Ақын – елдің ардағы
Дата: 03.06.2025 Рубрика: Главная ценность
0
138
0

Балалар, біз жергілікті ақын-жазушыларымызды жақсы тануымыз керек. Ақылбек Шаяхметтің балаларға арналған «Күлімдейді күніміз», «Гүл мен бидай», «Біздің бақша», «Шынар», «Аяз және Қыдыр», «Әдемі», «Бағдаршам» деп аталатын жинақтары «Жалын», «Балауса», «Елорда», «Балалар әдебиеті», «Бауыр-плюс» баспаларынан жарық көріп, кішкентай оқырмандардың ықыласына бөленген болатын. Өлеңдері мектеп оқулықтарына, «Жыл-он екі ай» жинақтарына енгізілген. Тақпақтардың тілі жатық, бала ұғымына жеңіл, жылдам жатталады.
Газет оқырмандарына ақынның бір топ өлеңдерін ұсынып отырмыз.
Желбіре,
бірліктің
жалауы!
Қазағым, еркіндік аңсаған,
Мал емес, ар үшін қиған жан.
Ақыры тәуелсіз ел болып,
Даланы нұрға орап атты таң.
Жеткізген біздерді теңдікке,
Жарқыра, елдіктің алауы!
Куә бол достыққа, ерлікке,
Желбіре, бірліктің жалауы!
Іргелі, мерейлі болдық ел,
Кілемдей құлпырды туған жер.
Шаңырақ ешқашан шайқалмай,
Еркін ел, еңкеймей, өсе бер!
Жеткізген біздерді теңдікке,
Жарқыра, елдіктің алауы!
Куә бол достыққа, ерлікке,
Желбіре, бірліктің жалауы!
Бірлік
Жұмыла қалсақ
Тағуға түйме,
Бірікпей саусақ,
Ілікпес ине.
Шашылса моншақ
Ілінбей жіпке.
Бір-бірден алсақ,
Жараспас түк те.
Таспиық болып
Қосылса басы,
Жақсыға жорып,
Домалар тасы.
Қазақтың жаны
Даладай дархан.
Бірліктің мәні
Осында, қалқам!
Сапта
Оңға!
Солға!
Айнал!
Басыңды ұста тік!
Жер бауырла!
Еңкей!
Оқпанға түс!
Бұқ!
Кері қарай шегін!
Аттап алға шық!
Сапта қатар бұзба!
Бол шегедей мық!
Шекеге апар қолды!
Бас аяқты нық!
Көбелек және гүл
Көбелекке бұл маңда
Ұқсас гүл көп, не керек.
Шөп үстіне қонғанда
Гүлге ұқсайды көбелек.
Көбелектің, алайда
Жұпар иісі болмайды.
Қызыл гүлдер далада
Жанған оттай лаулайды.
Сарбаз киімі
Оны киіп алдым да,
Тұрдым айна алдында.
Жағдайым жоқ алаңдар,
Екі иықта погон бар.
Кидім басқа бөрікті,
Өзі сондай көрікті.
Етік кидім аяққа,
Барсам екен қай жаққа?!
Белге тақтым белбеуді,
Сарбаз болдым мен де енді.
Ұландар жыры
Туған жерді сүйеміз,
Шымыр болып өсеміз.
Ыстық күнге күйеміз,
Салқын суға түсеміз.
Бір!
Екі!
Бұйрықты орында!
Үш!
Төрт!
Орныңда адымда!
Біз мұрагер!
Ұланымыз ұлы елдің.
Біз мұрагер!
Еншімізде –келер күн.
Бір!
Екі!
Бұйрықты орында!
Үш!
Төрт!
Орныңда адымда!
Мақсат айқын елім деген,
Бұзылмайды іргеміз.
Адалдықпен, сенімменен
Біз әрқашан біргеміз.
Бір!
Екі!
Бұйрықты орында!
Үш!
Төрт!
Орныңда адымда!
Біз мұрагер!
Ұланымыз ұлы елдің.
Біз мұрагер!
Еншімізде –келер күн.
Рахмет саған!
Сен сыйладың таң нұрын,
Күннің күміс шапағын.
Еркін күнім – тағдырым,
Рахмет саған, Отаным!
Көз жетпейтін алысқа
Жетіп жатыр атағың.
Ұшты қазақ ғарышқа,
Рахмет саған, Отаным!
Жауқазындай құлпырған
Келеді өсіп қатарым.
Жақсылыққа ұмтылған
Рахмет саған, Отаным!
Жүрегімде сен барда
Таусылмайды сапарым.
Түстік түзу, кең жолға,
Рахмет саған, Отаным!
Өзің үшін буғам бел,
Шарықтайды шат әнім.
Рахмет саған, туған ел,
Айналайын, Отаным!
Ыбырай ата өнегесі
Қала орталығындағы бақтың алдында еңселі ескерткіш бар. Біз атам екеуіміз мектепке барар жолда күн сайын сол ескерткіштің қасынан өтеміз.
«Бір Құдайға сыйынып, кел, балалар, оқылық!» – деп атам жанынан өткен сайын күбірлеп өтеді.
Бұл өлеңді мен жатқа білемін. Атам мен әжем кішкентай кезімде үйреткен.
«Ата, бұл атамыз ақын ба?» – деп сұраймын.
Ия, балам! Ақын, ғалым,азамат. Бір басында талай өнер бар. Данышпан адам. Ең бастысы менің де, сенің ата-анаңның да, сенің өзіңнің де ұстазың. Ол ұлы ұстаз – дейді атам.
Біз «Бір Құдайға сыйынып, жақсы киім киініп» – деп айтатынбыз. Сен оқитын мектепте тура кіреберісте «Кел, балалар, оқылық!» деген үлкен жазу тұр. Ол Ыбырай атаның сөзі. Тек оның алдында «Бір Құдайға сыйынып» деген жол болған. Сол жолды біреулер ұмытып кетсе керек. Сенің есіңде болсын!
Оқу-білім бұлағы, білім – өмір шырағы, оқысаң адам боласың, оқымасаң надан боласың, ботам! Қара, Ыбырай атаның жанында шәкірт отыр. Ол ұстаз арманын жүзеге асыратын ұрпақ, оның аманатын орындаушы – деп атам құлағыма құяды.
Атам айтқан сайын Ыбырай атаға деген құрметім арта түседі.
Комментарии


