы.
Әрине, мұндай бастамалардың жүзеге асуына кітапхана әкімшілігінің қолдауы да айрықша. Ұжымның кәсіби дамуына жағдай жасалып, республикалық және өңірлік деңгейдегі әдеби-­мәдени іс-шараларға, түрлі байқаулар мен тәжірибе алмасу алаңдарына қатысуға мүмкіндік беріліп келеді. Соның арқасында кітапхана мамандары өз білімін жетілдіріп, озық тәжірибелерді күнделікті жұмысқа енгізуге күш салуда.
Гүлжан Байзирова үшін Түркістандағы семинар кәсіби тәжірибені толықтырып қана қоймай, туған өңірде жүзеге асыруға болатын жаңа идеялардың бастауына айналған.
– Кітап оқитын ұлт қалыптастыру бір мекеменің немесе белгілі бір сала мамандарының ғана міндеті емес. Бала кітапты қолына алса, оның ой-өрісі кеңейеді, дүниетанымы қалыптасады. Сондықтан әрбір отбасында кітап оқуға уақыт бөлініп, үлкендер балаға үлгі болуы керек. Біздің басты мақсатымыз – кітапты күнделікті өмірдің табиғи қажеттілігіне айналдыру. Түркістан сапарынан алған әсеріміз бен тәжірибеміз алдағы уақытта жаңа жобаларға серпін береді деп сенемін, – дейді ол.
Расында, кітап оқитын қоғам – ойлы ұрпақтың, саналы ортаның және рухани бай мемлекеттің негізі. Сондықтан оқу мәдениетін дамыту жолындағы әрбір бастама мен ізденістің маңызы зор.

 
 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!