Дата: 10.06.2025 Рубрика: Изба-читальня
0



Қостанайда төрт ай бойы жалғасқан «Оқы және жең!» ІІІ облыстық әдеби онлайн байқауы өз қорытындысына жетіп, ең үздік оқырмандар марапатталды. Жеңімпаздарды ардақтау салтанаты заманауи IQostanay орталығында өтті.
Бұл ерекше байқау балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, ой-өрісін кеңейту, әдебиетке деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында ұйымдастырылды. Жобаға облыстың барлық аудан-қалаларынан мыңға жуық оқырман қатысты. Олардың арасында жастар да, ересектер де бар.
Байқау қалай өтті?
Байқау төрт кезеңнен тұрды. Алғашқы үш кезеңде қатысушыларға арнайы таңдалған кітаптар берілді. Олардың мазмұны бойынша онлайн тест тапсырып, ұпай жинады. Ал соңғы кезеңде қатысушылар оқыған шығармаларға байланысты эссе жазып, өз ойларын көркем тілмен жеткізді. Қазылар алқасы ең үздік оқырмандарды анықтап, бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов:
– «Оқы және жең!» – тек байқау ғана емес, бұл – рухани байлыққа бастар жол. Кітап – адамның ең жақсы досы. Президентіміз де ұлтты оқуға баулуға шақырады. Бұл жоба – сол үлкен міндеттің бір көрінісі. Әрбір бала кітаппен дос болса, оның болашағы жарқын болады, – деді.
Қазылар алқасының мүшесі, ақын Нұрқанат Құлабаев та байқаудың ерекше деңгейде өткенін атап өтті:
– Биыл кітапқа шын қызығатын, шынайы оқырмандардың қатары көбейгені қуантады. Әсіресе, жасөспірімдердің белсенділігі сүйсінтті. Барлық қатысушы жеңіске лайық, – деді ол.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кімдер?
10-14 жас санатында 3-орын алған Қостанай ауданынан Інжу-Маржан Марқабайдың, әулиекөлдік Бекарыс Мырзаш, әулиекөлдік Томирис Нұрпейіс, 15-18 жас санатында 3-орынды қостанайлық оқушы Жазира Кенжебекова, қостанайлық студент Даяна Даниярқызы, науырзымдық Жансая Сәлімгерейқызы иеленді. 19 және одан жоғары жастағы оқырмандар санатында 3-орынға аманкелділік мұғалім Мәди Шөптібай, рудныйлық мұғалім Жанбота Ғиса, облыстық Қоғамдық даму басқармасының бас маманы Арайлым Исмағұлова ие болды.
Орыс тілді оқырмандар арасында 10-14 жас санатында 3-орынға қостанайлық оқушылар — қостанайлық Ирина Харина мен Алима Халитова, рудныйлық Саида Хусаинова, 15-18 жас санатында ұзынкөлдік Кирилл Райляну, рудныйлық Дмитрий Классен, арқалықтық Алина Иштемирова, 19 және одан жоғары жас санатында әулиекөлдік Каролина Кельм, қарабалықтық Мария Качко, сарыкөлдік Валентина Токарева ие болды.
2-орынға 10-14 жас санатында Амангелді ауданы оқушысы Асыл Болатбекқызы, қостанайлық оқушылар — Асылнұрай Байжан, Камила Нұрпейісова, Диана Бейсембина ие болды.15-18 жас санатында қостанайлық студент Инабат Асылхан, рудныйлық Әсем Биғалиева, қостанайлық оқушы Аян Көсембаев, қарасулық оқушы Снежана Кәкімова 2-орын алды. 19 және одан жоғары жас санатында Ахаң атындағы ҚӨУ аға оқытушысы Шынар Төлегенова, науырзымдық 9 немеренің әжесі Балжан Байтасова, қостанайлық мұғалім, бес баланың анасы Данара Төлепова 2-ші тұғырдан көрінді. Ал 1-орынды 10-14 жас санатында Нұрай Жылқыбай, қостанай Ясмина Усембаева иеленді.
15-18 жас санатында арқалықтық Лунара Алмат, федоровтық Полина Мозер;
19 және одан жоғары жас санатында ұзынкөлдік Алмас Мұратбек, федоровтық Веда Шумская жеңімпаз атанды.
«Оқы және жең!» жобасы жылдан-жылға кең құлаш жайып келеді. Бұл жоба тек байқау емес, балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға, ізденуге, жазуға баулитын үлкен мектеп. Қатысушылардың айтуынша, байқауға қатысқалы бері олар көп нәрсені үйреніп, шығармашылық қабілеттерін шыңдаған. Байқау келесі жылы да жалғасын таппақ. Сондықтан кітап оқып, келесі жылы жеңімпаз болуға дайындала бер!
Комментарии