Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Шығармашылық пен шабыт әлемі

Дата: 24.11.2026 Рубрика: Фантазёры
6
0
Шығармашылық пен шабыт әлемі
Театр – адамды ізгілікке тәрбиелейтін, рухани дүниесін байытып, қиялына қанат бітіретін өнер ордасы. Сахнада қойылған әрбір көрініс жас көрерменге ой салып, өмірлік құндылықтарды түсінуге жетелейді. Ал балалар үшін театр – өз қабілетін танытып, шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін ерекше әлем.
Бүгінде Қостанай қаласының білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының желілік кестесіне сәйкес «Балалар және театр» жобасы белсенді жүзеге асырылуда. Жоба оқушыларды өнерге баулып қана қоймай, олардың бойында адамгершілік қасиеттерді, жауапкершілікті, отансүйгіштікті және өзара сыйластықты қалыптастыруды көздейді.
Жобаның алғашқы нәтижелері де көңіл қуантады. Қазіргі таңда қала мектептерінің базасында 25 театр үйірмесі жұмыс істеп, онда 468 жас өнерпаз шығармашылықпен айналысуда. Бұл – балалардың театр өнеріне деген қызығушылығының артып, мектеп өмірінде шығармашылық бағыттың кеңейіп келе жатқанының айқын көрінісі.
Әр мектептегі театр студиясы – жас таланттардың қанатын қатайтып, өнерге деген сүйіспеншілігін оятатын шағын шығармашылық орта. Мұнда оқушылар ұстаздарымен бірлесе отырып, түрлі қойылымдар, шағын спектакльдер мен сахналық көріністер дайындайды. Олардың мазмұны достық, адалдық, үлкенді құрметтеу, отбасылық құндылықтар, туған жерге және Отанға деген сүйіспеншілік сияқты маңызды тақырыптарды қамтиды.
Театр үйірмелеріне қатысу балалардың жан-жақты дамуына үлкен ықпал етеді. Олар актерлік шеберліктің қыр-сырын меңгеріп, сахна мәдениетін үйренеді, дауыс ырғағын дұрыс қолдануға, мәнерлеп сөйлеуге және өз ойын еркін жеткізуге дағдыланады. Сонымен қатар көпшілік алдында қобалжымай сөйлеу, өзіне сенімді болу, серіктесін тыңдау және ортақ мақсатқа жұмыла білу қабілеттері қалыптасады.
Әсіресе, қойылым дайындау барысында балалардың бойында жауапкершілік пен ұйымшылдық қасиеттері дамиды. Әрбір қатысушы өз рөлін мұқият орындап, ортақ шығармашылық жұмыстың нәтижелі болуына үлес қосады. Бірі кейіпкердің мінезін ашуға тырысса, енді бірі сахналық безендіруге, музыка мен көркемдік шешімдерге атсалысады. Осылайша, театр балаларды тек өнерге емес, бір-бірін қолдауға, еңбекті бағалауға және командалық жұмысқа тәрбиелейді.
Жобаны жүзеге асыруда педагогтердің еңбегі ерекше. Ұстаздар оқушылардың шығармашылық ізденістеріне бағыт-­бағдар беріп, олардың қабілеттерін байқап, сахнаға бейімделуіне көмектесуде. Әрбір дайындық пен қойылымның артында үлкен ізденіс, табандылық және бірлескен еңбек жатыр.
Қазіргі уақытта қала мектептері өткізілген шығармашылық көрсетілімдердің фото және бейнематериалдарымен бөлісіп, жобаның жүзеге асу барысын көпшілікке таныстыруда. Бұл өз кезегінде мектептер арасындағы тәжірибе алмасуға, жас өнерпаздардың жетістіктерін насихаттауға және басқа оқушылардың да театр үйірмелеріне қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
«Балалар және театр» жобасының мәні – сахнаға актер дайындаумен ғана шектелмейді. Оның басты құндылығы – өнер арқылы тәрбиелі, мәдениетті, рухани бай, өз ойын еркін жеткізе алатын тұлға қалыптастыру. Өйткені театр баланы тыңдауға, түсінуге, сезінуге, жақсылық пен жамандықты ажыратуға үйретеді.
Қостанай мектептерінде қолға алынған бұл бастама жас ұрпақтың шығармашылық дамуына тың серпін беріп, білім мен тәрбиені өнермен ұштастырудың тиімді үлгісіне айналып келеді. Театр шымылдығы ашылған сайын балалардың жаңа қыры ашылады. Бүгінгі жас өнерпаздар – ертеңгі руханият жанашырлары. Ал сахнадан басталған шабыттың өмірге деген сенімділікке, ізгілікке және үлкен арманға ұласары сөзсіз!



 
 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!