Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар

Дата: 15.04.2025 Рубрика: Фантазёры
220
0
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар
Заречный ауылы, «Современник» мәдениет үйінде «Тобыл-Торғай – тұңғыштардың мекені» атты «Жас тұлпар» облыстық оқушылар айтысы өтті. Жас ақындар аламаны – Тобыл-Торғай топырағындағы ұлы дәстүрді жалғап, жаңа дарындарды таныстыратын үлкен дода.  
Бұл жыр бәйгесінде 12 жас талапкер айтыстың көрігін қыздырып, шабысты сөз сайысына түсті. Олар Қостанай, Меңдіқара, Бейімбет Майлин, Жангелдин, Алтынсарин, Сарыкөл аудандары мен Арқалық қаласынан келген үміткерлер. Айтыстың алғашқы кезеңінде алты жұп сынға түсіп, өнер жарыстырды. Ал ақтық сында үздік деп танылған үш жұп шешуші бәсекеде бақ сынады.  
Айтыс сахнасы – жас ақындардың қанат қаққан мектебі. Бұл пікірді сахна төрінде сөз сөйлеген Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Саят Жүсіпов те айрықша атап өтті.
«Жас тұлпар» айтысының шежіресіне көз жүгіртсек, бұл дода талай жас ақынның қанатын қатайтып, суырыпсалмалық өнерге баулып қана қоймай, елге танылуына жол ашқан. 1992 жылдан бері үздіксіз өтіп келе жатқан бұл жоба – шын мәнінде ақындық мектебі. Бүгінде осы мектептен түлеп ұшқан қаншама жүйрік үлкен сахналарда топ жарып, елдің ықыласына бөленіп жүр.  
Қазылар алқасын ақын, журналист, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Нұрқанат Құлабаев басқарды. Жыр додасына айтыскер ақындар Ғалымгерей Кенжеғозин мен Айбар Рағатов та төрелік етті. Айта кету керек, Айбар – осы «Жас тұлпар» айтысының түлегі. Айтыс аламанында бағын сынап жүрген жас ақынның өзі де осы додада талай рет өнер көрсеткен.
– Менің айтыстағы алғашқы қадамым осы жобамен тығыз байланысты. «Жас тұлпар» – талай таланттың жолын ашқан орта. Бүгін сахнаға шыққан балалардың бойынан да ізденіс пен талап байқалды. Өлеңге деген құрметі бар, сөзге ие болатын ұрпақ өсіп келеді. Осындай жоба арқылы әдебиет пен мәдениет жалғастығын сақтап қалуға болады, – деді Айбар Рағатов.
Айбардың туған інісі Нұрислам да айтыста жарқырап шығып келе жатқан жаңа таланттардың бірі. Айтыстың соңында жас жүйріктердің өнері бағаланып, жеңімпаздар марапатталды. Қазылар шешімімен Бас жүлдені  Жанкелдин ауданынан келген Таңжарық Ниязбек иеленді. 1-орын – Нұрболат Айболұлы (Арқалық қаласы), 2-орын – Айару Берік (Бейімбет Майлин ауданы) және 3-орын – Жанат Ақжол (Заречный ауылы) және Инабат Нағашыбай (Қостанай қаласы). Қ.Әбілов атындағы арнайы жүлде – Индира Көбей (Меңдіқара ауданы) алды. 
Сахнаға шыққан жас ақындардың арасында айтысқа алғаш қатысқандармен қатар тәжірибелі жүйріктер де болды. Айтыс қорытындысында жүлде алмаса да, ерекше ықыласқа бөленген оқушылар көп болды.

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!